Елбасын құрметтеу – ел болудың нышаны

Жылдағы дәстүрге сай, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні ішкі істер органдарында салтанатты жағдайда атап өтілді. Елбасының ел үшін атқарған еңбегі, ішкі істер органдарының қалыптасуына қосқан үлесі насихатталған іс-шаралар барысында мереке құрметіне үздік қызметкерлер марапатталып, кейбіріне мерзімінен бұрын әскери шендері табыс етілді.

ІІМ Көліктегі ПД
30 қараша күні ІІМ Көліктегі Полиция департаментінде Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған департамент басшылығы мен жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Салтанатты шара департамент бастығының бірінші орынбасары Талғат Өтетілеуовтің құттықтау сөзімен ашылды.
«Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктеріне үлес қосқан тұлға ретінде, бар қызметін өз халқы мен еліне арнаған әлемдік деңгейдегі біртуар саясаткер ретінде тарихқа енді», – деп атап өтті Талғат Жүкенұлы.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есбол Шаймерденов еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы барлық оң өзгерістердің бастамасында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қырағылығы, жан-жақты қолдауы және бастамашылдығы тұрғандығын атап өтті. Ардагер Ұлт Көшбасшысы өткен мен бүгінгінің терең мәселелерін қозғаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын ерекше атап өтті.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту ісінде өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарғаны үшін 180-нен аса көлік полицейі мен ішкі істер органдарының ардагерлері медальдармен, Ішкі істер министрінің және Көліктегі ПД бастығының грамоталарымен марапатталды. Олардың қатарында үздік тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер мен анықтаушылар бар.
Құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «ІІО үздік қызметі үшін» медалімен Павлодар стансасындағы Полиция желілік бөлімінің бастығы Ғалым Омарбеков марапатталды.
Қызметін үздік атқарғаны үшін марапатталғандардың ішінде аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, полиция подполковнигі Денис Құсайынов та болды. Ол ІІО-ғы қызметін 2005 жылы бастаған. Оның атқарған жұмысында біршама ашылған ауыр және аса ауыр қылмыстар бар.
Үздік тергеуші, полиция капитаны Аида Даетова ІІМ-нің алғыс хатымен марапатталды. Аида ІІО-ғы қызметін 2010 жылы бастады. Осыған дейін оған қызметін үздік атқарғаны үшін «Полиция үздігі» марапаты берілген болатын.
Үздік анықтаушы, полиция капитаны Руслан Қозыбаков ІІО-да 8 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үздік жетістіктері үшін Р. Қозыбаков 2013 жылы еліміздің «Үздік тергеушісі» атанды.
Шара соңында департаменттің жеке құрамына Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы фильм көрсетілді.

Ақтөбе облысының ПД
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ақтөбе облысының Полиция департаментінде мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрам қатысты. Салтанатты кеште Ақтөбе облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдар Төкеев құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының салиқалы саясаты нәтижесінде бүгінде көпұлтты мемлекетімізде ауызбірлік пен ынтымақ, тыныштық берік орныққанын атап өтті.
Мерекелік шарада Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау хаты оқылды.
12 қызметкерге ПД грамотасы, 13-не алғыс хат табыс етіліп, 338-не алғыс жарияланды және 65 қызметкерден бұрын салынған жазалары алынып тасталды.
Сонымен қатар, 6 тәртіп сақшысы «Астанаға – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Салтанатты шара соңында мерекелік концерт қойылды.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД
Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын облыстық Полиция департаментінде өтті.
Мерекелік бұйрықпен өңірдің 100-ге жуық тәртіп сақшысы марапатталды. Алты қызметкер кезекті басшылық құрамның офицерлік шендерін алды. Сондай-ақ, ПД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов төсбелгілерді, грамоталар мен алғыс хаттарды табыстады. Марапатталғандар арасында полиция сержанты Сұлтан Қуанышев та бар. Осы жылдың басында ол өрттен зейнеткерді құтқарып қалған болатын. Мереке қарсаңында Сұлтан Қуанышев Орал қаласында өткен «Қазіргі заман қаһарманы» форумына қатысты.
«Бұл – менің тек кәсіби емес, азаматтық міндетім. Сол сәтте өміріме қауіп төніп тұрғанын ойлаған жоқпын. Бірден құтқаруға кірісіп кеттім. Өз еліміздің патриоттары болып, азаматтарға қызмет атқаруымыз қажет», – дейді Сұлтан.
«Тұңғыш Президентіміздің саясаты, бірінші кезекте қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Осының арқасында Қазақстанда орнаған халықтар бірлігі, этносаралық және конфессияаралық келісім өзге елдер үшін үлгі болып отыр. Елдегі азаматтардың қауіпсіздігі, қоғамдағы тыныштық полиция қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты», – деп атап өтті облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.
Облыстық полиция ведомствосында бұл күні бүлдіршіндер де марапатталды. Мектеп оқушылары Полиция департаментінде өткен шығармалар байқауының жүлдегерлері болды. «Халқы тату-тәтті, егемен елде білім алып, тұрып жатқаныма қуаныштымын. Осылай елімізде әрдайым тыныштық пен бейбітшілік болсын деп тілеймін. Сондықтан шығармамды осы тақырыпқа арнадым», – дейді Есіл ауданы, Явленка селосы №3 мектебінің оқушысы Бекнұр Келісбаев.
Іс-шара ведомствоның шығармашылық ұжымы әзірлеген мерекелік концертпен аяқталды.

