Бақытжан ЖАНТЕМІР: Есірткісіз елдің ертеңі – ертегідей

Бүгінгі қоғамда есірткінің ел болашағы үшін тигізер кесір-кесапаты айтпаса да түсінікті. Сондықтан да есірткі саудасының алдын алу, жолын кесу жайында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін ІІМ Көліктегі ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Бақытжан Жантемірмен сұхбаттасып қайтқан едік.
Бақытжан Болатұлы, сұхбатымызды алдымен өзіңіз туралы қысқаша анықтама мен қызмет сатыларыңыздан бастасақ…
– Жалпы ішкі істер саласында 1999 жылдан бері қызмет жасап келемін. Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын 2003 жылы бітірдім. 2003 жылдан бастап әртүрлі жұмыстар істедім. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасында біраз қызмет атқардым. Сонда жұмыс істеп жүріп бөлім бастығы болдым.
Одан кейін Астана қаласы Полиция дапартаментіне ауысып, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасында, 2015 жылдан бастап Көліктегі Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы болып жұмыс атқарып келе жатырмын.
Көліктегі Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының негізі міндеттері туралы айтып өтсеңіз.
– Атқарып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, біздің бақылауымызға әуежай, темір жол салалары кіреді. Жолаушылар пойызы ішіндегі қылмыстар болса соны анықтап, олардың алдын алумен шұғылданамыз. Темір жол объектілерінде қылмыстың алдын алу, яғни болдырмау жұмыстарын жүргіземіз.
Сол жұмыстарыңыздың нәтижелері туралы айтып бере аласыз ба?
– Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша есірткіге байланысты 448 қылмыс анықталды. Мұның көбі жолаушылар пойызының ішінде болған. Оның 391-і заңсыз әрекеттерге жатады және 57 қылмыс әшкереленді, 17 контрабандалық, заңсыз сақтау бойынша 27 факті анықталды. Есірткі сату фактісі бойынша 11 қылмыс ашылды. Заңсыз айналымда жүрген 142 келі 872 грамм есірткі түрлері тәркіленсе, оның ішіне 109 келі марихуана, 14 келі 980 грамм гашиш, 1 келі 966 грамм героин, 16 келі 534 грамм апиын, 88 грамм кокаин.
Осының соңғы түрлері есірткінің өте ауыр түріне жатады. Жолаушылар пойызында бір адам өзінің сөмкесінде 16 келіден астам апиын есірткісін алып бара жатқан жерінде ұсталды. Бізге жолаушылар пойызында жасырын есірткі тасымалын анықтау барысында кинолог иттердің көп көмегі тиеді.
Бүгінгі таңда адамды ақыл-есінен айырып, еріксіз есіртетін есірткінің небір түрі шығып жатыр. Тіпті, есірткі саудасын ғаламтор арқылы да жарнамалап, оны кәсіп көзіне айналдырудың жолын тапқандар бар. Мәліметке мән бере айтқанда, осындай есірткіні еселеп таратушыларға қарсы күрестің қазіргі қарқыны қалай?
– Қазіргі таңда, ХХI ғасыр болғаннан кейін ғаламтор өте қатты дамыған, осы ғаламтордың зор мүмкіншіліктерін молынан пайдаланып жүрген қылмыскерлер де бір орында тұрмайды. Олар өздерінің қулықтарын асыру үшін небір тәсілдерді ойлап табады. Осылайша ғаламтор арқылы есірткі сатқан 6 факт тіркеліп, күдіктілердің қылмыстары дәлелденіп, қазіргі кезде олар заң бойынша тиісті жазаларын өтеуде.
Ғаламтор желісі өте ауқымды болғандықтан, оның мәселелері де көп. ІІМ Орталық аппаратының, Көліктегі Полиция департаменті басшылығының нұсқауы бойынша ғаламтор арқылы есірткі сататын сайттарды анықтаймыз. Басқарманың бөліністері ішінде арнайы міндет жүктелген қызмет енгізгенбіз. Яғни осындай арнайы мамандар сол бойынша ғаламтордағы есірткі саудасымен айналысып жатқандарды анықтап, анализ жасайды. Нәтижесін ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментіне жолдаймыз, әрі қарай ол сайттар бұғатталады.
Бүгінгі таңда Көліктегі ПД-мен бірлесіп, сондай 104 сайт анықталды. Темір жол объектісінде 6 адам ұсталып, олардың есірткі шеккені анықталып, ҚК-тің 256-бабының 6-тармағы бойынша жаза қолданылды. Шетелге ұшатын кезінде немесе шетелден осы жаққа келе жатып есірткімен ұсталғандар бар, ол контрабандаға жатады. Жылдың басынан бері осындай 17 контрабандалық факті анықталған. Мұндай оқиғалар көбінесе Ресей-Қазақстан шекарасында тіркелген.
