Тәрбие басы – отбасы

Халқымыз бала тәрбиесіне аса зор мән берiп, оның болашақта жақсы адам болғанын қалаған. «Отбасы – шағын мемлекет» демекші, баланың ой-өрісінің дамуы мен сана-сезімінің толысып, жақсы азамат болуында ата-анасының берген тәрбиесі маңызды болмақ. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл парасаты, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Әлем мойындаған ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген.
Осы мақсатта 14 желтоқсанда Облыстық білім басқармасына қарасты «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығында» облыстық «Тәрбие басы – отбасы» атты ата-аналар форумы өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысы Рахия Тұрмаханбетова, Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов, ПД Жергілікті полиция қызметінің Ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Қуаныш Қалжанов, Жамбыл облысы ата-аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырзағали іс-шараның өтуіне белсенді атсалысты.
Форум барысында Жамбыл облысы бойынша жиналған ата-аналар мен қонақтарды Жамбыл облысы ПД ЕБҚКБ бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, нашақорлықтың алдын алу мақсатында, қазіргі таңда есірткі заттары қалай таратылатыны, жасөспірімдер арасында есірткіні қолдану проблемалары, ата-аналарға есірткі жайлы нені білу керек, баламен нашақорлық жөнінде қарым-қатынасты қалай ұйымдастыру, психоактивті заттарды пайдалану фактісі расталған жағдайда өзін қалай ұстау және есірткіні қолданған жағдайда неге әкеп соғатыны жайлы қажеттi мәліметтер берді. Сондай-ақ, арнайы бейнероликтер көрсетті.
Іс-шара барысында аудандық және қалалық білім бөлімдері «Үздік ата-аналар комитеттері» туралы көрнекі бейнебаяндар ұсынып, слайд арқылы атқарылған жұмыстарын таныстырды. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова және Жамбыл облысы ата-аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырзағали аудандар мен Тараз қаласынан қатысқан «Үздік ата-аналар комитеттерін» Құрмет грамотасы және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Оның ішінде Тараз қаласы Төлеби атындағы №8 гимназиясының, Сарысу ауданы Ақтоғай орта мектебінің, Жуалы ауданы №15 мектеп-лицейінің, Талас ауданы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияның, Шу ауданы Жамбыл атындағы орта мектебінің, Шу ауданы Жамбыл атындағы орта мектебінің, Байзақ ауданы Үлгілі орта мектебінің ата-аналар комитеттері болды.
Форум соңында қатысушы 300-ге жуық ата-ана мен қамқоршылық кеңестерінің өкілдеріне және қатысушы қонақтарға «Ана-әке» әнін мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың қыздар вокалдық тобы тарту етті. Ұйымдастырушылар қатысушыларға уақыттарын бөліп келгендеріне көп алғысын айта отырып, бәріне отбасы игілігін тіледі. Келген қонақтар мазмұнды өткен іс-шарадан көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*