Әлем біріншілігінде топ жарды

Жуырда Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің сарбазы, қазақстандық самбошы Нұрбол Серіков Румыния астанасы Бухаресте ерлер мен әйелдер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Дүниежүзілік доданың алғашқы күнінен бастап қарсылас шыдатпаған Нұрбол 68 кг салмақта финалда Әзербайжан елінің өкілі Эмиль Гасановпен кілемге шықты. Аса тартысты белдесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Дегенмен, соңғы ұпайды қазақстандық балуан алғандықтан, жеңіс Нұрболға берілді.
– Мен бірте-бірте қарқынды үдете түстім. Бір жыл бұрын әлем чемпионатының жартылай финалында осы балуанға есе жіберіп едім. Соның қарымтасын қайырдым. Қуанышымда шек жоқ. Белдесу барысында ұстанған тактикам өз жемісін берді. Тізгінді уысымнан шығармай, үнемі шабуылдаумен болдым. Осы жарысқа дайындалуға барынша жағдай жасап, қол ұшын берген Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов пен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Сералиевке мың да бір алғысымды білдірем», – деді Нұрбол жарыстан кейін.
Айта кетейік, қатардағы жауынгер Нұрбол Серіков 1993 жылы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Алғашқы бапкері – Жеңіс Стамғазиев. Бүгінгі таңда Серік мерзімді әскери қызметін Орал шаһарындағы 5517 әскери бөлімде абыроймен атқаруда.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*