Рысбек КӘРТЕМІШОВ: Мақсатым – ел алғысына бөлену

Табиғатты қорғау, тазалығын қадағалау – тек тәртіп сақшыларының ғана емес, әрбір қоғам мүшесінің міндеті. Табиғатты қорғауда жанын салып жұмыс істеп жүрген сақшыларымыздың бірі – Тараз қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі Табиғатты қорғау полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Рысбек КӘРТЕМІШОВПЕН сұхбаттасқан едік.

Рысбек Ермекұлы, оқырмандарымызға өзің туралы ақпарат берсең…
– Мен 1986 жылы Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келдім. №15 Жамбыл орта мектебін 2003 жылы бітірдім. Ал 2003-2007 жылдары Тараз қаласындағы Әулиеата университетінде Құқықтану және экономика факультетін тәмамдадым. Одан соң әскери борышымды өтедім.
Ішкі істер органдарына қашан келдің?
– Бұл салаға ең алғаш 2009 жылы келіп, 2012 жылға дейін Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімшесінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциясының инспекторы болып еңбек еттім. 2012-2013 жылдары Жамбыл аудандық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары, 2013-2016 жылдар аралығында Тараз қалалық ІІБ Әкімшілік полиция бөліміне қарасты Учаскелік полиция инспекторлары бөлімшесінің аға инспекторы, 2016-2018 жылдары Тараз қаласы Ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы болып қызмет атқардым.
Енді осы қызметіңдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында айта отырсаң…
– Табиғатты қорғау полициясы тобы Тараз қаласының аумағы бойынша жұмыс істейді. Штатымызда 5 қызметкер бар. Биылғы 11 ай ішінде 300-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 6 қылмыстық теріс қылық бар. Біздің мақсатымыз – қоғам тыныштығын, табиғат тазалығын қадағалау.
Сақшылар сапында жүргеніңе 9 жылға жуықтапты. Біраз тәжірибе жинадың. Осы сала бойынша кімдерді үлгі тұтасың?
– Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Серік Тұрсынәлиұлы Жүнісбековті үлгі тұтамын. Сол кісілердей халық алғысына ие болып, абыройға бөленсек деп ойлаймын. Мен үшін ең бірінші мақсат – атақ емес, халықтың ризашылығын алу. Полиция имиджін арттыру мақсатында талмай жұмыс істей беру, қылмыстың алдын алу, қылмыс деңгейін төмендету – біздің басты борышымыз.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында полицияға қатысты айтылған жайттарға көзқарасың қандай?
– Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына біраз өзгерістер керектігін ескерткен. Яғни, «Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын. Жаңғырту бойынша ішкі істер органдарының жұмысына қатысты «Жол картасын» қабылдау қажет. Бұған 2019 жылы старт берген жөн», – деді.
Жолдауда айтылған реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатынынан хабардармыз. Президенттің «Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн», – деген сөзі жұмысқа деген құлшынысымызды арттырумен қатар, жауапкершілігімізді де терең сезіндіре түскенін айтқым келеді.
«Генерал болғысы келмейтін солдат жоқ» деген сөз бар ғой. Кез келген адам жұмысында өскісі, ілгерілегісі келеді емес пе? Бұл шынында да сақшылардың жанына қуаныш сыйлаған Жолдау болды. Президент айтқан сондай тың реформа – полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілету, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту туралы болды.
Уақыт бөліп сұхбат бергеніңе рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*