Орталықтағы айшықты апталық

Тұңғыш Президент мүддесін арттырып, беделін асқақтату мақсатында мемлекеттік мереке ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығында жоғары дәрежеде аталып өтті.
Мереке қарсаңында апталық жоспар бекітіліп, еліміздің барлық аймағынан келген тыңдаушылар мен офицерлерге кітап көрмесі, әдеби көрсетілімдер мен оқылымдар ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты тұрақтылық, халықаралық бірлік пен жаһандық саясаткер ретінде тануда мол ақпар беру. Сонымен қатар, Елбасының қазақ елін әлемге танытудағы атқарған қызметі мен еңбегін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыруда үлгі боларлық тұлғаның еңбек жолын таныстыру.
Демалыс күндері тыңдаушыларға Елбасының өміріне негізделіп түсірілген көркем фильмдер көрсетілсе, Оқу орталығының кітапханасында Н. Назарбаевтың жеке еңбектері мен Елбасына арналған шығармалар таныстырылды. Сонымен бірге, сабақ барысында толық ақпарат беріліп, ауыспалы құрам арасында шығармашылық жұмыс және қабырға газеті сайыстары өтті.
«Ел тірегі – Елбасы» тақырыбында өткен апталық жоспарға сәйкес іс-шаралар өз дәрежесінде өтті. Арнайы пәндер циклының ұйымдастыруымен «Елбасы талаптарын орындау – басты міндет» тақырыбында ІІО қызметкері, «Айбын» орденінің иегері Тұрар Артықбаевпен кездесу кеші өтті. Кеш барысында баяндама оқылып, Тұрар мырзаның тәжірибесіндегі оқиғалар айтылды. Мәнді сұхбат жүргізіліп, тыңдаушылар болашақ мамандықтарына қатысты қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Тыңдаушыларды рухтандырып, қызметтеріне ынталандыра түскен Т. Артықбаев барша түлектерге сәттілік тіледі.
Әсерлі кештің және апталық соңы мерекелік шараға ұластып, арнайы қонақ ретінде Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов, облыс әкімі аппараты мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Алмаз Абдрасилов, 6506 әскери бөлімі командирі, полковник Айдос Садыров, Түркістан облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық жастар басқармасының басшысы Жандос Қалтаев, Түркістан облысы ІІО және ҰҰ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Сержан Тұрсынбеков, Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары Алмас Әмзеев, Шымкент қаласы ПД ӨҚБ бастығы Рүстем Тұңғышбаев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Нарымбетов шақырылды.
Ал қонақтың ең үлкені Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жақын досы, бірге оқыған серігі Әмидолла Ермахамбетов болды. Мерекелік кешті Оқу орталығының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Меңдібаев ашық деп жариялап, құттықтау лебізін жеткізді. Қонақтардан сөз алған Президенттің жолдасы Ә. Ермахамбетов ұлттық мерекеге айналған Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Және де студенттік шақтарынан қызықты әңгімелерін айтып, Елбасының сол кездегі болмысын аша түсті. «Басшылық жасау үшін ең бірінші ынта керек. Барлық нәрсе еңбекпен келетінін ұмытпаңдар. Ертеңгі елдің болашағы ретінде сіздерге үлкен сенім артылған. Сондықтан әр күндеріңізді еңбектенуге, ізденуге жұмсаңыздар», – деп өз ақылын берді.
Кеш барысында жеке құрам қызметкерлері Ішкі істер министрінің грамотасымен марапатталып, арнайы атақтар берілді. Атап айтқанда, ІІМ грамотасымен полиция майоры Қ. Әлімбетова, ІІО-ның ІІ дәрежелі үздігі төсбелгісімен полиция майоры Ж. Көбеев, «Жергілікті әскери басқару органдарына – 100 жыл» мерейтойлық медалімен полиция полковнигі Т. Балғабаев пен полиция аға лейтенанты Т. Айнабеков марапатталды. Сонымен бірге, үздік танылған қабырға газеті мен шығармашылық жұмыс авторларын Оқу орталығының бастығы марапаттады. «Президент милі» және спорттық жарыстарда белсенділік танытып, жүлделі орын иеленген тыңдаушылар да назардан тыс қалмады.
Еңбек жолын Оқу орталығының қабырғасында бастап, еңбек демалысына шыққан Е. Увайдова салтанатты түрде зейнеткерлік демалысына жіберілді. Мерекенің лебі Оқу орталығының барлық қызметкерлерін жағымды көңіл күйге бөлеп, ерекше әсерде қалдырды.
Ұлтты биікке бастайтын ұтымды саясатты қолдау – Елбасының бастаған бастамаларын қолдау.

Ақерке ӘЗТАЙ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*