Үлгілі әке, жауапты маман

Осы бір қоңыр мінезді, қазақтың қара торы жігіті Ғалымжанның жақсы мінездері көп-ақ. Әсіресе, сыпайылығы, мәдениеттілігі, жауапкершілігі оның негізгі қасиеті. Отбасында жақсы тәрбие көріп, онысын өзінің үйелменіне сіңіре білген, балаларына қамқоршы әке, жарына сенімді тірек, жұмысына адал жан болуы оның мерейін одан әрі асырғандай. Ілтипаттылығы да көрер көзге көрініп тұрады.
Әңгімемізге арқау болып отырған Ғалымжан Әділов 1977 жылы 15 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1994-1998 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша аяқтаған. Оған қоса, біліктілігін арттыру мақсатында екінші рет жоғары оқу орнына Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетіне түсіп, 2005 жылы «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жастық шағы тоқырау заманына тұспа-тұс келсе де, өз алдына үлкен мақсат қойып, адал қызмет етсем деген ниетпен жастайынан әртүрлі салада қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Мұның барлығы да сол кездегі тіркелмеген жұмыс орындарына байланысты ресми түрде еңбек кітапшасына енгізілмеген. Жоғары оқу орнын бітірген соң небәрі 22 жасында отбасын құрады. Одан кейінгі негізгі кәсіби еңбек жолын 2001 жылы Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің жетекші маманы болып бастаған. 2006 жылға дейін Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің Қызылорда аумақтық бөлімшесінде сот орындаушысы болып еңбектенеді. 2006 жылдан бастап Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау басқармасының әкімшілік жұмыс, қаржы, талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы, 2008 жылы облыстың апаттық-құтқару қызметі бөлімінің бас маманы, 2009 жылы ішкі бақылау бөлімінің бас маманы, 2014 жылдың қараша айынан бастап Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Штаб-тобының бас маманы қызметтерін лайықты атқарып келеді.
Отбасы жарасымдылығы мен адал еңбек етуді қатар алып келе жатқан Ғалымжан кейінгі отау құрған жастарға үлгі боларлықтай. «Қазіргі уақытта үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Жан-жарым Айнұр Мешітбайқызы Ақмешіт гуманитарлық институтында аға оқытушы болып қызмет атқарады. Үлкен ұлым Ардақ Тоқжан Н.Назарбаев атындағы интеллектуалдық мектепті жақсымен тәмамдап Қазақ-британ университетінің ІІ курс студенті атанды. Одан кейінгі ұлдарым – Ернұр №10 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы, Әлихан сол оқу орынның 1-сынып оқушысы»,– дейді ол.
Балаға тәрбие әке-шешесінің қанымен, жанымен беріледі десек, әке туралы айтпай кетуге болмас. «Марқұм әкем – Сағынай Тоқжанұлы жас кезінде ауылшаруашылық саласында мемлекеттік техникалық бақылаушы, механикалық зауытта басшы, конкурстық басқарушы қызметтерін абыроймен атқарған білікті басшы болған, – дейді әкесін толғаныспен еске алады Ғалымжан. Ал, анасы – Лиза Әубәкірова бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты әже. Анасы да мамандығы бойынша «Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау» саласында лаборант болған, орта арнаулы оқу орындарында студенттерге химия, биология пәндері бойынша дәріс оқыған ұстаз. 2014 жылы басшылық тарапынан Сағынайұлы Ғалымжанның еңбегі еленіп, министрліктің Алғыс хатымен марапатталды. Біліктілікті көтеру курстарында білімін көтерді. Биыл 2018 жылдың 24 тамызында ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың №244 бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарғаны және Конституция күнін мерекелеуге байланысты Мақтау қағазымен марапатталды.

Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*