Фантаст-жазушының жаңа туындысы

Астанада «На страже» газетінің бас редакторы қызметін атқарған әріптесіміз, жазушы, журналист, редактор, Ш. Айтматов атындағы Қор премиясының лауреаты, сондай-ақ, халықаралық және қазақстандық байқаулардың жүлдегері, «Болашақ» степендиясының иегері Азамат Байғалиевтың «Біз – марстықтармыз» атты фантастикалық әңгімелері топтастырылған жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шара барысында журналист, телерадио жүргізушісі, «Қазмедиа» медиамектебінің директоры Махаббат Есен, Rotary Club Astana қайырымдылық қорының президенті Марат Райымханов және ақын, «На страже» газетінің бас редакторы Әнуар Омар сөз сөйледі.
Жас фантаст-жазушы келген қонақтарға бұл туындысына енген шығармалардан үзінділер оқып берді. Оқырмандарымызға таныс болуы үшін айта кетсек, фантаст-жазушы А. Байғалиевтың туындылары «Новый мир» (Ресей), Қазақстанда шығатын «Простор», «Аманат» «Нива» және тағы да басқа көптеген республикалық-әдеби журналдарда жарық көрген.
Тұсаукесер барысында Азамат Байғалиев: «Мен үшін «Біз – марстықтармыз» атты кітабымның сөрелер мен интернет-дүкендерде пайда болуы – қазақстандық оқырманға отандық фантастиканың бар екенін көрсету еді. Бізде көптеген фантаст қаламгерлер бар және бір күні біздің жанрымыз елімізде танымал болады деп есептейміз. Сонымен бірге, фантаст-жазушы мамандығы сұранысқа ие болуы үшін фантастикалық индустрияны дамытып, әдеби фантастиканы қолға алу керек. Бұл негізгінің негізгісі. Өйткені, дәстүр бойынша қоғам фантастикаға әдебиет деп қарайды. Әрине, ол тек әдебиет қана емес, болашақ замандардың шындыққа айналар айнасы да», – деп ой толғады. Сондай-ақ, жас қаламгер Мәдениет және спорт министрлігінің фантастика жанрына да көп көңіл бөлгендерінің дұрыс болатындығын жеткізді.
Кітап сатылымынан түскен барлық қаражат Rotary Club Astana қайырымдылық қорының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңын жасауына жұмсалады.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*