Шекаралық сенімді байланыс

Ресей Федерациясының Омбы қаласында Петропавл стансасындағы Желілік полиция бөлімінің және Ресей Федерациясы Омбы ЖІІБ басшыларының қатысуымен «Шекаралас ынтымақтастық» тақырыбына жұмыс кездесуі болып өтті.
Шараның мақсаты – темір жол және әуе көлігі нысандарындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша жедел іздестіру және профилактикалық іс-шаралардың бірлескен кешенді жоспарларын әзірлеудің, қызмет атқаратын көлік нысандарында жедел жағдайдың жай-күйі туралы ұдайы түрде ақпарат алмасу, шекаралас аумақтарда заңсыз есірткі айналымының алдын алу, сонымен бірге, заңсыз көші-қонды болдырмау.
Ресей Федерациясы тарапынан кездесуге Омбы ЖІІБ бастығы, полиция полковнигі А. Кайзер, Ресей Федерациясы ІІМ Омбы ЖБ бастығының орынбасары, ішкі қызмет полковнигі З. Серікбаев, Омбы ЖБ штаб бастығы, полиция полковнигі Н. Закирзянова қатысты.
Ал Қазақстан тарапынан Петропавл стансасындағы ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі Қ. Тұрғанбеков, ЖПБ бастығының орынбасары, полиция майоры С. Қаражігітов, Штаб бастығы, полиция капитаны Д. Құсайынов, КПБ бастығы, полиция майоры А. Снежков және Петропавл қаласы әуежайы ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі Д. Омаров қатысты.
Кездесу барысында Көліктегі ішкі істер органдары арасында шекаралық әріптестікті одан әрі нығайту аясында үш мәселе, атап айтқанда, темір жолдағы жылжымалы құрамнан жүктерді ұрлауға қатысты қылмыстарды ашу және оның жолын кесу, есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алу, терроризмнің алдын алу үшін біріккен шараларды жүргізу, сонымен бірге, заңсыз көші-қонды болдырмау мәселелері кеңінен талқыланды.
РФ ІІМ Омбы ЖІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі А. Кайзер Омбы ЖІІБ қызметімен таныстырып өтті. Сөз соңында ол: «Соңғы кезде Ресей және Қазақстан көлік полицейлерінің қылмыстарды анықтау мен ашу, халықаралық қылмыспен күресу бойынша жұмысының жанданып келеді», – деп тоқталып өтті. Сонымен бірге, болашақта әрі қарай бірігіп қызмет атқаруға шақырды.
Проблемалық мәселелер жайында да сөз қозғалды. Жұмыс кездесуін қорытындылай келе шекара арқылы заңсыз түрде есірткі тасымалдауға мүмкіндік тудырмау, екі ел қызметкерлері арасында кәсіби байланыстарды кеңейту, қылмыспен күресте өзара бірлесе іс-қимыл жасау бойынша ұзақ мерзімді бірлескен іс-шаралар атқару үшін хаттамаға қол қойылды.
Кездесу соңында Петропавл стансасындағы ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі Қанат Тұрғанбеков Ресей ІІМ Омбы ЖІІБ басшыларының қызметтеріне табыс тілеп, Қазақстан және Ресей көліктегі құқық қорғау органдары арасындағы қарым-қатынас келешекте тек қана сенім деңгейінде жалғасын табатынын айтып өтті.

Петропавл стансасындағы ЖПБ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*