Талап бар жерде тәртіп бар

Жуырда Қарағанды қаласы ПБ Криминалдық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметімен бірге «Бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу» тақырыбында екі күнге созылған іс-шара өткізді.
Қарағанды қаласының кәсіпкерлерімен кездесуге Қарағанды қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ш. Салин, полиция полковнигі Е. Ақылбеков, Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі А. Оразбаев және Қарағанды қаласының аумақтық полиция бөлімдерінің криминалдық полиция бөлімшелерінің бастықтары қатысты. Шараға Қарағанды қаласының пәтерлерді жалға берумен айналысатын жеке кәсіпкерлері, ПИК және «Қазақтелеком» өкілдері де шақырылды.
Қарағанды қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ш. Салин бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына тоқталып, тек полиция мен халық арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық болған жағдайда ғана қылмысқа қарсы тұра алатынымызды тілге тиек етті.
Кездесуге келген қонақтар өздерінің кәсіптерінде заң бұзушылықпен бетпе- бет келген жағдайда туындайтын мәселелер бойынша заң өкілдеріне сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Іс-шараның екінші күні Қарағанды қаласының ПБ КПБ мен ЖПҚ қызметкерлері Қарағанды қаласының ең ірі «ТАИР» сауда үйінде 120-ға жуық кәсіпкер және ғимарат бөлмелерін жалға алушылармен кездесу өткізді. ПБ КПБ Мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, полиция майоры А. Қайрақбаев Қарағанды қаласының аумағындағы бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының ахуалына тоқталып, көп жағдайда адамдардың мүлкінің ұрлануына олардың өз мүліктеріне салғырт қарауы, уақтылы орын алған қылмыс бойынша полицияға хабар бермеуі, жалдамалы сатушылардың сауда орнын қараусыз тастап кетуі, бутиктерде бейнежазба камераларының болмауы себепші болатынын ашып көрсетті.
Кездесу соңында қонақтар тәртіп сақшыларына алғыстарын білдіріп, осындай кездесулермен профилактикалық шараларды жиі өткізіп тұруға ұсыныс білдірді.

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*