Милиция жолында опат болған Отыншы

Оқырмандарымызға Алаш милициясын құру жолында жанын қиған күрескер Отыншы Әлжанұлы туралы сөз өрбітпекпіз.
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан, Халел, Жаһанша, Жақып, Отыншылар – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттың рухани көсемдері еді», – деген тұжырымы Отыншы Әлжанұлының қайраткерлігіне берілген шынайы бағасы.
Отыншы Әлжанұлы 1873 жылы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысында туған. 1887 жылы Зайсандағы орыс-қазақ мектебін тәмамдайды. Одан кейін Омбының қазақ-орыс гимназиясында білім алып, оны 1890 жылы аяқтаған соң, 1894 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын үздік бағамен бітіреді.
Көзі ашық, көкірегі ояу Отыншы 1907 жылы Петерборда өткен Бұратана халықтардың оқу ісі мен мектептері туралы ережені қайта қараған комиссияның жұмысына қазақ халқының өкілі ретінде қатысады. Жай ғана қатыспай, қазақ жеріндегі миссионерлік бағыттағы оқу жүйесінің зардаптарын талдап тұрып түсіндіреді. Алған бетінен қайтпайтын О. Әлжанұлы 1909 жылы қарашекпенді арызқойлардың кесірінен бес жыл мерзімге Жетісу облысының Қытаймен шектес Лепсі уезіне жер аударылады.
Жандармерияның қатаң бақылауында жүрсе де, Отыншы жекелей адвокаттық қызметпен айналысып, жергілікті қазақтардың мүддесін қорғаумен болды. 1914 жылы кесілген мерзімі біткен соң, «Жетісу қазағының сөзін жоқтайтын көзі ашық азаматы аз» деп, еліне қайтудан бас тартады. «Елдің басына мынандай пәле туып тұрғанда мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін», – деп азаматтық танытып Жетісуда тұрақтап қалады.
Міржақып Дулатұлы 1918 жылы Отыншы туралы жазылған «Тағы құрбан» атты мақаласында қайраткердің бағасын бір-екі ауыз сөзбен былайша жеткізеді: «Аз жылдың ішінде Отыншы өзінің кім екенін Жетісу еліне танытқан еді. Былтыр Жетісу облысы Отыншыны құрылтайға депутат қылып сайлады. Қыстыгүні Орынбордағы жалпықазақ-қырғыз съезінде Отыншы Жетісудан Алаш Ордаға сайланды».
Аз ғұмырында көп тірлік тындырған Отыншы Әлжанұлы, әсіресе, Алаш милициясы үшін ерен еңбек атқарды.
Міржақыптың аталмыш мақаласында: «Алматыда областной съезд ашылып, сол съезде қазақ милициясын жасау туралы кеңес болған еді. Отыншы марқұм сол съезде болып, жолдастарымен бірге Түркістан комитетінің бастығы Шкапскийге жолығып, қазынадан қазақ милициясы үшін 500 мың сом ақша алды», – деп жазады. Өкінішке қарай, Отыншы бұл ақшаны Лепсі қазынасына апарып салған кезде, аңдып жүрген большевиктер қазынаны тонап, талап әкетеді. 500 мың сом дегеніңіз бүгінгі тілмен айтқанда – 8 млрд теңгеге пара-пар ақша болатын. Орест Шкапскийдің осындай мәрттігін большевиктер кешіре алған жоқ. М. Дулатұлы: «Қазақ милициясы үшін 500 мың сом алып берген Шкапский сабазды, баласымен екеуін большевиктер абақтыда атып өлтірді», – дейді.
Автономия қамына кірісіп және милиция жасамақ болып жүргенін біліп, большевиктер Отыншыны және оның серіктері – Ибраһим Жайнақов, Сатылған Сабатаев үшеуін абақтыға жауып тастайды. «Бұлардың абақтыда көрмеген қорлығы жоқ, неше рет өлімнен қалды. Отыншылар ол жолы Құдай сақтап, абақтыдан аман құтылған еді», – дейді Міржақып. Бұл үшеуі тек Әлихан Бөкейхан Мәскеуге, Кеңес өкіметінің алдына мәселе қойғанда ғана босатылған.
Отыншылар абақтыдан Әлиханның көмегімен шыққан кезде большевиктер елге ойран салып, қазақтарды қырғынға ұшыратып жатқан болатын. Осылайша абақтыдан аман шықтым екен демей, Отыншы Жетісуда құрылған Алаш милициясының бастығы болып жүріп, қызыл үкіметке қарсы соғысады. Соғысқанда да жауына қырандай шүйліккен ерлігімен елге танылады. Кеңес үкіметінің өліспей-беріспейтін басты дұшпанына айналады. Отыншының күрес жолына қарасаңыз, оның Кеңес өкіметімен ешқандай да ымыраға келмегенін көреміз. Ол Көктұмаға кенеттен шабуыл жасаған «Тарбағатайдың қызыл тау қырандары» партизандарының қоршауында қалса да, берілмей, қорғана отырып, шіркеудің төбесіне шығып алып, пулеметпен атыса береді. Отыншыны ала алмайтынын көрген большевиктер ағаш шіркеуді өртейді. Өртенген шіркеудің мұнарасынан секіріп түскен Отыншыны қызылдар атып өлтіреді. Бұл оқиға 1918 жылы 21 тамызда болған.
«Алаш қозғалысы» жинағында зерттеуші И. Нұрахмет: «Отыншының отаршылдыққа қарсы іс-әрекетінің күштілігі сонша, Кеңес үкіметі оны өлімге кескен ауыр жазаға кегі тарқамай, батырдың ұрпақтарын да қырып тастаған екен», – деп жазады. Ұлтының бас бостандығы үшін бастарын өлімге де тіккен осындай Алаш арыстарына сталиндік режим тарапынан бір де бір аяушылық болмағаны белгілі. Өздерін өлтіру бір басқа, ағайын-туыстарын лагерьлерге айдау, бала-шағасын қыру деген большевиктердің нағыз қасапшылдығын көрсетсе керек. Міржақып сөзімен айтқанда: «Марқұм айтқанын қылды, елді пәлеге тастап, өзі бас амандап кеткен жоқ. Алаш жолында құрбан болды!».
«Ер есімі ел есінен ешқашан да шықпайды» деген осы, азаттық үшін күрескен Алаш арыстарына жасаған тағзым ретінде, қазақтың Отыншы Әлжанұлындай біртуар перзентінің қастерлі есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында 2016 жылдың тамызында оған арнап аудан орталығы Үржарда ескерткіш орнатылды.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*