Тыңдаушылар турнирі

ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығында Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында бастапқы даярлық курсына келген тыңдаушылар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – ұлттық спорт ойындарын жандандыру, денсаулықты нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру және болашақ ішкі істер органдары қызметкерлерін дене жаттығуларымен айналысуға насихаттау.
Жарыстың ашылу салтанатында Мемлекеттік әнұран шырқалып, Оқу орталығының әскери пәндер және дене шынықтыру циклының бастығы, полиция полковнигі Т. Балғабаев жарыс шарттарын хабарлады. Қатысатын тыңдаушыларға жарыста жоғары белестерді бағындыруға тілек білдірді.
Сайыстар топтар арасында өтті. Осы топтардан іріктеліп шыққан мықты командалар жартылай финалда және финалдық кездесулерде жүлделі орындарға таласты. Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген тыңдаушылар намысты қолдан бермеуге тырысты. Осылайша 2400 миль жүгіруде 8-топ, арқан тартуда 6-топ, волейбол ойынында 7-топ тыңдаушыларына тең келер ешкім болған жоқ. Жарысқа қатысушылар өте жақсы дене дайындығын, жоғары командалық рух пен жеңіске деген жігерлерін паш етті. Жарыстың қорытындысы бойынша Оқу орталығының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция подполковнигі Т. Меңдібаев жеңімпаздарды құттықтап, грамоталармен марапаттады. Сонымен бірге, жеке номинациялар бойынша да жүлделер өз иелерін тапты.

Ж. КӨБЕЕВ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*