Талқыға түскен тақырып – өрт қауіпсіздігі

Кеше Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздегі өрт қауіпсіздігінің жай-күйі және оны қамтамасыз ету іс-шаралары жөнінде баяндады. Үкімет сағаты шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде кең ауқымды материалдар мен ақпараттық тұрғыдан танымдық көрме ұйымдастырылып, депутаттар халықаралық тәжірибені талқылап, өрт қызметінің қауіптілігі мен жауаптылығы жөнінде қысқаша видио ролик көрсетілді.
Жиынға Ішкі істер басшылығынан бөлек, мүдделі министрліктер, ведомстволар және Бас прокуратура, Жоғарғы сот, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Астана қаласы әкімінің орынбасары, сондай-ақ, БҰҰ Балалар қорының және Қазақстандағы «Қызыл жарты қызыл ай» қорының өкілдері қатысты.
Үкімет сағатын ашқан Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко шағын видеода көрсетілген кадрлардың барлығы шынайы өмірден алынғандығын, елімізде болған өрт оқиғалары кезінде түсірілген таспалар екенін атап өтті. «Бұл жерде кинодан алынған бірде-бір кадр жоқ. Видеодағы көріністерден-ақ біраз жайттан хабардар бола аламыз», – деді Владимир Карпович.
Үкімет сағатына дайындық тәртібі бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері – Василий Олейник, Асылбек Смағұлов, Берік Дүйсенбинов, Магеррам Магеррамов және тағы да басқа бірқатар депутаттар еліміздегі өрт сөндіру және қадағалау қызметтерінің объектілеріне арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршіліктерімен танысып қайтқан еді.
Қазіргі таңда өрт сөндіру және өртті қадағалау қызметінде18 мыңнан астам маман күнделікті қауырт та қауіпті қызметтері – өрт қауіпсіздігінің алдын алу, тілсіз жауды болдырмау, салдарын жою секілді ауқымды жұмыстарын атқарып жүр. Соңғы бір жыл көлемінде бұл сала нормативтік-құқықтық базасын жетілдіріп қана қоймай, жеке құрамның кәсіби дайындығын арттыру, өрт сөндіру инфрақұрылымдарын, атап айтқанда, аймақтағы қызметтердің материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңғырту секілді мәселелерге де ерекше мән беріп келеді.
Өз баяндамасында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов өрт қауіпсіздігін сақтау кезіндегі өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда ол аймақтардағы өрт деполарының инфрақұрылымын дамытуда қаржылық сұрақтарды шешу, осы қызметте жүрген мамандарды әлеуметтік қамсыздандыру және жалақы көлемін көтеру, құрылыс алаңдарындағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне қатаң бақылау жасау, мемлекеттік өртке қарсы қызмет іске қосылмаған жергілікті жерлерде өрт сөндіру бекеттерін құрудың заңдық нормаларын жүзеге асыру секілді түйіні шешілмеген сұрақтарды жан-жақты талқыға салды.
«Елімізде жалпы өрт мәселесі күрделі жағдайда. Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің және жергілікті атқарушы органдардың қабылдап жатқан шаралары айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт тіркеледі. 2015 жылдан бүгінге дейін өрттен 3 319 адам зардап шекті, оның ішінде 1 410 көз жұмды. Тікелей өрттен келген материалдық залал 12 млрд. теңгені құрады», – деп атап өтті Қ. Қасымов. Министрдің сөзіне қарағанда, ең көп өрт Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында тіркелген. «Өртке қарсы қызметтің бақылауымен қамтылған нысандарда қызыл жалынның қаупі айтарлықтай төмен. Осы нысандарға елімізде тіркелген өрттің тек 10 пайыз үлесі ғана тиесілі. Өрттің басым бөлігі мемлекеттік өртке қарсы қызметтің бақылауымен қамтылмаған салалар да тіркеліп отыр. Бұл тұрғыда тұрғын үй секторы, көлік, орман және дала өрттерін атап өткен жөн. Қазіргі кезде өрттің 70 пайызы тұрғын үй секторында болады. Оған қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеу, электрқұрылғылардың, пештердің ақаулығы, сондай-ақ, балалардың отпен ойнауы себеп болып жатады», – деді ведомство басшысы. Сонымен қатар, министр орман және дала алқаптардағы өрт қауіпсіздігі проблемасы ерекше назарды талап ететінін атап өтті. «Ауыл шаруашылығы министрлігі, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар құзыретіндегі орманды жерлерді тілсіз жаудан қорғау деңгейі әлі де төмен. Өткен үш жылда елімізде екі мыңнан астам табиғи өрт тіркеліп, 1,4 гектар жерді шарпыды. Осы жылдары орманды алқаптарға келтірілген шығын 674 млн теңгеге бағаланды. Өрт кезінде 17 адамның өмірі қиылып, 11 жарақат алды», –деді Қалмұханбет Қасымов.
Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сонымен қатар биыл еліміздегі сауда орындарын тексеруден кейін 1,2 мың адам жауапкершілікке тартылғанын да мәлім етті.
Қазіргі таңда Қазақстанда 23 өрт сөндіру депосы апатты жағдайда тұр. «Ресейдегі Кемероводағы оқиғадан кейін біз еліміз бойынша сауда орталықтарында тексеру жүргіздік. Үш айдың ішінде 1240 сауда нысаны тексеріліп, 15 мыңнан астам ереже бұзу дерегі анықталып отыр. Әкімшілік жауапкершілікке 1220 адам тартылып, оларға 19 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», – деді министр. Осы орайда министр тек 23 нысанда қауіпсіздік жағдайы лайықты деңгейде қамтамасыз етілгендігін атап өтті. «Берілген нұсқаулар аясында 776 нысан бойынша кемшіліктер толықтай жойылды. Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамаған 138 нысанға қатысты материал сотқа жолданды», – деді Қ. Қасымов. Естеріңізде болса, биыл 25 наурызда Кемеровода «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығы өртке оранып, қайғылы оқиға салдарынан 60 адам қаза тапқан еді. Олардың қатарында 40 бала болған.
Парламент Мәжілісінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өрт сөндіру деполарының тапшылығы сезіліп отырғандығын да мәлім етті.«Бүгінде елімізде 422 өрт сөндіру депосы бар. Олардың жартысынан астамы заманауи талаптарға сай келмейтін ғимараттарда жұмыс істейді. 23-ке жуығы апатты жағдайда болса, осыншалықты көлемдегі депо жалға алынатын нысандарда орналастырылған. Тиісті деңгейге жеткізу үшін ел аумағында 137 кешен салу керек. Оның 111-і қалалық жерде, ал 23-і ауылдық жерде қажет», – деді министр. Осы орайда ол соңғы үш жылда жеті өрт сөндіру депосы салынғанын, оның алтауы республикалық және біреуі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылғанын атап өтті. «Биыл да жағдай өзгермеді. Республикалық бюджет аясында тек екі депоның, яғни, Орал мен Маңғыстау облысындағы нысанның құрылысына қолдау жасалды. Бұл мәселеде Астана, Шымкент қалаларының және Атырау облысы әкімдігінің жұмысын бағалауға болады. Олар жергілікті бюджет қаржысы есебінен әрқайсысы өрт сөндіру депсының құрылысын жүргізуде», – деді Қ. Қасымов.
Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік және ведомстволық органдардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстары назарға алынды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*