Ұлт тыныштығын күзеткен ұжым

Еліміздегі ең үлкен мегаполис – Алматының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін, яғни қаланың тыныштығын күзететін полктің құрылғанына 20 жыл толды. 1998 жылғы 4 желтоқсанда Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес құрылған 5571 әскери бөлім осыған дейін бұл міндеттерді атқарып келген 5449 әскери бөлімінің (қазіргі өңірлік қолбасшылықтың басқармасы) заңды мұрагері деуге болады.
Бөлімнің бірінші командирі болып қазіргі Ұлттық ұланның ардагері, полковник Әбдісадық Ережепов тағайындалып, артынша бөлімге полковник Александр Зелинский басшылық етті. Генерал-майор Ұларбек Әбікеев, генерал-майор Талапкер Әмриев те осы бөлімде әр жылдары командир болып, қызмет баспалдағынан өткен. Бұдан кейін подполковник Сергей Агошков, подполковник Сергей Козляк, полковник Павел Ситников, полковник Сағитжан Тазабеков, полковник Сәкентай Шекарбеков, полковник Нұрлан Мұхамедов, полковник Бағдәулет Оспанбеков, майор Марлен Оспанқұлов қолбасшылық етті. Қазіргі уақытта бөлімді подполковник Баянғали Есжанов басқарып отыр.
Бөлімнің мерейтойы қарсаңында командирді әңгімеге тарттық.

Баянғали Абдуғаниұлы, әңгімемізді бөлімнің атқарып отырған негізгі міндеттерінен бастасақ?
– Әскери бөлім жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Алматы қаласында патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Қалада өткізілетін бұқаралық қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Апаттар мен зілзалалардың салдарын жою кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бөлімнің жеке құрамы осындай міндеттерді Алматы қаласында да, қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының басқа елді мекендерінде де орындайды.
Сіз басқарып отырған әскери бөлім 20 жыл ішінде азды-көпті жауынгерлік жолды жүріп өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы ішінде құрылып, өзінің қалыптасу жолында бірқатар қиындықтарға мойымай, еңсеріп өткен полктің тарихына тоқталсаңыз.
– Жеке құрам өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындап келеді. Осы кезеңде патрульдік-бекеттік қызметтің төрт мыңнан астам міндеті атқарылып, мыңнан астам қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шара қамтамасыз етілді. Үш жүз мыңға жуық қоғамдық тәртіп бұзушы, олардың ішінде алты мыңнан астамы қылмыс жасау белгілері бойынша ұсталды. 150-ге жуық оқ ататын және суық қару алынды. Соның ішінде маңыздыларына тоқтала кетейін.
1999 жылы бөлімнің әскери қызметшілері АҚШ, ҚХР, Израиль, Түркия және Грекия елшіліктерін күзетті. 1999 және 2004 жылдар аралығында әйгілі «Азия дауысы» халықаралық байқауы кезінде бөлімнің жеке құрамы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты.
Ауыр қылмыстардың жиі қайталануына байланысты бөлімнің жеке құрамы 2000 жылдың мамыр айында Алматы қаласы «Думан» шағын ауданының аумағында арнайы жауынгерлік операцияға қатысты.
2001 жылдың қыркүйек айында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкімет басшыларының бірінші кездесуін өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті күзету бойынша міндеттерін сапалы және толық көлемде орындады.
2002 жылдың ақпан-наурыз айларында бөлімнің әскери қызметшілері ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми Саммитін және екінші Еуразиялық экономикалық Саммитін өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысты.
2003 жылғы ақпанда бөлімнің жеке құрамы Алматы қаласында «Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясын» өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын ойдағыдай қамтамасыз етті.
2008 жылғы 2 сәуірде Бейжің олимпиадасы алауы эстафетасын өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ойдағыдай қамтамасыз етілді.
2009 жылы жеке құрам VIII Еуразиялық Медиафорумды, Орта Азия мемлекет басшыларының Аралды құтқару бойынша Саммитін, Қазақстан және Англия құрама командаларының арасында футболдан Әлем чемпионатының іріктеу матчын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Жеке құрам 2011 жылы ақпан айында Алматы қаласында VII қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай үлес қосты. Жауынгерлік қызметтік міндеттерін орындау кезінде көрсеткен ынтасы үшін Алматы құрамасы командирінің құқығымен бөлімнің барлық жеке құрамы «VII қысқы Азия ойындарында қоғамдық тәртіпті күзетуде үздік шыққаны үшін» кеуде белгісімен наградталды.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында құқықтық режимді сақтау бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді 1 және 3 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы, 2012 жылғы тамыз-қараша айларында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде іздестіру іс-шараларын 2 және 3 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы сапалы орындады.
