Ардагерлер ақылы – жастарға өнеге

Ардагер – құрметті, ардақты, қадірлі адам. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық жоғары бағалайды. Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады. Осындай атқа лайық азаматтардың бірі – Түлкібас ауданы ПБ жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сауранбек Таңатбаев.
Сауранбек Жаңқошұлы 1953 жылы Түлкібас ауданында туған. ІІМ құрметті ардагері. Түлкібас ауданының құрметті азаматы. Аудандағы барлық іс-шараның басы-қасында жүрген белсенді азамат. «Астананың 20 жылдығы» төсбелгісін аудан бойынша 4 қана адам алса, соның бірі Сауранбек Таңатбаев. Бұл да ауданға сіңген еңбегінің арқасы.
Сауранбек аға ІІО-да отыз жылға жуық қызмет атқарған. Отставкадағы подполковник. Көп жылдар жол полициясында бөлім бастығы болған. Қарапайым жедел уәкілден бастап, тергеуші болған, кейін көп жылдар басшылық қызмет атқарған. 2000 жылы зейнеткерлікке шығып, содан бері Түлкібас аудандық Полиция бөлімінің жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Зейнетке шықса да, жастарға берер тағлымы көп Сауранбек аға Түлкібас аудандық әкімдігінде Заң бөлімінің бастығы болады. Рысқұлов ауылдық округінің әкімі болып 6 жыл қызмет атқарады. Кейін Майлыкент ауылдық округінде 5 жыл әкім болады.
«Ыстық менің өсіп-өнген өз ұям» деп өлең жолдарын шығарған «сегіз қырлы, бір сырлы» ағамыздың біз білмейтін ақындық өнері де бар екен. Ол ауданда өтетін көкпар ойындарында комментатор ретінде де танымал. Аудандағы бастамалардың басы-қасында жүрген Сауранбек ағамыз «Түлкібас ауданының 90 жылдығы» атты кітаптың құрастырушысы. Сондай-ақ, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған «Шатқал» бағдарламасына сәйкес, Түлкібас ауданының зейнеткерлері де өз үлесін қосты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген аталы сөзді ұстанған қарттар аудан орталығындағы «Ардагерлер саябағына» көшет отырғызды. Қолындағы таяғын күрекке алмастырған бұл ардагерлердің мақсаты – біреу. Ол аудан орталығындағы Ардагерлер саябағын саялы мекенге айналдыру. Болашақ үшін маңызы орасан шарада 400 түптей көшет отырғызылды. Талдардың басым бөлігі – ұзақ жылдық сәндік ағаштар. «Ардагерлеріміздің ісі жастарға өнеге болсын деп тірлігімізді үлгі ретінде жасап жатырмыз. 80-нен асқан ардагеріміз келіп, көшет екті. Түлкібасты түлетуге бел буған аға буын мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Қариялар қолымен көшет қадалған бұл саябақ бүгінде ардагерлер жиі бас қосатын құтты мекенге айналды. Кезінде ауданда полиция бекеттері аз еді. Рысқұлов ауылдық округінде әкім болып тұрғанда 2 бөлмелі үйді жөндеуден өткізіп, учаскелік тірек пункті етіп ашып бердім», – дейді құрметті ардагер.
Сауранбек Таңатбаев бос уақытында спортпен айналысады. Генерал Қ. Халменовті еске алу арналған шағын футболдан турнир өткен болатын. Сол кезде өзі бастаған ардагерлерден құралған топ І орынды иеленді.
Жұбайы Үрзада апай қырық жыл ұстаздық еткен педагог. Екеуі 5 ұл-қыз, 8 немере тәрбиелеп отырған жайы бар. Үлкен ұлы Жәнібек өзінің жолын қуып, құқық қорғау органдарында қызмет атқарады. Полиция майоры.
Түркістан облысы, Түлкібас аудандық Полиция бөлімі жанындағы Ардагерлер кеңесі белсенді жұмыс атқарып келе жатыр. Аталған ұйым Елбасы Жолдауларында айтылған тәртіп сақшылары қызметіне байланысты міндеттерді шешу жолындағы ортақ іске жан-жақты көмек көрсетіп, ардагерлердің тәжірибесін жас тәртіп сақшыларымен бөлісуге әрдайым әзір. Осы мақсатта аталған ұйымның төрағасы Сауранбек Таңатбаев Түлкібас ауданында әрдайым тәртіп сақшыларымен кездесу жиындарын өткізіп тұрады.
Одан әрі кейіпкеріміз ардагерлер кеңесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, облыс бойынша ішкі істер органдары қызметкерлерінің құрылымдық қатарын нығайту, полиция беделі мен қызметін жаңғырту, тәртіп сақшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағыттарында жасалып жатқан ұсыныстар мен жүзеге асқан игіліктер жайында кеңірек баяндады. Полиция қызметкерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау арқылы беделі мен мәртебесін көтеру, патриоттық рух тәрбиесі жөнінде келелі ой-пікірлер өрбітті. ІІО зейнеткерлерінің ішінде органда ширек ғасыр қызмет істеп, жастарды тәрбиелеу ісімен айналысып жүргендерге шен беру жөніндегі ұсыныстармен қатар, оларға моральдық, материалдық көмектер беру бағытында жалғасын тауып жатқан жұмыстар да елеулі екен. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ұйымның жұмыстары жайлы айтып, аудандық Полиция бөлімі қызметкерлерінің жұмысына разылықтарын білдіре отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көше тәртібін нығайту жөніндегі ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесі жастарға үлгі болары сөзсіз.
«Біздің негізгі мақсатымыз – өмірлік тәжірибе, кәсіби мамандардың мықтылығы, соның барлығын біздің жас қызметкерлерімізге үйретіп кету», – дейді құрметті ардагер.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*