Сыйластық орнаған отбасы

Қиындығы мен жауапкершілігі астасқан полиция қызметінде бір үйдің отағасы мен отанасы бірлесіп еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып жүр.
Бұл отбасының мүшелері таңмен қызметтеріне ерте келеді. Тасырылған жұмыстарды мінсіз атқарады. Кеште үйлеріне қарай асығады. Себебі, шаңырағында балаларының амандығын тілеп отырған ата-анасы мен алдарынан жүгіріп қарсы алатын құндыздай қызы мен арландай ұлдары бар. Үйінің де, қызметінің де бабын келтіріп, екі тарапты ұйыстырып отырған мерейлі отбасылар туралы жазуды жөн санап, Орал қаласы Полиция басқармасының кадр қызметі бөліміне жүгіндік. Әрине, отбасын айрандай ұйытып, жылы-жұмсағын ата-аналарына тосып, саясына балапандарын қондырып отырған қызметкерлеріміз бар. Бұл жолы Исмаиловтар отбасы жөнінде жазбақпыз.
Отағасы Аюпхан Исмаилов – Орал қаласы Полиция басқармасының жауапты қызметкерлерінің бірі. Ішкі істер саласына 2009 жылы қызметке қабылданған Аюпхан Болатұлының алғашқы еңбек жолы жол-патрульдік полициясы батальонынан басталыпты. Үнемі тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін әрі жол үстінде апаттардың орын алмауын назардан тыс қалдырмайтын, батальонның ыстық-суығына төзген кейіпкеріміз зор беделге ие. Қаланың әр ауданын аралап, тұрғындардың түнгі тыныш ұйқысын күзетті. Тәулік ішінде әкімшілік хаттамалар толтырып, кінәлі жүргізушілерді анықтады. Жол үстіндегі жарақаттанған азаматтардың баршасына өзі медициналық жәрдем шақырып, алғашқы көмектер көрсетті. Бірнеше баланың, ата-ананың өміріне араша болып, алғыстарына ие болды. Барына риза, әркез салмақты қалпынан таймайтын Аюпхан Болатұлы бүгінде полиция аға сержанты шенімен айдауылдау взводында қызметін атқарып келеді.
Алдағы жылы ішкі істер саласында еңбек еткеніне аттай он жыл толатын Аюпхан Болатұлы өзіне жүктелген тапсырмаларды мінсіз атқарып, қызметіндегі сауаттылығы мен қырағылығы үшін Батыс Қазақстан облыстық ПД және Орал қалалық ПБ басшылары атынан бірнеше алғыс хатқа ие болды.
Біздің кейіпкеріміз Аюпхан шырайлы Шымкент қаласының тумасы. Алматы қаласында әскери қызметін атқарған ол Орал қаласына келіп, ішкі істер органдарына қызметке орналасып, қайнаған еңбек ортасына араласып кеткен. Аюпхан Болатұлының жұбайы Айгүл Кариомоллақызы да Орал қаласы Полиция басқармасының беделді қызметкері. Полиция аға лейтенанты шеніндегі Айгүл соңғы 5 жылда тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымында қызмет атқаруда. Алғашқы еңбек жолы 2008 жылдың желтоқсан айынан бастау алған Айгүл ең алғаш кезекші бөлімнің жедел кезекшісі лауазымына тағайындалыпты. Содан еңбек жолы өрлеп, бұл күнде қылмыстық істерді есепке алып, тергеуші лауазымына дейін көтерілді. Тіркелген қылмыстық істерді есепке алып, бақылау жасау, мерзімінде аяқталуын қадағалау, тергеу бөліміндегі ұйымдастырушылық жұмыстарға жауапты А. Каримоллақызы айдың соңында есеп дайындап, басшылыққа тапсырады.
– Өзім Сырым ауданында туып өстім. Қалауыммен ішкі істер саласына қызметке орналасып, еңбек етіп келемін. Ата-енем Шымкент қаласының тұрғындары. Қазір Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында тұрады. Өмірлік серігім отбасындағы үш баланың ортаншысы. Екеуміз де полиция саласының қиындығына төзіп, шыдамдылық танытып, еңбек етудеміз. Қайын енем аға медбике, қайын атам мұғалім. Менің мақсатым – отбасында жар, ана болу, қызметімде – офицер болып, сеніп тапсырылған қызметті мүлтіксіз атқару. Денің сау жүрсе, бар қиындыққа төтеп беріп, қызмет етуге болады, – дейді Айгүл Каримоллақызы.
Исмаиловтар отбасында Кәусар есімді қыз бала өсіп келеді. Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының 1-сынып оқушысы. Кәусар Аюпханқызы оқу озаты, мектебінің мақтанышы, есепке жүйрік. Жуықта білім сайысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Жеңісімен Кентау қаласындағы ата-әжесін қуантып тастады. Сабағынан босап, демалысқа шыққанда ата-әжесінің үйдегі тәтті секерін жеп, айранын ішуге асығатын Кәусар екінші тоқсан аяқталысымен Шымкентке қарай жол жүруді қалап отыр екен.
Исмаиловтар отбасына амандық пен жақсылықтар тілейміз. Алдағы уақытта да ішкі істер органдарындағы қызметінде толағай табысқа кенеліп, егемен еліміздің игілігіне арналған күрделі де құрметті еңбекте биіктен көрініп, жетістіктерге жете беріңіздер.

Гүламан ИСМАГУЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*