2012 жылғы қазанда 1 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы Алматы облысының «Іле» полигонында «Мызғымас бауырластық-2012» ҰҚКҰ мемлекеттерінің халықаралық бітімгерлік оқу-жаттығуына қатысып, оқу-жаттығу басшылығынан жоғары баға алды.
Бұдан бөлек, әскери бөлімнің жеке құрамы бірлескен «Гонг», «Антитеррор», «Атом – Антитеррор» және «Қыс», «Тасқын» оқу-жаттығуларына, сондай-ақ, ішкі істер органдарымен бірге «Құқықтық тәртіп», «Қоныстанушы», «Қару» жедел алдын алу іс-шараларына белсенді қатысып тұрады.
2013 жылы 1 жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамы «Матыбұлақ» полигонында Қорғаныс министрлігі бөлімдерімен бірге «Шоқпар-2013» жедел тактикалық-командалық штабтық оқу-жаттығуларына қатысып, оның қорытындысы бойынша бөлімнің әскери қызметшілеріне үздік баға берілді.
2014 жылдың ақпан айында 2 және 3 жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамы Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызылту кентінің жанында Көкшетау-Алматы рейсінің ұшағы құлаған кезде, сондай-ақ, «Барахолка» әмбебеп базарында өртті сөндіру кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша міндеттерді сапалы қамтамасыз етті.
Бөлімнің жеке құрамы 2014 жылы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің инспекциясына инспекторлық тексеруді тапсыру кезінде үздік нәтиже көрсетті. Қорытынды шығару кезінде комиссия төрағасы бөлімнің жеке құрамына Қауіпсіздік кеңесі комиссиясының жұмысы кезіндегі жинақылығы мен әскери тәртіпті сақтауына жоғары баға берді.
2013 жылғы 31 тамызда бөлімнің жеке құрамы «Прайм-Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында қоғамдық тәртіпті топпен бұзушылықтың жолын кесуге қатысты. Бөлім жеке құрамының батыл іс-қимылының нәтижесінде ғимараттарды, құрылыстарды талқандау және тонау фактілеріне, мемлекеттік мүліктерді тонауға және меншікке қастандық жасауға, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзуға жол берілмеді.
2017 жылғы 29 қаңтар және 8 ақпан аралығында Алматы қаласында 28-ші қысқы универсиада өтті. Әскери бөлімнің жеке құрамы Универсиаданы өткізу уақытында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша жүктелген міндеттерді адал және сапалы орындады. Ішкі істер министрі және Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы бөлім әскери қызметшілерінің іс-қимылына жоғары баға берді. Батыл және қайсар іс-қимыл жасағаны үшін 80-нен астам әскери қызметші Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан және шамамен 40 әскери қызметші «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрығымен марапатталды.
2018 жылғы 20-23 мамырда 5571 әскери бөлімнің жеке құрамы заңсыз қаруланған құрылымдармен күресу бойынша арнайы операциялардың мәселелерін өтеу үшін, ҰҚКҚ Жедел әрекет етудің ұжымдық күші (ЖӘЕҰК) басқару органдарымен және арнайы мақсаттағы күштік құралымдармен бірге, Ұлттық ұланның жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығының базасында (Алматы облысы, Заречный кенті) өткізілген «Кобальт-2018» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларына қатысты.
Әскери бөлімнің өзіне жүктелген міндеттерді толыққанды атқаруы оның материалдық-техникалық жабдықталуына байланысты екені де рас. Сіздердегі жағдай қалай?
– Әрине әскери бөлім өте ауқымды міндеттерді атқарып отыр. Оны толыққанды өз дәрежесінде орындай алу үшін бөлімнің материалдық жағынан, техникамен қамтамасыз етілуі – басты талаптардың бірі. Бөлім техникамен толық қамтамасыз етілген. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын жаңа автобустар берілді. Бөлімде жабдықталуға қатысты аса күрделі мәселелер жоқ.
Әскери бөлімнің әскери оркестрі бар екенін білеміз. Сол жайлы айтып өтсеңіз?
– Бөлімнің әскери оркестрі 1962 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімнің базасында құрылған. Біздің бөлімге 2009 жылы берілді. Ұлттық ұлан қызметін насихаттау мен әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне үлес қосуда оркестр ұжымының еңбегі зор. Биылғы күзде біздің әскери бөлімнің сарбаздары және әскери оркестрдің күшімен «Ұлттық ұлан – патриотизм мен ерлік мектебі!» акциясы аясында «Мен қазақпын» әніне бейнеролик түсірілді. Бейнероликті түсіруге әйгілі «Алтыншы бекет» фильмінің продюсері Данияр Ибрагимов қуана келісіп, «Аю синема» компаниясының мамандары жүзеге асырды. Бейнероликтің мақсаты Отан қорғаушылардың рухын асқақтату болатын.