Жалпы, дамыған елдер есірткі саудасына қарсы күресте қандай тәсілдерге жиі жүгінеді екен? Сіздерде олармен тәжірибе алмасу жағы қалай?
– Бұл бойынша қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Көбінесе ТМД аумағындағы көршілес мемлекеттермен – Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғыз Республикаларымен және шетелдермен де байланыс жасап отырамыз. Есірткі сататын адамдарды ол жақтарда қалай анықтайды және тағы да басқа проблемалар бойынша мамандарымыз шетелдерге барып, тәжірибе алысып қайтады. Бізде қандай шаралар қолданып жатыр, сол бойынша да мәселелер талқыланады. Егер соның ішінде өзімізге қажет нәрселер болса, соны қабылдап, күнделікті жұмыс барысында қолданамыз. Есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша оқу-жаттығулар, әсіресе, Алматыда жиі өткізіледі, шетелдерден өкілдер көптеп келеді, тәжірибе алмасу сабақтары ұйымдастырылады. Мұның пайдасы өте мол екені айтпаса да белгілі.
Енді есірткінің ең қауіпті түрлері туралы тарқата айтсаңыз…
– Синтетикалық есірткілердің көп түрі пайда болып жатыр. Спайс, экстазилердің зияны бұрынғы есірткілерге қарағанда мың есе артық, адам мұны бір рет қолданса, оған тәуелді болып қалады. Екіншіден, оны іздеп тұратын ауруға ұшырайды. Жастардың болашағына қасақана балта сілтеп жатқандар бұл есірткілерді ғаламтор арқылы сатуда. Олар сатып алушымен бетпе-бет жүздеспейді, алдымен ақшасын киви-әмиянға аудартып алады да, содан соң есірткіні қай жерге тастап кеткендерін айтып, алып кетуін талап етеді. Мұндай жағдайда оларды ұстау да қиын. Дегенмен, қол қусырып қарап отырмай, бар күшімізді жұмсап, оларды ұстауға тырысамыз.
Есірткі таратудың және бір төте жолы – граффитимен, яғни қабырғаларға сілтеме жазып қалдырумен айналысатындарды құрықтау мәселесі қалай болып жатыр?
– Бұл – жарнаманың бір түрі. Ішкі істер министрлігі бұл мәселемен үздіксіз күресу үстінде. Біз де бірқатар іс атқарып жатырмыз. Мысалы, өзіміздің аумақтарда сол граффитилер салынған ба, салынса, оларды кімдер салды деген мақсатта жұмыстар жүргізілді. Бірақ, біздің аумақ бойынша ондай фактілер тіркелмеген.
Есірткі тасымалын анықтауда көмегі көп кинолог иттер туралы айтып берсеңіз.
– Кинолог иттер имитаторға үйретіледі, апиын, кокаин, героин, марихуаналарға имитатор бар, біздің иттер оған жақсы үйренген. Өкінішке қарай, жаңадан пайда болып жатқан синтетикалық есірткі түрлеріне имитатор табылмай тұр. Тіпті, бұл синтетикалық есірткілердің көбі есірткіге қатысты жиындық кестенің ішінде жоқ десе де болады. Кестеде болмағаннан кейін, синтетикалық есірткіні пайдаланатындарды жауапқа да тарта алмаймыз. Осы себепті Ішкі істер министрлігі жаңа заң қабылдауға шаралар қарастырып жатыр. Егер заң қабылданса, синтетикалық есірткінің 80-нен астам жаңа түрін кестемізге енгізбекшіміз. Сонда ғана сатқан, сақтаған, қолданған адамдарға шара қолдана аламыз.
Есірткі саудасы қылмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда көбейді ме?
– Биылғы тіркеу былтырғы жылға қарағанда артық. Мәселен, 2017 жылы 428 факт болса, биыл 448 факт тіркелген. Ал көлем бойынша есептегенде былтыр 11 ай ішінде ірі мөлшерде есірткі тасымалдаушылар саны 58 болса, биылғы 11 айда 27 оқиға тіркелді. Былтыр темір жол бекеттерінде «Рентген Рапискан» деген құрылғы орнатылған, мұндай жағдайда есірткіні жолаушылар пойызы арқылы тасымалдаушылардың арам ойлары жүзеге аспайды. Осы құрылғының арқасында ірі көлемде есірткі тасымалдаушылардың саны да азайып келеді. Сондай-ақ, ең бірінші кезекте есірткі тасымалының алдын алу үшін үнемі акция, флеш-мобтар ұйымдастырамыз, дәрістер оқимыз, семинарлар жүргіземіз, пойыз ішінде буклеттер таратамыз. Әсіресе, жаңадан пайда болып жатқан синтетикалық есірткілердің зардаптары туралы жасөспірімдерге жеткізу үшін колледждерде кездесулер өткіземіз.
Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*