Қанды қараша қаһармандары

Жаксыбек Байсеитов2011 жылдың 12 қарашасы. Тараз сол күні түнеріп тұрды. Тыныштық пен тұрақтылықтың туын жығуға тырысатындарды Табиғат-Ананың өзі де сезгендей ме, қалай?.. Күн көзі бірде ашылып, бірде сұрланып, мазасыз күйге бөленгендей еді.«Жұртым» деп соққан жүрегі                                                                                                                                                                                   Міне, дәл осы күні қаныпезер Қариевтің дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, жарылыс жасағаны жадымыздан шыға қойған жоқ. Шықпайды да. Жанкешті жеті бірдей жанның қанын мойнына жүктеді. Осынша отбасының шаңырағын шайқалтып, уығын уатты. Жалғыз ол емес, қараша халықтың қанын қайнатты. Ажал құшқандардың қатарында жекелеген азаматтармен қатар, қос бірдей ұлттық қауіпсіздік комитетінің, үш ішкі істер органдарының қызметкерлерінің болуы жанға батады. Шындығы сол – олар өзгелердің өмірін сақтау қалу үшін өлімге бас тікті. «Тәуекел – ердің ісі». Тарландар тартынған жоқ. Артында сүйікті Отаны, оның бейбітсүйгіш халқы сенім артып отырғанын жете сезінген жігіттер аянбай, арамзамен аяусыз айқасқа шықты. Солардың қатарында облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері, полиция сержанттары Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтің да болғандығын біреу білсе, біреу білмес. Қос полицей де өз істерін жетік меңгерген, қызметіне адал маман болды. Оларды бүгінде әріптестері сағынышпен еске алады.
«Басқармаға 2007 жылы қызметке келдім. Полат екеуміз сол кезден бастап араласып, жақын дос болып кеттік, – деп ой өрбітеді басқарманың жедел ден қою тобының полицейі Қанат Мырзалиев. – Спортпен шұғылданатын. Әсіресе, күрес, футбол, воллейбол десе ішкен асын жерге қоятын. Мұнысы жәй ғана әуестік емес, жеткен Полат Аянкуловжетістіктері де жетерлік. Отбасында жақсы әке, ұжымда сыйлы әріптес болды. Ол үйдің шаруасын да шыр айналдыратын. Осындай ұқыптылығының арқасында өзі баспана тұрғызды. Тағы бір ерекше қасиеті – зеректігі. Өзі темір жолдың арғы бетінде тұратын. №3 полиция бөліміне қарасты аумақтарда, мысалы Қант кенті, Қарасай ауылы сияқты мекендердегі кез келген көшені, бұрылыс- қиылысты, тіпті үйлерге шейін жатқа айтып беретін. Кейде дабыл түскенде мекенжайды дәл әрі жедел анықтауға тура келеді. Сондай сәттерде түн жарымына қарамастан Полатқа қоңырау шалушы едік». Қанаттың Жақсыбек Байсейітов туралы да айтары аз емес. «Қызмет бабында Жақсыбекпен өткізген қызықты күндеріміз көп. Өзі біздің салаға кештеу келсе де ортаға тез сіңісіп кетті. Баяғының батырлары сияқты денелі болатын. Балуандығы да бар. Қазақ күресінің, қоян-қолтық ұрыстың хас шебері еді. Ол бізде автокөлік жүргізушісі міндетін атқаратын. Кейде дәмхана-мейрамханаларда төбелес болып жатқандығы туралы дабыл түскенде Жақсыбекпен жолға шығамыз. Бұзақылардың бәрін бірден бұғалықтау оңай емес. Сондай сәттерде біз екі бірдей жігітті оның қолына ұстата салып, дереу келесілеріне жүгіріп кететінбіз. Полат екеуміз тағы екеуін желкелеп алып келгенімізде Жақсыбек әлгілерді тырп еткізбей ұстап тұратын», – дейді ол. Полиция аға сержанты Қанат Мырзалиевтың екі досы туралы естелігі көп. Олардың адамгершілік асыл қасиеті, жұмысқа деген жауапкершілігі, шаңырақтарындағы шуақты шақтары, тіпті өмірлерінің соңғы сәттері де көз алдында. Тура сол күнгі кезекшілікке де үшеуі бірге түскен еді. Бүлікке толы бір күннің бүлкілі кино таспасындай түзіледі де тұрады. Таңғы сағат 07.54-те кезекшілікке түсетін қызметкерлер бекітілген табельдік қаруларын алған. Таңғы