Акция жемісін беруде

Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу акциясының нәтижелері туралы баяндады.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ІІМ жыл сайын халықтан қару-жарақ сатып алу бойынша акция өткізеді. Осы жылы бұл акция 13 сәуірден бастап өткізілді. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 125,4 млн теңге бөлінген болатын. Акция шеңберінде азаматтар 2454 атыс қаруын, 35 мың дана ойық ұңғылы қарудың патрондарын тапсырған.
Мұндай акцияларды 2008 жылдан бері өткізіп келеміз. Содан бері жыл сайын үздіксіз өткізіліп жүр. Акция нәтижесі бойынша, халық ерікті түрде ақшалай сыйақыға 7 мыңнан астам атыс қаруын және 1 милионнан астам ойық ұңғылы қарудың патрондарын тапсырды. Жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд теңге болатын қару-жарақ заттары сатып алынған.
Акция нәтижесінде халықта заңсыз сақталған қарулардың саны азаюда. Мәселен, азаматтар 2008 жылы ерікті түрде 13 мыңнан астам қару тапсырса, биыл 2,4 мыңнан астам қару тапсырып отыр. Яғни, тапсырылатын қару 5,5 есеге азайып отыр», – деді Мақсат Қайрошұлы. Оның айтуынша, бұл акцияның осындай нәтиже беруі халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілгенінің арқасы. ӘПК өкілі түсіндіріп өткендей, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Бұл ІІМ тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жалғыз шара емес. Бұдан бөлек «Қару», «Браконьер», және т.б. профилактикалық шаралар кезінде де заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілер алынады. Биыл да осындай шаралар кезінде шамамен 2 мың атыс қаруы алынған.
Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігінің тағы бір дәлелі – атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстар санының төмендеуі. «Мәселен, соңғы 5 жылда мұндай қылмыс саны 2 есеге азайған. Биыл өткен жылмен салыстырғанда мұндай қылмыстар саны 19,7 пайызға төмендеген. Осындай іс-шаралардың тиімділігін ескере отырып, акцияны алдағы 3 жыл көлемінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 309 млн теңге бөлінді», – деді Мақсат Байболов.
Брифингтің ресми бөлігінен кейін ол журналистердің сұрақтарына жауап берді. Акция туралы сұраған журналистерге ол: «Жыл сайын өткізіліп жүрген акциялардан байқағанымыз, бір жағдай жыл сайын қайталанбайды. Әр жылы өзінің ерекшеліктері болады. Осы акция кезінде көне қару-жарақтарды тапсыратындар да болады. Оның ішінде, тарихи маңызы бар қарулар да кезігіп жатады. Мысалы, Петропавл, Өскемен, Семей, Атырау қалаларында азаматтар тарихи маңызы бар қарулар тапсырған болатын. Бұл қарулар ҰОС-нан қалған», – деп жауап берді.
Ол, сондай-ақ, өзінің жауабында ерікті түрде тапсырылатын атыс қарулары ІІМ-нің барлық талаптары бойынша тексерілетінін айтты. Айтуынша, тексеру кезінде атыс қаруы криминалдық мақсатта қолданылғаны анықталып жатса, оған ақшалай сыйақы төленбейді. Мұндай қару есептен алынып, тәркіленеді. Сондай-ақ, ол аңшылық қаруға қатысты мән-жайды түсіндіріп өтті. Себебі, акция аясында аңшылық қаруды тапсыруға болатынын не болмайтынын сұрап жататындар бар. Оның айтуынша, заңды түрдегі рұқсаты бар аңшылық қару қабылданбайды. Тек заңсыз сақталған қару-жарақтар алынады. Ерікті түрде тапсырылған барлық қару жойылады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*