Мал ұрлығы 40 пайызға азайды

Жылдың басынан облыста мал ұрлаудың 75 фактісі тіркелді. Соңғы екі жылда бұл қылмыс түрінің 40 пайызға төмендегені байқалып отыр. Десе де, полицейлер ауыл тұрғындарына қауіпсіздік шараларын бәсеңдетпей, үнемі сақ болуға кеңес береді.
Қауіпсіздік шаралары мен малдың қолды болмауы туралы Тайынша ауданының Абай селолық округінде тұрғындармен өткен кездесуде сөз болды. Мұнда облыстық полиция ведомствосындағы криминалдық полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындардың басын қосып, мал ұрлығы проблемасының өзектілігін айтты.
«Мал ұрлығының алдын алудың пәрменді шараларының бірі – оларды таңбалау. Бұл шара қылмыстарды ашуға, сондай-ақ, малдың кімге тиесілі екендігін анықтау үшін ауыл тұрғындары арасында туындаған даулы жағдайларды шешуге де септігін тигізеді», – дейді Солтүстік Қазақстан облысының ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов.
Осындай кездесу Аққайың ауданында да өтті. Жиналыс кезінде Степное ауылының тұрғыны Владимир Виногородский қылмыстың ашылғаны үшін тәртіп сақшыларына алғысын айтты. Осындай тағы бір қылмыс Айыртау ауданында да ашылды. Мұнда полицейлер 46 бас ірі қараны ұрлау фактісін ашты. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бір топ ауыл тұрғыны ұсталды. Ұрлаған малдың бір бөлігін сатып жіберген. Ал қалғаны иесіне қайтарылды. Кейін облыстық полицияның басшылығымен өткен кездесуде алғысын айтты.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, еркін жайылымда қараусыз жүрген мал көбінесе барымташылардың олжасына айналады. Дәл осындай жерлерден көбінесе жылқылар ұрланады. Мұндай жағдайларда мал бағушылар мен мал иелерінің жауапкершілігі туралы ескерту қажет.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*