Тіл жайы талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінде мемлекеттік тілді дамыту бағытында жұмыс атқаратын қызметкерлер арасында семинар-кеңес өтті.
Семинарды ұйымдастырған Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің қызметкерлері қоғамдағы өзекті мәселе – қазақ тілінің латын графикасына көшуі жайында сөз қозғау, әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ, жұмыс барысында туындайтын мәселелерді бірлесе шешуді мақсат етті.
Семинарды ашқан облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев: «Сіздер мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Іс жүргізу, жеке құрамды оқыту, түрлі іс-шаралар өткізу, көрнекі ақпараттарды сәйкестікке келтіру, аударма ісі, сараптама сияқты тағы басқа жұмыстар жүргізесіздер. Ол өте жауаптылықты, тиянақтылықты талап ететін қызмет бағыттарының бірі», – деді іс-шара қатысушыларына.
Семинардың арнайы қонағы, «Қызылжар қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығы» ЖШС директоры Жанат Мұхамеджанов қазақ тілінің латын графикасына көшуі жайында түсіндіру жұмыстарымен, жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерімен таныстырды. Аудармашылар латын графикасымен жазылған мәтіндерді еркін оқып, практикалық тапсырмаларды орындады.
Аударма жөніндегі редакторлар күнделікті жұмыс барысында толғандырған мәселелерімен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Атқарылған жұмыстар, жүргізілген тексеріс қорытындылары талданды. Жыл басынан бері ұйымдастырылып өткізілген түрлі деңгейдегі іс-шараларға шолу жасалды.
Шараның екінші бөлігі Петропавл қаласы Полиция басқармасында өз жалғасын тапты. Онда қатысушылардың назарына полиция қызметкерлерінің тобы өткізген «Менің елім – Қазақстан» тақырыбындағы ашық сабақ ұсынылды. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қызжібек Махаметова оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, қызметкерлермен сабақты әсерлі әрі тартымды өткізді.
Сонымен қатар, ішкі істер органдарында 15 жыл жұмыс өтілі бар Мамлют ауданы Полиция бөлімінің аударма жөніндегі редакторы Ғалия Құсайынова жас қызметкерлер алдында баяндама жасады.
Іс-шарада Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Мәдина Балғашоқова тіл мәселесінің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, алдағы уақытта осындай жұмыстар өз жалғасын таба беретінін айтты.

Нұрбай СӘБИТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*