Ардагерлер қатары толықты

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбековтің бастамасымен Сарыағаш ауданы ПБ бастығы, полиция полковнигі Орынбасар Қабыштаевты құрметті еңбек демалысына шығарып салу рәсімі өтті.
Өмірін ішкі істер органдарымен байланыстырған ардагерді құрметті еңбек демалысына шығарып салу шарасына департаменттің аудандық, қалалық басқарма, бөлім басшылары және Түркістан облысы ПД-нің жеке құрамы қатысты. Шарада сөз алған Қайрат Сұлтанбайұлы ардагердің еңбек жолына көз жүгіртіп, қызметтік міндетін мінсіз атқарғанын және үлгілі қызметкер екендігін ерекше атап өтті.
«Осы жылдар ішінде Отанға қызмет етудің үлгісін көрсеткен ішкі істер саласының үздігін ардагерлердің қатарына шығарып салып отырмыз. Полиция полковнигі Орынбасар Қабыштаев ішкі істер органдарында қызмет еткен жылдары антқа адал, жауынгерлік міндетті жауапкершілікпен атқаратын талай ұрпақты тәрбиеледі. Кәсіби біліктілігі жоғары қызметкер ішкі істер саласының бүге-шігесіне дейін бір адамдай меңгеріп, өз ісінің шебері және білікті басшы екенін дәлелдеді», – дей келе Қайрат Дәлбеков оның заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде сіңірген еңбегі тиісті бағаланғанын жеткізді. Оның сөзінше, қызметтік міндетін үлгілі орындағаны үшін құрметті ардагер мемлекеттік марапаттарға да ие болған.
Орынбасар Қабыштаев ішкі істер саласына 30 жылын арнаған ардақты азамат. Ішкі істер саласына 1988 жылы келген. Еңбек жолында ішкі істер саласының барлық баспалдақтарынан өткен. Ол Кентау, Қазығұрт аудандарында басшылық қызметтер атқарған. 2005-2011 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Тергеу басқармасын басқарды. 2014 жылдан бастап Орынбасар Қабыштаев Сарыағаш ауданы ІІБ-де басшылық етті. Қызметінің соңғы жылдарында осы ауданда тер төгіп, құрметті еңбек демалысына шығып отыр.
Салтанатты жиын барысында Орынбасар Қабыштаевтың қызметтік өмір жолын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Жас ұрпаққа үлгілі қызметімен өнеге болған ардагерді қоян-қолтық қызмет еткен әріптестері құттықтап, жүрекжарды тілектерін жаудырды. Ардагердің құрметіне арналған жиында сөз алған әріптестері құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ, бағалы сыйлықтар табыстады. Құрметті ардагер жас қызметкерлерге ақ батасын беріп, құттықтап келген қонақтарға алғысын білдірді.

Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*