Таңдаулары тоғысқан әулет

Бүгінде біздің қоғамда отбасылық династиямен мақтанатын бірнеше еңбек ұжымдары бар. Қайсыбір отбасылар ірі алпауыт зауыттарда еңбек етіп, темірден түйін түйіп, мамандық иелері атанып жүр. Қайсыбірі әкесінің жолын қуып, ақ халат киген ұлы мен қызы денсаулық сақтау мекемелерінде айтулы еңбек етуде. Әр адам өмірден өз орынын тауып, жүрек қалауымен еселі еңбек етіп, ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді.
Қатарымызда полиция династиясын құрап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай жүрген жандар да аз емес. Осынау қиын мамандықты таңдаған жандар бар жан-тәнімен қызмет етеді. Тұрғындармен әркез тығыз байланыста жұмыс атқарады. Қиындығы көп саланы таңдаған жігіттер мен қыздарға қарап, бір сәт таң қалатынымыз да жасырын емес. Олар бір мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында күннің ыстық-суығына қарамастан еңбек етуде. Бұл отбасылар қашан да темірдей тәртіпке бағынатын, өзгелерге үлгі болатын полицейлер.
Міне, қиындығы мол осындай қызметте тек өзіндік дәстүрге берік отбасы ғана атқарар жұмысқа деген жауапкершілікті сезіне алады. Тағы бір белгілі нәрсе – ішкі істер органдарында қызмет еткен отбасыларда патриотизм, абырой және қызмет борышы қашан да жай, қарапайым сөз болып қалмайды. Жауапкершілігі мол, күні-түні ізденісті талап ететін, адам тағдырын шешуге бағытталған бұл мамандық иелерінен құрылған отбасыларда кей кездері бірін-бірі апталап көрмейтін кездері де болады. Бірақ, олар өздерінің қиындыққа толы қызметтеріне түсіністікпен қарайды. Жауапкершілігі мол мамандықты таңдаған жандар адал жар, асыл ана атанып, өз қызметтерін мінсіз атқарып, бір шаңырақтың отын жағып отыр. Біз бүгінгі мақаламызда Рахметовтер отбасын арқау етіп алып, әңгімелеуді жөн санадық.
Талғат Хасанұлы – ішкі істер саласына 36 жылдан астам ғұмырын арнаған тәртіп сақшысы. Өз ісіне шынайы берілген, жауапкершілігі жоғары және білікті басшы болды.
Полиция полковнигі Талғат Хасанұлы 1964 жылы 19 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. 1981-1985 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебін үздік бітірген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1985 жылы Теректі ауданы Ішкі істер бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастаған ол 1987 жылы аға тергеуші лауазымында қызмет атқарған. 1989 жылы, яғни, 25 жасында Жәнібек ауданы Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалып, әрі қарай Жәнібек, Бөрлі аудандық Ішкі істер бөлімдерінің бастығы болып қызмет арқарады.
1997-2007 жылдары полиция полковнигі Талғат Рахметов Ішкі істер департаментінің 9-шы, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Орал қалалық ІІБ, Зеленов аудандық Ішкі істер бөлімдерін басқарды. 2008-2017 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет етті.
Сол жылдарда ауқымды істер атқарылды. Талғат Хасанұлы департаменттің материалдық, техникалық жағынан толық қамтамасыз етілуі жолында аянбай тер төкті. Оның бастамасымен көптеген аудандық Ішкі істер бөлімдерінің ғимараттары жөндеуден өтіп, қайта қалыпқа келтірілді. Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің Шалқар көліндегі қоғамдық тәртіпті күзету және оқу-жаттығу полигоны базасының құрылуына, Орал қаласындағы облыстық ІІД құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған Батыс Қазақстан облысы қызметкерлерінің құрметіне арналған мемориалдық кешеннің пайда болуына септігін тигізді. Бүгінгі аталған нысандар қызметкерлердің кәсіби дене-күш жағынан дайындалуына көмектесіп, түрлі салтанатты жиындар өтетін орындарға айналды.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің басшылығы мен ардагерлер кеңесі аудан әкімдігіне қолдаухат жіберіп, аудандық Ішкі істер бөлімінің жанынан ескерткіш тақталарын ашу туралы ұсыныс жасауда бірден-бір үлесін қосқан адам – Т. Хасанұлы. Тумысынан еңбексүйгіштікті, тазалықты сүйген ол көктем келсе, қызметкерлерді үйіріп әкетіп, сенбілікке бастады. Әр жыл сайын сенбілікте басынан аяғына дейін қатысып, қаланың абаттануына ерекше мән беріп, тіпті өзі де білек сыбана кірісіп кететін. Қандай шара, қандай қызмет, жұмыста болмасын, айналасына шуағын шашып жүретін, әріптестеріне, жас мамандарға өзінің кесімді пікірлерімен, өмірлік бай тәжірибелерімен бөлісіп отыратын көшбасшы екені көпшілікке мәлім. Оның бойындағы «ақырын жүріп, анық басатын» байсалдылығы, жусаннан аласа, бетегеден биік кішіпейілділігі, құйса толмайтын, толса аспайтын парасаттылығы, зерделілігі, еңбекқорлығы, зияткерлігі көпке үлгі.
Әкесі Рахметов Хасан Хамитұлы (1927-2003) – ІІО ардагері, милиция подполковнигі, ҰОС тыл майдангері. Ішкі істер органдарында 37 жыл қызмет атқарған. Қызмет жолында жедел уәкілден Теректі ауданы Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарына дейін көтерілген. Бір қызығы, сөз арасында Талғат Хасанұлы күндердің күнінде әкесінің отырған қызмет орнына, сол кабинетке жылдар өткен соң орнын басып, Теректі аудандық Ішкі істер бөліміне барғанын айтады.
Талғат Хасанұлының қазіргі уақытта екі ұлы да атасы мен әкесінің ізімен ішкі істер саласында қызмет етуде. Үлкен ұлы, полиция капитаны Қайрат Рахметов Батыс Қазақстан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасында жедел уәкіл қызметін атқаруда. 2006 жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын бітірген. Кішісі Ержан Рахметов Орал қаласы ПБ-да жедел уәкіл қызметінде. Ол да 2012 жылы жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясын тәмамдаған. Олар да әке жолын үлгі тұтып, еңбек етуде.
Сонымен қатар, бұл үлкен династияның құрамында Талғат Хасанұлының ағасы Болат Хасанұлы да көп жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет атқарғанын айтып өтпесе болмайды. Сонда бұл Рахметовтар династиясының ішкі істер органдарындағы ғұмыры бір ғасырға жуық уақытты қамтиды.
Полиция полковнигі еңбек еткен жылдарында көптеген марапатқа ие болды. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «ІІМ ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарымен, «Қазақстан полициясына – 15 жыл», «Жедел іздестіру бөліністеріндегі үздік қызметі үшін», «Кеңес милициясының үздігі», «Қазақстан полициясының үздігі», «ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.
2010 жылы полиция полковнигі Талғат Рахметов ІІМ Академиясында кандидаттық дисертациясын қорғаған және 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау бойынша комитетінің шешімімен оған «Заң ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми атақ берілді.
Бүгінде Т. Рахметов құрметті еңбек демалысында. Өмірлік таңдаулары бір және мамандық таңдауда да бір арнада тоғысқан Рахметовтер отбасының династиясы атадан балаға жалғасып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы дәуірлеп, еңбекқор ұрпағымыз көп болғаны жанды жадыратады.

Батыс Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*