Көрнекі шараның әсері мол

Ақмола полицейлері оқушыларға қоян-қолтық күресінің тәсілдерін көрсетті.
«Бақытты балалық шақты қорғау» жобасы аясында жуырда облыстық Полиция департаментінің спорт кешенінде орта мектептердің 50-ден астам оқушысы алдында жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жауынгерлері мен каратэ-киокушинкай секциясы тәрбиеленушілерінің көрсетілімдері өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары Көкшетау қаласының Полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері.
Шара барысында «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы басшысының бірінші орынбасары Мұрат Жанайдаров және «СӨС» ЖҚ психологы Эльмира Приходько оқушыларға саламатты өмір салты мен спортпен айналысудың пайдасы жайлы әңгімелеп өтті.
Оқушылар алдында мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Руслан Дүкенбаев сөз сөйлеп, балаларға мектептегі тегін секциялардың жұмысы туралы айтып, сабаққа жазылуға шақырды. Сонымен қатар, мектептің каратэ-киокушинкай бөлімшесінің тәрбиеленушілері оқушыларға шығыс жекпе-жектерін меңгеру дағдыларын көрсетті.
Іс-шараның шарықтау шегі – Полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағы қызметкерлерінің өнер көрсетуі болды. Полиция қызметкерлері балаларға жауынгерлік дайындық элементтерін паш етіп, сондай-ақ, ЖҚАЖ жауынгеріне тән қажетті қасиеттерді түсіндірді.
Бүгінгі таңда жасақтың барлық қызметкері тамаша дене дайындығына ие, олардың ішінде халықаралық спорт ареналарында Қазақстан атын паш еткен спортшылар да бар. Сонымен қатар, арнайы бөлімше қызметкерлері психологиялық дайындықтан өтіп, кез келген жағдайда қызмет атқара алады. Іс-шара барысында полицейлер тек жауынгерлік амалдарды ғана емес, қару-жарақпен жұмыс істеу дағдысын да көрсетті.
Өнер көрсету аяқталғаннан кейін көрермендер арнайы бөлімше офицерлерімен суретке түсіп, ал сарбаздар өз кезегінде балаларға қоян-қолтық күресінің кейбір элементтерін көрсетті.
Іс-шара аяқталғаннан кейін де оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, кейбіреулері болашақта өмірін полиция қызметімен байланыстыруға ниет білдірді.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*