саптан кейін облыстық мамандандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақыт Ратаевтың бұйрығымен қаладағы қоғамдық тәртіпті қорғауға аттанады. Құрамында үшеуі болған «Бүркіт-3» экипажына сағат 11.20-да «У дядя Витя» дүкенінің маңынан мемлекеттік нөмірі Н 373 MDM, «ВАЗ-21099» маркілі автокөліктің ұрланғаны туралы дабыл түседі. Оқиға орнына дереу жеткен экипаж мүшелері жәбірленушіні алып, аумақты шолуға кірісіп кетеді. Жәбірленушінің айтуына қарағанда, ұлты азиат, қолында екі автомат пен гранатометі бар. Қаруымен дүкенге оқ атып, көлігін айдап кеткен. Сол бойда жігіттер жылдамдықты арттырып, дабыл қондырғысын іске қосып, Гресовская көшесінің бойымен құйғытып келе жатады. Мақсат – қайткен күнде де қылмыскерді құрықтап, қолға түсіру. Осы сәтте темір жолдың қиылысының арғы бетінен бағдарда көрсетілгендей ақ түсті көлік жүйткіп шығады да, төменгі көшемен бұрыла берген бұларға ЧЗ карабинінен оқ жаудырады. Көліктің рөліндегі Жақсыбек пен сол жақтағы артқы орындықта отырған автоматшы Полат бірден жарақат алады. Қылмыскердің тосыннан атып шығып, шабуыл жасауы полицейлердің атыспен жауап қатуына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне жәбірленуші «дәл осы автокөлік» деп бірден тап басып Изображение 111айта алмаған. Төпелеген оқтан қатты жараланған қос азамат көліктен шыға да алмады. Ал, Қанат Мырзалив болса, көліктің артқы орындығында отырған жәбірленушіні бронижелетімен бүркемелеп, қылмыскердің оғынан қорғау мақсатында қауіпсіз жерге жеткізуге тырысады. Осы сәтте лаңкес оқты қарша боратып, бұлар да сол жерде құлайды. Орындарынан әупірімдеп қозғалып, сол маңнан байланыс іздеуге көшеді. Жедел басқару орталығына хабар беріліп, басшылар мен жеке құрам оқиға орнына жетеді. Бұл кезде қиындықта да, қызықшылықта да бірге жүрген қос әріптес сол орында көз жұмған еді. «Ол күнгі жағдайды сөзбен айтып жеткізу қиын. Бейбіт күнде елдің берекесін қашырған қылмыскермен бетпе-бет келдік. Дәл түбімізден тұрып оқ атты. Қапияда қорғанудың өзі оңай болған жоқ. Көлік есігі де құлыптанып қалған. Соған қарамастан өзгелердің өмірін сақтап қалуға белді бекем будық» дейді Қ. Мырзалиев ойлы жанарын әлдебір нүктеге қадап.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» дейді дана халқымыз. Отанына адал қызмет етуге ант еткен қос азаматтың бұған дейін де талай ауыр қылмысты ашуға атсалысқанын әріптестері жиі айтып отырады. Осы орайда басқарманың жедел ден қою тобының полицейі Қадірхан Дәулетбаевты әңгімеге тартқан едік. «Полат Аянқұловтың №3 полиция бөлімінің аумағындағы қылмыстың ашылуына қосқан үлесі зор. Ол әрбір нысан туралы мәліметтерді есте сақтай білетін. Оқиға орын алған жерді жедел бағдарлап, шұғыл әрекетке көшетін. Әріптестеріне де көмегі көп болатын. Ал, Жақсыбек екеуміз құрдас болғандықтан, етене араласып кеттік. Салмағы 90 келіден жоғары болатын. Онымен кезекшілікке түскенде де сенімді жүретін едік. Өте ақжарқын, ақкөңіл жігіт еді. Адамдармен тез тіл табысып, әрбір той-томалақты әзіл-қалжыңмен қыздырып отыратын. Біржолы қалалық №1 полиция бөлімшесі аумағында «қарақшылық шабуыл жасалды» деген дабыл түсті. Бұл бөлімшенің қызметкерлерімен бірігіп, жедел іздестіру шараларын жүргізіп, екі азаматты құрықтадық. Осы қылмысты ашу кезінде де Жақсыбек кәсіби біліктілікпен, қырағылықпен, нағыз жауынгерге тән өршілдікпен көзге түсті Сөйтіп мен «Үздік полицей» белгісімен марапатталдым. Ал, Жақсыбек досыма Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағанбетов салтанатты түрде алтын сағат тақты. Қылмысты ашқанымыз үшін ақшалай сыйлыққа да ие болдық» дейді Қ.Даулетбаев.

