Үзілмеген үміттер

Жуырда Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/9 (қауіпсіздігі барынша жоғары) мекемесінде жазасын өтейтін сотталғандардың салған суреттері мен қолданбалы өнер бұйымдарының «Үміт-2018» байқау-конкурсы өтті.
Іс-шараға қазылар алқасы ретінде Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері, ҚАЖ ардагерлері мен мекемеге қарасты кешкі мектеп мұғалімдері шақыртылды.
Байқау барысында конкурсқа келіп түскен қолөнер бұйымдары мен суреттер авторларға қайтарылмайтыны, яғни балалар бақшаларына, сәбилер, мүгедектер мен қарттар үйіне қайырымдылық ретінде тапсырылатыны, ал жүлделі орынға ие болған суреттер мен бұйымдардың авторларына ақшалай сыйақы берілетіні түсіндірілді.
Қазылар алқасының мүшелері әрбір сотталғанның қолөнер бұйымдары мен суреттерін жіті қарап, «Үміт-2018» байқау-конкурсына сотталғандардың жоғары деңгейде дайындалғанын айтып, бағаларын берді.
Әсіресе, сотталғандардың «Кеме», «Үйшік», «Домбыра» атты қолөнер бұйымдары мен «Сарқырама», «Алатаудың баурайы» және «Табиғатты аяла» атты суреттері жоғары бағаланды.
Жүлделi орындарға ие болған суреттер мен қолөнер бұйымдардың авторлары мекеме әкімшілігі тарапынан марапатталып, «Үміт-2018» байқау-конкурсының соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

С. СОПИЕВ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*