Азаматтық форум – ашық диалог алаңы

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VIII Азаматтық форум өтті. Азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, халықаралық ұйым¬дардың және сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамытуды мақсат еткен форум аясында ІІМ басшылығы бейінді Үкіметтік емес ұйымдармен салалық кездесу өткізді.
Форумды алғысөзімен ашқан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов: «Бүгінгі біздің кездесуіміз алдағы уақытта халықпен ашық диалог жүргізіп, өзара әрекеттесуді дамыту мақсатында өтіп отыр. Кездесу кезінде екі сұрақ талқыланатын болады. Олар: адам саудасына қарсы әрекет ету және үкіметтік емес ұйымдардың ішкі істер органымен өзара әрекеттестігі мәселелері», – деді. Одан кейін ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин «Адам саудасына қарсы күрес» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында ІІМ-нің адам саудасына қарсы күресте жүйелі жұмыстар атқарып келе жатқанын айтты.
«Полиция органдары жыл сайын осы санаттағы 300-ге тарта қылмыстық істерді анықтайды. Соңғы үш жылда адам саудасымен айналысқан 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Сонымен қатар, ҚК-нің 262-бабы бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, еліміздің азаматтарын пайдалану мақсатында шетелге (Катар, Индонезия, БАӘ, Түркия) жөнелтумен айналысқан 6 канал жойылды. Бүгінгі күні біздің адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу, анықтау, тергеу жүргізуде іс-тәжірибеміз мол», – деді Арманбек Хәкімбекұлы. Оның айтуынша, елімізде адам саудасының құрбанына айналатын көбіне көп Орталық Азия азаматтары. Осыған байланысты сот шешімі шыққанға дейін шетелдік азаматтардың елімізде болу уақыты заңдық негізде ұзартылған. Департамент басшысы мәлімдегендей, 2014 жылдан бері әрбір 3 жылға адам саудасының профилактикасына бағытталған шараларды қамтитын үкіметтік жоспар қабылданып келеді. Қазіргі уақытта осы бағытта ІІМ-нің ұсынысы бойынша жасалған 2018-2020 жылдарға арналған жоспар жүзеге асырылып келеді. Департамент басшысы атап өткендей, адам саудасына қарсы күрес жүргізу бағытында ІІМ бірқатар ҮЕҰ-лармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Биылдың өзінде осы ұйымдарға арнайы қызмет алу үшін 45 тұлға жөнелтілген.
Бұл жөнінде толығырақ баяндаған «Көмек – уақытша тұру орталығы» жекеменшік мекемесінің төрағасы Анна Рыль: «Жергілікті деңгейде ҮЕҰ-лар адам саудасынынң алдын алу үшін үнемі сырт елдерге кетуді жоспарлаған азаматтармен, мигранттармен ұдайы жұмыс жүргізеді. Республикалық деңгейде де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. (Әлеуметтік зерттеулер, мониторинг, және т.б.) Алайда, мұның барлығы аздық етіп отыр. Бүгінде бұл мәселе мемлекет тарапынан қосымша қаржылық қолдау қажет етеді», – деді. Оның айтуынша, адам саудасының құрбаны ретінде танылған 41 адам орталық арқылы арнайы әлеуметтік көмек алған.
Сонымен қатар, 2016 жылы 143 адам құжаттандыру сұрақтары бойынша орталықтың көмегіне жүгінген. Ал 2017 жылы құжаттандыру мәселесі бойынша 174, 2018 жылы 182 адам көмекке жүгінген. Анна Игоревна басқарып отырған орталық 2018 жылы 338 адамға құжат мәселесі бойынша көмек көрсеткен. Одан кейін күн тәртібіне шығарылған екінші сұрақ бойынша ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов баяндама жасап, адам саудасымен күресте ІІО-ның ҮЕҰ-лармен әрекеттестігі, ана мен бала құқығының қорғалуы тақырыбын қозғады.
«Бүгінгі күні қазақстандық полицияны ҮЕҰ-лармен әрекеттестіксіз елестету қиын. Бүгінде ҮЕҰ-лардың белсенді азаматтық көзқарастары құқықтық мемлекет құруға көмектеседі. Жыл басынан бері ҮЕҰ-лардың қатысуымен білім беру мекемелері мен ЖОО-ларда 1 мыңнан астам іс-шара өткізілген. ҮЕҰ-лар барлық аймақтарда Әкімдіктер жанындағы аймақтық-антинаркотикалық штабтар құрамына кіреді. Бұл нашақорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс жоспарын құруда олардың потенциалын толық пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай ауқымды әлеуметтендіру жұмыстары бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан тұлғалармен де жүргізілуде. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жұмыстарды қоғамдық ұйымдармен бірлесіп өткізу әлдеқайда тиімді. Себебі, ҮЕҰ-лар мен қоғамдық ұйымдар азаматтарды әлеуметтендіру жұмыстарын жүргізуде тиімді құралдарды пайдаланады», – деді төраға орынбасары. Кездесу соңында күн тәртібінде қаралған сұрақтар бойынша дисскусия өткізілді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*