Құтқару күштері қысқа дайын

Қарашаның басында республикамыздың барлық аумағында Азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесінің күштері мен басқарма органдарының қысқы мерзім уақытындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оның салдарын жоюға дайындығын тексеруге арналған «Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Төменде бірқатар өңірдегі оқу-жаттығудың қалай өткенін ұсынып отырмыз.

Астана қаласы ТЖД
Астана қаласында 2018-2019 жж. қысқы кезеңде төтенше жағдайлардан халықты және аумақты қорғауды ұйымдастыруға дайындық бойынша өткен шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетов арнайы қатысты.
«Ырыскелді қажы» мешітінің аумағында өткен оқу-жаттығу барысында рейстік автобус жолаушыларын эвакуациялау, мұз астына түсіп кеткен балықшыларды құтқару, жылу құбырларындағы апатты жою тапсырмалары орындалды.
Шараның шарты бойынша 112 құтқару қызметіне Көкшетау-Астана рейстік автобусының жолаушыларынан қоңырау түсіп, олар көктайғақ нәтижесінде автобус тас жолдан шығып кеткенін, автобуста 30 ересек адам бар екенін хабарлады. Жедел жәрдем көрсету үшін департаменттің күштері мен құралдары, медициналық бригадасы мен құтқарушы жасағы және 5573 әскери бөлімнің жеке құрамы жол талғамайтын «Трэкол» автокөлігімен төтенше жағдай туындаған орынға жіберілді.
Сондай-ақ, кезекшілік қызметіне балықшыдан қоңырау түсті. Ол мұз үстінде балық аулап жатқанда аяқ астындағы мұз бөлініп, ағыспен өзін жағадан бірнеше шақырымға алыстатып алып кеткенін хабарлайды.
Осы оқу-жаттығу барысында міндет етіп қойылған тапсырмалардың бәрі тиісті дәрежеде орындалды.
Өз сөзінде ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор В. Беккер: «Бүгін біз Астана қаласының жедел әрекет ету қызметтері дайындықтарының қаншалықты деңгейде екеніне куә болдық. Сонымен қатар, оқу-жаттығудың жапа шеккендерге медициналық қызмет көрсету, жолаушыларды қауіпсіз жерге құтқару және шығару бойынша тактикалық-мамандандырылған іс-әрекеттері сараланды. Және бүгінгі оқу-жаттығу алдына қойған мақсаттар орындалды», – деді.
Оқу-жаттығуға 31 техника мен жеке құрамның 125 адамы жұмылдырылды.

Ұлттық ұланның 28237 әскери бөлімі
2 қарашада ІІМ Ұлттық ұланының құрылымына кіретін азаматтық қорғаныстағы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімнің жеке құрамы да тартылды.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша Алматы қаласы, Алатау ауданы, Алғабас шағын ауданындағы ТЭЦ-2 жылу-энергия стансасының аумағында мазуттык цех өртке оранады. Апат орнындағы ауаның ластануы мен аумағының зақымдалуын тексеру және ондағы адамдарды құтқару, төтенше жағдай салдарын жою бойынша 28237 әскери бөлім радиациялық-химиялық және биологиялық қорғаныс ротасының жеке құрамы АРХР және АРС-14 арнайы көліктерімен апат орнына дереу жетіп, есептоптарымен ауданның химиялық ахуалы мен жай-күйін бағалау бойынша барлау жүргізіп, құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар, ауаның, топырақтың мөлшерлерін алып, оны тексеруден өткізіп, нәтижелерін Алматы қаласының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің азаматтық қорғаныстағы радиациялық, химиялық және биологиялық қызметінің мамандарына жіберді. Өндірістік цехта толыққанды химиялық барлау жүргізіп, химиялық удың шекті мөлшерлі концентрациясын бағалап, арнайы өңдеу жұмыстарын жүргізді.
Жалпы оқу-жаттығу барысында ұландық құтқарушылар өздерінің арнайы құтқару құралдарын жақсы меңгергендігін, кәсіби тұрғыда біліктіліктерінің шыңдалғанын көрсетіп, өзге де құтқару қызметтерінің мамандарымен тәжірибе алмасып қайтты. Олардың жедел іс-қимылдары мен атқарған жұмыстарына Алматы қаласы Төтенше жағдай жөніндегі департаментінің өкілдері жоғары баға берді.

Абдужалил ЕРНАЗАРОВ

Ақмола облысы ТЖД
Оқу-жаттығу шеңберінде Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы М. Шапағатов және әкімдік өкілдерінің қатысуымен «Вираж» автосалонының аумағында шұғыл ден қою облыстық және қалалық қызметтерінің байқауы өтіп, онда шұғыл ден қою қызметтері мен құрамаларының әзірлігі паш етілді.
Шараға Көкшетау қаласының аппарат әкімдігі, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша комиссиясы, Ақмола облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің азаматтық қорғау қызметі, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ облыстық филиалы, «Астанателеком» телекоммуникациясының өңірлік дирекциясы, Көкшетау қалалық Полиция басқармасы, «Жедел көмек көрсету стансасы» МКҚК, т.б. ұйымдар жұмылдырылды.
Төтенше жағдайларда апаттық-құтқару қызметтерімен өзара іс-қимыл тәртібімен ақпарат алмасу және өзара құлақтандыру тәсілдері пысықталды.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі М.Қ.Шапағатов басты міндет – төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке құрамның жинақталуы, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударып, кез келген жағдайларға дайын болу керектігі туралы ескертті.
Осы шараға 26 техника, жеке құрамнан 196 адам тартылып, өздерінің дайындығын көрсетті.

