Шекаралық әріптестік нығаюда

Түркістан облысының полицейлері Өзбекстаннан келген әріптестерімен шекаралық ынтымақтастық бойынша мәселелерді талқылады.
Шымкент қаласында экстремизмге қарсы күрес және заңсыз көші-қон саласындағы шекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша Өзбекстан Республикасының ІІМ және Түркістан облысы ПД полиция қызметкерлерінің екіжақты кездесуі өтті.
Оған Қазақстан жағынан ҚР ІІМ Штаб бастығы, полиция полковнигі Қайрат Сүйінбаев, Түркістан облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Қ. Дәлбеков бастаған департамент басшылығы және Сарыағаш, Келес, Мақтарал, Шардара және Жетісай аудандық Полиция бөлімдерінің басшылары қатысты. Өзбекстан ІІМ-нен Ұйымдастыру департаментінің бастығы Шухрат Норгитов және шекаралық Жизақ, Ташкент және Сырдария облыстарының басшылары, генерал-майор Гайрат Кадиров, полковник Тохтар Арипов, полковник Мухитдин Жураев бастап келді.
ҚР ІІМ Штаб басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев жиналысты ашып, өз сөзінде: «Жоспарды жүзеге асырудың екі жылында бірлескен ынтымақтастықтан белгілі бір тәжірибе қалыптасты. Екіжақты ынтымақтастықтың ең тиімді саласы – іздестіру жұмыстары. Осы жыл басынан бері Қазақстанда Өзбекстан ІІМ тарапынан жасалған сауалхат бойынша 121 қылмыскер анықталды. Өз кезегінде, өзбек әріптестеріміз біз үшін 19 тұлғаны анықтап берді», – деді.
ӨР ІІМ департамент бастығы, милиция полковнигі Шухрат Норгитов өз сөзінде: «Өткен кезең аралығында көрші екі ел арасында жақын бауырластық қарым-қатынас құрылды. Жизақ, Сырдария, Ташкент облыстарының ІІД мен Түркістан облысы Полиция департаменті арасында құрылған 2017-2018 жылдарға арналған ортақ іс-шаралар жоспары бойынша сол аймақтағы қылмысқа қарсы күрес бойынша іс-шаралар атқарылды. Бірлесе отырып атқарған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағында 87 іздестіруде жүрген тұлға ұсталып, оның 47-сі Өзбекстанға қайтарылып, 12-сі шығарылды. Ал Өзбекстан аумағында ішкі істер органдары қызметкерлері іздестіруде жүрген 7 қылмыскерді ұстады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында 6 бірлесе атқарылған жедел-іздестіру іс-шарасы өтуде. Нәтижесінде іздестіруде жүрген 63 қылмыскер ұсталды», – деп атап кетті.
Кездесу барысында қатысушылар екі елдің ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күрес саласындағы өзара байланысын алдағы уақытта жандандыру және шекаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Бүгінгі таңда трансұлттық және есірткі тасымалдау қылмыстарының өсу қаупі, көші-қон процестері мен криминогендік ахуал бірлесе отырып жұмыс істеуді талап етіп отырғанын тәртіп сақшылары атап өтті. Қазіргі таңдағы құқықтық базада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық аймақ жөніндегі өзара келісім мен байланыс, сондай-ақ, бірқатар көпжақты құрылымдар шеңберіндегі халықаралық келісімшарттар бар.
Екіжақты кездесудің нәтижесінде қатысушылар экстремизмге қарсы іс-қимыл, жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу, көші-қон мәселесі бойынша ақпараттар алмасу, есірткі тасымалдау, бөтеннің мүлкін ұрлау, автокөлікті заңсыз иелену және т.б. мәселелер бойынша нақты ұсыныстардан шешім шығару бойынша пікір алмасты.
Қорытындылай келе, Қазақстан мен Өзбекстан ІІМ өкілдері қылмыспен күрес және шекаралық ынтымақтастық саласы бойынша бірлесіп ұйымдастыратын және іс жүзінде жүзеге асыратын бірқатар құжаттарға қол қойды.

Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*