Шымкент пен Түркістан мәртебесі

Мәжіліс Түркістан мен Шымкенттің жаңа мәртебесіне қатысты Конституциялық заң жобасын мақұлдады.
Кеше Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Депутаттар конституциялық заңдарға әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы Конституциялық заң жобасын ілеспе түзетулермен екінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Жарлыққа сәйкес Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қаланың санатына жатқызылып, ал Оңтүстік Қазақстан облысының аты «Түркістан облысы» деп өзгертіліп, оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге, жаңа мәртебедегі Шымкент қаласына салық салу туралы нормаларды қолданысқа енгізудің өтпелі ережелеріне қатысты Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізілді.
Бұған қоса, жалпы отырыста меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар, депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Хорватия Үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы.
Отырыста Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы біздің елге тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы мақұлданды.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Ж. Омарбекова, Е. Никитинская, М. Магеррамов, Т. Сыздықов, Ш. Хахазов.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*