Маңғыстау облысының ПД
30 қарашада Ақтау қаласы ПБ-ның акт залында жеке құрамның қатысуымен Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шарада Ақтау қаласы ПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі М. Садақбаев Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың құттықтау жеделхатын оқып, әрі қарай мерекелік бұйрықтармен таныстырды.
Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері көрме ұйымдастырып, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Ел Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін түсіндіру мақсатында «Ел бағына туған ел» атты тақырыпта дәріс оқыды. Елбасы қызметіне арналған кітаптарды кітапхана қызметкері Әсия Досқалиева таныстырды.
Мұрын жырау атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжі студенттері туған ел, Отан, туған жер туралы өлеңдерін, поэзияларын орындады. Маңғыстау өнер колледжінің студенттері домбырамен күй тартып, жырдан шашу шашты.
Іс-шара соңында басқарманың Кадр жұмысы бөлімі қызметкерлерінің дайындаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты хроникалық деректі фильм көрсетілімі ұйымдастырылды.

Түркістан облысының ПД
29 қарашада Түркістан қаласы Мәдениет үйінде Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президенті күніне арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Мәдениет үйінің сахна төрінде шырқалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны мен ортаға әкелінген Көк Туымыз мерекенің еліміз үшін қаншалықты мән-маңыздылығын сездіргендей. Салтанатты іс-шараны Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағлан Халықов ашып, жеке құрамды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың саралы саясатының нәтижесінде ел бірлігі, тұтастығы сақталып, дамыған елдер қатарына қосылуына үлкен бағыт бағдар болып отыр», – деп атап өтті. Мерекеге Түркістан облысы Үлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев арнайы келіп, құттықтауын жеткізді.
Қызметінде абыройлы және кәсіби біліктілігімен танылған елуге жуық қызметкер салтанатты түрде марапатталды. Оның ішінде Ішкі істер министрінің бұйрығымен 20 қызметкер марапатталды. Атап айтсақ, ІІМ-нің бұйрығымен Сарыағаш ауданы ПБ-нің қызметкері Бауыржан Қуатов кезектен тыс «полиция подполковнигі» арнаулы атағын алды. Сондай-ақ, ІІМ-нің Құрмет грамотасымен Созақ ауданы Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Болат Қаныбеков марапатталды. ІІ дәрежелі «ІІО үздік қызметі үшін» омырау белгісімен 6 қызметкер және ІІМ-нің грамотасымен – 2, ІІМ-нің Алғыс хатымен – 9, Түркістан облысы ПД-нің, 31 қалалық, аудандық полиция бөлімі мен басқармаларының полицейлері марапатталды.
Іс-шарада Тұңғыш Президентімізге арналған қысқа метражды деректі фильм көрсетілді. Салтанатты мерекеде қалалық мәдениет үйінің өнер жұлдыздарымен қатар, Полиция департаментінің қызметкерлері – Түркістан қалалық ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы Ұлан Тұрсынбаев пен Сарыағаш аудандық ПБ-нің аға инспекторы Ақтолқын Кубегенова ән шырқады. 300-ге жуық полиция қызметкерінің қатысуымен өткен салтанатты жиын соңы облыстық өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Қызылорда облысының ПД
1 желтоқсан – Тұңғыш Президенті күніне орай, Қызылорда облысы Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында мерекелік іс-шара өтті.
Мерекеге арнайы түсірілген «Тұңғыш Президенттің өмір жолы» бейнеролигі департамент қызметкерлерінің назарына ұсынылды.
Шара салтанатты әнұран ырғағымен ашылып, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының құттықтау хаты оқылды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитов сөз алып, жиналғандарды, жеке құрамды айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін 136 полиция қызметкері, ардагерлер марапатталды.
Оның ішінде, мерзімінен бұрын «полиция подполковнигі» атағы Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Сәкен Сыздыққа берілсе, 7 қызметкер ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетерлік жайт, марапатталғандардың қатарында құқық бұзушылықтармен күресіп, құқықтық тәртіптің қамтамасыз етілуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген төменгі құрылым қызметкерлері, аудандық Полиция бөлімдері, қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері де бар.
Бұдан әрі шара концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер айтылып, мерекелік билер ұсынылды.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД
30 қарашада облыстық ТЖ департаментінің акт залында Тұңғыш Президент күнін тойлауға орай салтанатты іс-шара өтті. Оған ТЖД бастығы, генерал-майор Ж. Жұмашев, департаменттің және ведомстволық бөлімше жеке құрамы қатысты.
Салтанатты іс-шараның бастапқы сөзі ТЖД бастығы, генерал-майор Ж. Жұмашевқа беріліп, өзінің құттықтауын жеткізді. Ол: «Тұңғыш Президент күнін атап өте отырып, біз Елбасымыздың тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуы мен құрылуына қосқан өлшеусіз үлесін бағалап, оны келер ұрпаққа паш етеміз», – деді.
Шара барысында «Человек – эпоха – Назарбаев Н.А.» фильмі көрсетілді. Іс-шара соңында департамент қызметкерлерінің арасында көзге түсіп, абыройлы қызмет еткен адамдарға грамоталар, алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды. Салтанатты іс-шара соңында департамет бастығы жеке құрамға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, алдағы қызметтеріне жетістік тіледі.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*