Шаңырақ шуағы
Полицияның аға сержанты Полат Аянқұлов Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында дүниеге келді. Сонда мектеп табалдырығын аттап, 9-сыныптан кейін экономикалық колледжіне оқуға түсіп, қаржыгер мамандығын алып шықты. Әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, жас шаңырақтың іргесін қалады. Ағайын-туыстарымен, ата-анасымен бірге атамекенге қоныс аударған ол әке жолын қуып, ішкі істер саласына, облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасына қызметке орналасты. Полаттың әкесі Күйшібай Манашұлы да ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында абыройлы еңбек етіп, майор шенімен отставкіге шыққан. Әке көріп, оқ жонған атпал азамат отыз жасты да қарсы ала алмай кетті. Көңілге медет қылары соңында тұяқ қалды. Жан жары Миясар Аманкелдіқызы екеуі Жансая мен Жәнібектей перзент сүйді. Жансая қыз бұл күнде Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияның үшінші сыныбында оқиды. Жәнібек болса бес жаста. «Полат өте балажан, әрі бауырмал болатын. Кішкентайларын қатты жақсы көрді. Көршілермен де тату-тәтті араласатын. Кейде көршілермен бильярд ойнауға кетіп бара жатқанда, «Ол кісінің жасы үлкен ғой немесе кіші емес пе» деп айтып қалатынымыз рас. Сонда «Сыйластықта үлкен-кіші болмайды» деуші еді. Тоғыз жыл бірге тұрғанымызда бір ауыр сөз айтқанын естімедім» дейді жұбайы М.Юсупова сол күндерді еске алып.
Ж.Байсейітов ата-анасыменАл, полиция сержанты Жақсыбек Байсейітов өмірден озғанда жұбайы Дамира Сметілдәнің екінші перзентіне аяғы ауыр болған. «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Суыт хабарды алғаш естігенде өз көзіне өзі сенбеді. Қайғыдан қара жамылды. Құрсағындағы сәбиін де ойлады. Қалың жұрттың қамқорлығы оған сәл де болса демеу болды. Тұла бойы тұңғыштары Нұриланың артынан Нұржан есімді ұл өмірге келді. Қазір ол бір жастан асты. Із қалды деген осы! Отызда орда бұзған Жақсыбек үйінің кенжесі болғанымен, ақыл-парасатқа иек артып өсті. Ол туралы бірге оқыған достары таңды таңға ұрып айтуға бар. Талас ауданындағы Есейхан ауылында көп балалы отбасында өмірге келген Жақсыбек Апрелбекұлы сонда орта мектепті тәмамдады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, «Секюрити» күзет агенттігінде еңбек жолын бастаған. Кейіннен күзет қызметі басқармасына ауысты. Бала күнінен ешкімнің сөзін жерге тастамай, қолынан келгенше көмектесуге ұмтылып тұратын. Көптің алғысын алуға тырысатын. «Әкеміз Сметілдә Әліұлы ішкі істер саласында қызмет атқарып, кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан еді. Жездеміз де осындай жағдайға душар болды. Әкеден ерте айырылғандықтан, Жақсыбекті жезде деп елестете алмаушы едік. Құдды әкеміз сияқты қамқорлық құшағын жайып жүретін. Қызғыштай қорып, қорған болатын. Жанұясы, қызы десе ерекше көңіл бөлуші еді. Ойнап-күліп жүргенді жақсы көретін. Ол отырған ортада ешкім күлмей қалмайтын. Ән де айтатын, би де билейтін. Қазір қай жерге барсақ та оның орны білініп тұрады. Сағыныштан «Жақсыбек болғанда осындай болатын еді», «Жақсыбек болғанда ғой» деп ойға шомамыз, – дейді балдызы Іңкәр.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар»
Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес?! Ең бастысы, олар елінің тыныштығы үшін жанын пида етті. Қауіп-қатерге қарамастан алға ұмтылды. Отанды сүюдің, оны қасық қаны қалғанша қорғаудың үлгісін көрсетті. Ерлік мінез танытты. Тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін таңның атысы, күннің батысы қызмет бабында жүріп, лағнет атқыр лаңкестің қолынан мерт болған азаматтар қатарында Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтердің де даңқы асқақ, өнегесі өлшеусіз. Олардың ерлігін ел есінде қалдыру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім Ж.Байсейітов отбасыменқалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан тірлік қыруар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қос азамат ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып, награда Тәуелсіздік мерекесіне орай отбасыларына салтанатты түрде табыс етілді. Қызмет барысында қаза тапқан тәртіп сақшыларының құрметіне облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ғимаратында Мемориал тақтасы ашылды. Ерлікпен көз жұмған орындарында да ескерткіш бой көтерді. Халық үшін туған хас батырлардың ерлігі мен өрлігін әспеттеу үшін республикалық деңгейде автожарыс ұйымдастырылды. Самбо күресінен еске алу турнирі де байрағын көтерді. Бұл жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. «Қайғыны бөліссең азаяды» деген ұлағатты сөз бар қазақта. Қаралы отбасыларға Мемлекет басшысының өзі бастап қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Облыс, қала басшылары пәтер кілттерін табыс етті. Әріптестері тарапынан материалдық көмек ұйымдастырылды. П.Аянқұлов пен Ж.Байсейітовтың отбасы күні бүгінге дейін облыстық Ішкі істер департаменті мен Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының тікелей қамқорлығында. «Күзет басқармасының құрылғанына алпыс жылдан асты. Терроризммен ұштасқан мұндай оқиға тарихымызда тұңғыш рет орын алды. Қызметтестеріміздің отбасыларына ғана емес, бәрімізге ауыр тиді. Отбасыларын бірінші күннен бастап жалғыз қалдырмауға тырыстық. Бұл орайда психологтардың көмегі көп тиді. Мекеме жанындағы әйелдер кеңесі де олармен тығыз байланыста. Әрбір туған күн, мерекелер сайын ұмыт қалдырмай, үйлеріне барып тұрамыз. Жігіттердің ерлігін әспеттеу мақсатында өтетін іс-шаралардан да қалдырмаймыз. Қандай көмек керек екендігін біліп, қол ұшын созып отырамыз. Қаза тапқан қызметкерлердің ізін жалғастыру барысында мекеме бастығы, полиция полковнигі Бақыт Ратаевтың бұйрығымен жақын туыстары Қанат Аянқұлов, Іңкәр Сметілдә, Медет Қасымов ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Полат Аянқұловтың жары Миясар Юсупова кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмысқа орналасты. Бұдан өзге де тұрмыстық мәселелерге басшылық тарапынан баса мән берілуде», – дейді бізбен әңгімесінде мекеменің кадр бөлімінің бастығы Орынбасар Биназаров. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөз текке айтылмаса керек. Бейбітшілік бесігінде тербелген халқымыз өз қаһармандарын ұмытпайды, керісінше ұлықтайды. Жасампаздық жолын таңдап, дамудың дара даңғылына түскен Отанымыз өзінің адал ұлдарымен айбынды. Жастарға ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жампоздардың даңқы арта бергей!

Полиция сержанттары – Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтің ерлігі ел есінде
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Тараз қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*