Салмақты сержанттың ерлігі

Қызметте қырағылық танытқан, азаматтардың өмірін оттан, судан құтқарып қалған батыр полицейлер бізде аз емес. Солардың бірі – Сұлтан Қуанышев. Кеудесіне медаль таққан жас жігіт жуырда Ішкі істер министрлігінің Оралда өткен «Бүгінгі заманның қаһармандары» акциясына қатысып, марапатқа ие болды. Енді жас батырдың ерлігі туралы кеңірек баяндайық.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы жол-патрульдік полициясының қызметкері, полиция сержанты Сұлтан Қуанышев қасындағы аға сержант Руслан Матеновпен бірге күндізгі ауысымды атқарып жатты. Жұмыс аяғына тақағанда қаланың Былғары зауыты шағын ауданы аумағында жер үйді өрт шалғаны туралы хабар түсті. Бұл маң үйлердің орналасу реті түсініксіздеу, іздеген мекенжайыңды табу қиынға түсетін жер болатын. Дегенмен, қайратты да жігерлі жас жігіттер межелеген жерге бес минутта келіп жетті. Осы кезде Өрт сөндіру көлігі мен Жедел жәрдем көлігі шағын ауданға келіп тұмсық тірегенмен, ықпыл-жықпыл арасынан өрт болып жатқан үйге тіке жолды таба алмай жүрген болатын. Аға сержант Руслан Матенов оларға жол көрсетуге кетті де, полиция сержанты Сұлтан Қуанышев өрт болып жатқан үйге бет алды.
«Бұл үйдің иесі қарт кісі, ол негізі көбіне қалада тұрады, бірақ, арасында келіп осы үйге от жағып, бір-екі күн аялдайтыны бар еді. Енді өртеніп жатыр, зейнеткер аман болса жарар еді» деп қаупін айтты зейнеткердің көршісі. Сұлтан Қуанышев өртеніп жатқан үйге беттегенде есік-терезенің түгел мұқият бекітілгенін көрді. Шатырдан шыққан түтін будақтап, кеңсірікті қысып барады. Жас жігіт жан-дәрмен қимылдап, амал-әрекет етіп есікті ашқан кезде көзді ашытып, қолқаны қапқан түтіннен ештеңені көру мүмкін емес еді. Осы сәтте Сұлтан бар ойы іште қалған адам болса тезірек құтқарып, өрттен аман алып шығу болып, қою түтіннің арасына еніп кетті. Көз аштырмайтын түтін арасымен тізерлей еңбектеп жүріп, ауыз үйдің терезе қақпағын ашты. Енді түртінектеп адамның өзін іздей бастады. Бір қырылдаған дауыс шығатындай. Көзді жасауратқан ащы түтін арасында тағы 3-4 метр еңбектеген кезде ес-түссіз жатқан адамның тұншығып жатқанын көрді. Сұлтанның өзі де бұл кезде өзін жайсыз сезіне бастаған, бірақ, ол осынау шешуші сәтте өзіне төнуі мүмкін қауіп туралы ойлап та жатпады. Бұл кезде түтін одан әрі қоюлана түскен. Сұлтан алпамсадай ер адамды арқасына салып сыртқа сүйрелей шықты. Ірі денелі адамды көтеріп шығару да оңай емес еді. «Тек тірі қалса екен, тек аман болса екен» дейді бар ойы. Әупірімдеп жүріп естен танған адамды сыртқы баспалдаққа жеткізгенде «жедел жәрдем» де келді.
Бұл кезде әрбір минут қымбат еді. «Жедел жәрдем» сол бойда Петропавл қаласындағы №3 қалалық ауруханаға жеткізгенде өртте қалған адамның жағдайы өте ауыр болғаны соншалық, тоғыз күн бойы жансақтау бөлімінде есін жия алмай жатқан. Бүгінде дәрігерлердің ем-домының арқасында өрттен зардап шекккен қарияның саулығы қалпына келген.
Өмірде неше түрлі адам болады, біреу өзінің азғантай жақсылығын міндетсініп, ел-жұрттың өзіне құрмет-қошемет көрсеткенін қалайды. Ал біреулер адам өмірін құтқарып қалған болса да, оны жұртқа жария қылмай, қызметтік міндетімді ғана орындадым деп ешкімнің назарын өзіне аудармай жүре береді. Жас жігіттің ақпанда жасаған ерлігі, 19 шағын ауданда болған өрт оқиғасында ес-түссіз жатқан зейнеткерді құтқарып қалғаны бейнежетонға түсіп қалған жазбаның арқасында белгілі болмағанда, оның өзі әлі күнге дейін елеусіз жүре берер ме еді. Иә, біздің кейіпкеріміз Сұлтан Қуанышев сондай қарапайым, біртоға, тәрбиелі жігіт.
«73 жастағы зейнеткердің өмірін құтқарып қалған жас батырға шын жүректен алғысымды білдіремін. Қою түтін арасында жатып қалған жұбайымның денсаулығы түзеледі дегенге үмітім аз болатын, тоғыз күн бойы жансақтау бөлімінде жатып шықты. Адамгершілігі мен ерлігі үшін полиция қызметкерлеріне өте ырзамын», – дейді зейнеткердің жұбайы Галина Махметова. Қазір зейнеткердің денсаулығына еш қауіп жоқ.
Сөйтіп, ақпанда болған оқиға көпшілік жұртқа бірнеше ай өткен соң барып мәлім болған. Ал 19 қазан – Құтқарушылар күнінде Төтенше жағдай департаменті басшысының атынан батыр жігіт Сұлтан Қуанышевке алғыс хат табыс етілді. «Мен, әрине, өзімді батыр деп есептемеймін. Бұл менің парызым. Адамдар кез келген қиындық туындаған уақытта біздей жігіттердің көмекке келетініне, қиындықта қалдырмайтынына сенуі тиіс», – дейді ол бізбен әңгімесінде. Шынын айтсақ, өзіміз бетпе-бет отырып сөйлескен жас жігіттің ата-анасына еріксіз ырза болғанымызды да жасырмаймыз.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы жол-патрульдік полициясы қызметкері, полиция сержанты Сұлтан Қуанышев қала іргесіндегі Бескөлде тұрады. 1993 жылы дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан облыстық университет жанындағы колледжді тәмамдаған. 2009 жылы заңтану мамандығын алған, әскерде болған, 2014 жылдан бастап қызметке кіріскен. Жуырда «Қазіргі заман қаһарманы» медалін тақты. Ол полицияға кездейсоқ келмеген. Біз одан қызметін не үшін жақсы көретіндігін сұрадық. «Әкемнің туған ағасы, анамның інісі, әкемнің інісінің ұлы, яғни бауырым да полиция саласында қызмет етті. Өзімнің мамандығым өзіме ұнайды. Бала кезімнен заңды, өз құқығымды білуге деген ынта-ықылас болды. Біздің қызметіміз күзет қызметі мен жолдағы қауіпсіздікке жауап береді. Осы екі бағыт – қоғам және жол қауіпсіздігі саласында жүйелі әрекет етіп, міндетімізді орындаймыз. Бұл жерде азаматтармен сауатты, мәдениетті қарым-қатынас жасау, заңды білу, соңғы кезде толықтырылған, жетілдірілген заңдарды біліп жүру де аса маңызды», – деп салмақты жауап қайырды.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, Астана-Петропавл-Астана, Суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*