Қарағанды облысы ТЖД
«Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында апаттық-құтқару қызметтері және құрамаларының бөлімшелері адамдарды іздестіру және құтқару топтарымен адамдарды құтқару, іздестіру және эвакуациялау бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізді.
Арнайы-тактикалық оқу-жаттығуға 46 адам және 13 техникадан құралған 8 құрама тартылды.
Шараға ІІМ ТЖК аумақтық бөлімшелерінің жедел-құтқару бөлімшелері, Ұлттық ұлан «Орталық» ӨҚ 52859 әскери бөлімі, облыстық, қалалық және аудандық жедел әрекет ету жасақтарына кіретін ұйымдар, адамдарды іздестіру және құтқару топтары тартылды.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша, қатты қар жауу және желдің күшеюі нәтижесінде 3 адамнан тұратын аңшылар тобы Қарқаралы ауданы, Жарлы ауылынан аңшылыққа шыққанда адасып кеткен. Аңшылардың біреуі паналайтын жер тауып, ұялы байланыс арқылы «112» телефонына хабарласып, тұрған жерлері туралы координаттарын жеткізді. Басқа екі аңшы елді мекендерге қарай көмек үшін жаяу екі жаққа кеткен.
Қарағанды облысы ТЖ департаментінің жедел кезекшісі арқылы төтенше жағдай туралы дабылды алғаннан кейін жедел-құтқару жасақтары бөлімшелерін жедел хабарландыру жүргізілді. Жоғалғандарды іздестіру және құтқару үшін оқиға аймағына күштер мен құралдар жіберілді. Бұлар – «ТРЭКОЛ» мен «ВЕЯ» қарда-сазда жүретін 2 техника, кинологиялық есептер, сонымен қатар, ҰҰ «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 52859 әскери бөлімінің құтқару құрамасы «Ужгур» жол талғамайтын техникасы.
Жедел-құтқару жасағының кинологиялық топтары көп ұзамай екі зардап шеккен адамды бірден тапты. Құтқарушылар эвакуация жасап, жылыту пунктіне жеткізілді.
Оқу-жаттығудың екінші бөлімінде екпінді және күрт жел салдарынан Балқаш көлінде ашық акваторияға балықшылар қайықпен түсіп кеткен. Қайықтағы 2 балықшының біреуі үсік алып, ес-түссіз жатты, шұғыл ауруханаға жеткізілуін талап етті.
Жедел-құтқару жасағын жедел хабарландыру өткізіліп, ІІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ ұшағы құтқарушымен бірге көтерілді.
Құтқару бөлімшесі екі топпен барлау жасап, зардап шеккендерді іздестіруді жүргізді. Ұшақ әуе барлауы кезінде балықшылар табылып, қайықтың орналасу координаттары жедел түрде жердегі құтқарушылар тобына берілді және апат орнына моторлы қайық жіберілді.
Құтқарушы ұшақтан қайыққа түсіп, шұғыл дәрігерлік көмекке мұқтаж зақымданған адамды арқанға ілді. Құтқарушының өзі құтқару бөлімшесі келгенге дейін екінші балықшымен қайықта қалды. Зардап шегуші ұшақ бортына шығарылды және жедел медициналық көмек алу үшін апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне жедел түрде тасымалданды.
Осы уақытта қайыққа бір топ құтқарушы келді және тіркеп сүйреу арқылы жәбірленуші жағалауға шығарылып, жылыту пунктіне эвакуацияланды.
Құтқару және іздестіру тобының адамдарды іздеу, эвакуациялау, құтқару бойынша алдына қойылған міндеттер орындалды.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД
«Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында «Омега құрал жасау зауыты» ЖШС-ның ғимаратындағы өртті сөндіру және жою, зардап шеккендерді эвакуациялау, іздеу және шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша іс-әрекеттер пысықталды.
Тәжірибелік бөлім басталар алдында Бірінші Президент алаңы ауданында облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаевтың, Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы, генерал-майор Ж. Жұмашевтың, оқу-жаттығу штабының басшысы, облыстық ТЖД бастығының орынбасары А. Ахметжановтың қатысуымен қалалық біріктірілген шұғыл ден қою жасағын тексеру өтті.
Жаттығу барысында облыста төтенше жағдайлар туындаған жағдайда қолданылатын барлық қажетті техника мен жабдықтар көрсетілді.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 11.00-де оқу-жаттығудың тәжірибелік бөлімі басталды. Сценарий бойынша облыстық ТЖД БКДҚБ-ның «112» кезекші телефонына «Омега құрал жасайтын зауыты» ЖШС ғимаратындағы апат салдарынан жертөле орын-жайында, сондай-ақ, ғимараттың 5-қабатында өрт орын алғаны, ғимараттан шығып үлгермеген зардап шегушілер бар екені жөнінде хабарлама түсті. Сондай-ақ, ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына «Омега құрал жасайтын зауыты» ЖШС қызметкерінен өрт туралы сигнал түседі. Диспетчер жедел тәртіпте шақыру орнына бөлімшелерді жібереді.
Шақыру орнына жетісімен барлау жүргізу барысында «Омега құрал жасайтын зауыты» ЖШС 5 және 1-қабатындағы апаттың салдарынан аталған қабаттарда өрт болғаны анықталады. Объект әкімшілігінің мәліметтері бойынша қатты түтіндеу, жоғары температура және орын-жайларда (бөлмелерде) ғимараттан шығып үлгермеген қызмет көрсетуші персоналдар бар екенін анықтайды.
Барлық арнайы қызметтердің күштері қолданылған іс-шаралардың барысында төтенше жағдай жойылып, зардап шеккен жұмысшылар құтқарылып, оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
«Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының екі күндегі қорытындысы бойынша барлық алға қойған міндеттер толық көлемде орындалып, оқу-жаттығу мақсатына жетті.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*