«МИ-8» тікұшағымен тәжірибелік жаттығу

Жуырда шұғыл әрекет ететін қызметтердің ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою іс-қимылын тексеру мақсатында «МИ-8» тікұшағымен тәжірибелік жаттығу өткізілді. Жаттығудың мақсаты – Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының тікұшақты қолдана отырып, ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою іс-қимылын пысықтау.
Жаттығу кезінде жерге құтқарушыларды тікұшақтан түсіру; құтқарушы-кинологтарды іздестіру иттерімен іздестіру орнына тікұшақ арқылы түсіру; тікұшақ арқылы көтеру құрылғысы көмегімен адамдарды су бетінен көтеру жұмыстары пысықталды.
Жаттығуға 53 қызметкер мен 8 бірлік техника, 1 тікұшақ қатыстырылды. Жаттығу 10 сағат 00 минутта басталды. Шартты құтқару жұмыстары мақсатында Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің штабы ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу барысында штаб шұғыл әрекет ету қызметтерімен байланыста болып, тапсырмалар берді және алынған ақпараттардың орындалуы жөнінде өңдеу жұмыстарын жүргізді. Одан соң шұғыл әрекет ететін құрылымдар төтенше жағдайдың зардаптарын жою, зардап шегушілерді құтқару, эвакуациялау, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жүргізді.
Жаттығу соңында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Ә.Марданов қатыстырылған апаттық-құтқару қызметтерінің іс-әрекеттеріне «дайын» деген баға берді.

Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысының
ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*