Жыл сайын өтетін «Әскери керней» байқауында жүлделі орындарды алып келеміз. Биыл Ресей елінде өткен «Фанфары Казани» фестиваліне қатысты.
Әскери оркестр өзімізден бөлек, қалалық, республикалық және халықаралық іс-шараларға да шақырылады. Мысалы, биыл мамыр айында өткен ҰҚКҚ Жедел әрекет етудің ұжымдық күші басқару органдарымен және арнайы мақсаттағы күштік құралымдармен бірге өткізілген «Кобальт-2018» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларының қатысушыларына концерттік бағдарлама ұсынды. Күні кеше ғана 30 елдің спортшысы қатысып жатқан шорт-трек бойынша өткен халықаралық жарыстың ашылуына қатысып келді.
Оркестрге ұзақ жылдар бойы майор Елена Евстратенко жетекшілік етті. Елена Ивановнаның есімі жалғыз әскери әйел дирижер ретінде Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына да жазылған. Қазір Елена Евстратенко құрметті демалыста, бірақ шығармашылық жұмысын тоқтатқан емес, өзінің жеке музыкалық тобы бар.
Әскери бөлімнің тарихында елеулі ерлік оқиғалары бар ма? Болса, айтып өтсеңіз?
– 2006 жылы сол кездегі әскери бөлімнің командирі подполковник Павел Ситников (қазіргі уақытта полковник) және жауынгерлік дайындық бөлімшесінің бастығы майор (қазіргі уақытта полковник) Евгений Логин граната лақтыру бойынша оқу-жаттығу кезінде полигонда болған оқыс жағдайда қатардағы Асан Сағындықовты аман алып қалу үшін өз өмірлерін қатерге тікті. Жауынгердің лақтырған гранатасы сырғып, қайта окопқа түскенін көрген офицерлер 3-4 секунд ішінде қатардағы А. Сағындықовты мейлінше гранатадан алыстау итеріп жіберіп, жауынгердің үстіне өздері құлай кетеді. Әрине, граната жарылған кезде, олар түрлі жарақат алды. 2007 жылы желтоқсан айында Елбасының Жарлығымен Павел Ситников және Евгений Логин «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл офицерлер нағыз офицерге лайық қаһармандық іс жасады. Қазір олар жоғары лауазымдарда қызметтерін жалғастырып жатыр.
2015 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының колледж студенті Айзада Авлатарова түсініксіз жағдайда жоғалып кетеді. Оны бейтаныс адам қорқытып, белгісіз жерде ұстап отыр деген болжам айтылған. Жоғалған бойжеткенді іздеуге ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге 5571 әскери бөлімнің әскери қызметшілері де жұмылдырылды. Қапшағай қаласының маңындағы саяжай аумағында қыз баланы жетектеп бара жатқан ер адамның жүрісіне күдіктенген біздің әскери жасақ қырағылық көрсетіп, жігерлі қимылы нәтижесінде бойжеткенді бұрын ауыр қылмысы бойынша сотталып шыққан, ниеті бұзық қылмыскердің қолынан аман алып қалды.
Айзада Авлатарованы құтқарып қалған лейтенант Рустам Сердалинов, кіші сержант Арман Әлімбетовтердің жетекшілігімен қызметте болған қатардағы жауынгерлер де жоғары қолбасшылық тарапынан қырағылық пен ерлік көрсеткендері үшін марапаттаулар алды. Рустам Сердалинов бүгіндері Алматы гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жоғары лауазымда қызмет атқарып жүр. Жақын күндері кезекті «капитан» әскери шенін алады.
Жақында әскери бөлімнің 20 жылдық мерейтойын атап өттіңіздер. Мереке қонақтары кімдер болды?
– 4 желтоқсан күні әскери бөлімнің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Мерекеге әскери бөлімнің алғашқы командирлері, полковник Әбдісадық Ережепов, полковник Александр Зелинский бастаған бірқатар ардагерлер келіп, естеліктерімен бөлісті. Алматы қаласының өзара ынтымақтастықта бірлесіп қызмет атқарып жүрген ішкі істер органдарынан, әкімдіктерден, жоғары оқу орындарынан және басқа да мекемелерден қызметкерлер келіп қатысты. «5571 әскери бөлімге – 20 жыл» деп аталатын кеуде белгісімен жеке құрамды марапаттадық.
Бұл атаулы күн болғанымен, жеке құрам әрқашан қызметте екендіктерін жақсы түсінеді. Бізге белбеуді бос тастауға болмайды. Алда мемлекеттік мерекелер келе жатыр, яғни қызметтің күшейтілген түріне ауысамыз. Полктің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін әрқашан адал әрі қырағы атқарады.
Сұхбатыңызға рақмет! Қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*