Қылмыстық іздестіру қателікті кешірмейді

Ордабасы аудандық ПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция капитаны Бекарыс Сұлтанов ішкі істер саласына әке жолын жалғастырып келген. Кішкентайынан әкесінің формасына қарап өскен бала есейгенде полицей болуды армандайды. Әкесі Талғат Әжіханұлы көп жылдар жол полициясы саласында қызмет атқарған ІІО құрметті ардагері. Әулетінің барлық мүшесі құқық қорғау саласының қызметкерлері.
Қылмыстық іздестіру қызметкерлері арасында кездейсоқ келген адамдар болмайды. Көп адам бұл қызметтің өте тығыз жұмыс кестесіне шыдай алмай, ерте қоштасып жатады. Қиын-қыстау кездің өзінде тиімді жол тауып, қысыл-таяң уақытта оңтайлы шешім қабылдай білетін, өзінің жеке мәселесіне жұмсайтын уақыты болмайтын азаматтар – криминалдық полиция қызметкерлері.
Бекарыс Сұлтанов мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде-ақ өз тағдырын ішкі істер органдарымен байланыстырған. Ол қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің жұмыстарына өте қызығатын және өзі де болашақтағы өмірін осы қызметке арнауды қалайтын. Сол арман оны ІІМ Алматы Академиясына жетелеп әкелді. Оқуды аяқтағаннан соң, ол өзінің ішкі істер органдарындағы қызметтік жолын 2012 жылы Түлкібас аудандық ІІБ-да тергеуші болып бастайды. Содан аға тергеуші болып, кейін жедел уәкіл қызметіне ауысады. Полиция қызметінде жүріп, ол өзін жан-жақты сауатты, кәсіби білігі мол маман ретінде таныта білді. Осылайша Түлкібас аудандық ІІБ Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалады. Қарағандыдағы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Заң академиясының магистратурасын аяқтап, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД КПБ аға жедел уәкіл қызметіне кіріседі. 2018 жылдың шілдесінен бастап Ордабасы аудандық ПБ бастығының орынбасары лауазымына тағайындалады.
Бекарыс қызметке келе сала, 2018 жылдың жаз айларында Ордабасы ауданындағы қарумен болған қылмыс орын алады. Белгісіз азаматтар жергілікті жердің тұрғынын автокөлігінде отырған жерінде бірнеше рет оқ атып, қашып кетеді. Ордабасы аудандық ІІБ жедел ізкесушілерінің дер кезінде жасаған тыңғылықты жұмысының нәтижесінде күдікті қолға түседі. Қылмыстық іс «ізі суымай» ашылады. Күдікті қамауда. Қазіргі таңда бұл жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмыстық іздестіру саласының қызметкері басқа қасиеттерімен қоса, күнделікті кездесетін адамдармен қатынас жасау, ұрымтал сәттерде тиімді де дұрыс жол таба білу, қай кезде де жан-жақты сараланған, сарапталған шешім шығара білу сияқты қасиеттерді игеруі қажет. Бұл сала қызметкерлеріне асығыс шешім шығарып, асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, шынайы қылмыскердің шым-шытырық шырғалаң іздері өте ұқыптылық пен тапқырлықты талап етеді. Сондай-ақ, бұл қызмет қашанда жинақылықты, жедел қимылдауды және тәуліктің кез келген уақытында оқиға орнына баруға дайын тұратын даярлықты талап етеді. Қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің қырағы қимылдарының арқасында жыл сайын қылмыс саны азайып, қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарылап келеді. Жедел уәкілдің басты қаруы эмоция емес, заң тілі болуы керек. Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін тайға таңба басқандай білетін жан ешқашанда құқық бұзбайды.
Полиция капитаны Бекарыс Сұлтанов қызметте жақсы жағынан көзге түскені үшін ІІМ ІІ дәрежелі «Үздік» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, басшылық тарапынан бірнеше марапаттарға ие болған. Бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады. Кәсіби түрде еркін күреспен шұғылданады.
Бекарыс Сұлтанов өзгелерден өзінің қарапайымдылығы және байсалдылығымен ерекшеленеді. Ол әрқашан жолдастарына көмектесуге дайын адал дос, тамаша жанұяның басшысы, жұбайы екеуі тату-тәтті отбасы құрып отырған жайы бар. Өз ісіне берілген полицейге үлкен биіктерден көріне бер дегіміз келеді.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Түркістан облысы

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*