50 қызметкер ниет білдірді

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі қызметкерлері «Қазтест» бағдарламасы бойынша сертификаттық тестілеуге қатысты.
Бұған дейін мекеменің 92 қызметкері алғашқы диагностикалық тестілеуден өткен болатын. Бұл қиын да жауапты мақсатқа жетудің бірінші баспалдағы болды. Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің 50-ден астам қызметкері жоғары білімдерін растауға және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын жүйе жөнінде сертификаттық тесттен өтуге ниет білдірді.
Бұл шараны 1-2 қарашада Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимаратында Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК жетекші-мамандары өткізді. Жүйе жөнінде арнайы бланк толтырумен өткен тестілеуді орындауға екі жарым сағат уақыт берілді. Деңгейді бағалау жүйесі халықаралық тілдік білімді бағалаудың тәжірибесіне негізделген.
Бұл күні тестке қатысушылардың көңіл күйлері көтеріңкі болды. Петропавл қаласы №3 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматттық қорғау майоры Марат Нұрғалиевтің сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді білуге арналған тесті ойдағыдай тапсыруға міндетті. Ол: «Бүгінгі күні мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау маңызды міндет. Бұл өте қажет деп есептеймін. Себебі, мемлекеттік органдарда іс жүргізу әлдеқашан мемлекеттік тілде жүргізіледі және тесттен өте алмай қалу мүмкін емес», – дейді.
Тесттің нәтижелері ҰТО мамандары қорытынды талдау жұмыстарын өткізгеннен кейін қараша айының соңында белгілі болады.

Гүлсина ҚҰСАЙЫНОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*