Ел ардақтысы едің, Жарқын аға!

Азаматтық қорғау полковнигі Жарқын Фазылов облыстық өрт сөндіру мекемесінен Төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа ауысқанға дейін жас болса да ақылдылығымен, жұмысқа деген ынталылығымен көріне білген азамат. Облыс аудандарындағы өрт сөндіру мекемесі мен төтенше жағдайлар департаментінің филиалдарындағы жұмыстарға тек қана мақсатты көзқарас танытатын.
Ата-анасының тәлім-тәрбиесін дұрыс қабылдап, оқу орнында да, жұмыс орындары басшыларының да ақыл-кеңесін ойына түйген жауапкершілігі зор азамат болды. Абырой биігінен көрініп, үлгілі ісімен, мінсіз мінезімен кейінгі талай ұрпаққа беделді болғанына куә болдық.
Төтенше жағдайлар органдарында мінсіз қызмет атқарғанына байланысты «Төтенше жағдайлар органының және ішкі істер органының құрметті ардагері» медалімен, сондай-ақ, төтенше жағдайлар жүйесін дамытуда қосқан ерекше үлесі үшін Армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің медалімен, авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңестер одағының батыры Талғат Бигелдиновтің медалімен марапатталды. «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Төтенше жағдайлар комитетінің 20 жылдығы», басшылық жұмыстарындағы мінсіз қызметтері үшін I, II дәрежелі медальдарымен, өртке қарсы органдарының 10, 15, 20 жылдықтарының медальдарымен және Төтенше жағдайлар министрінің бірнеше Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталуы – Төтенше жағдайлар департаменті мен ата-анасы үшін үлкен абырой, мерейлі биік мәртебе еді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтың, 2004 жылға дейін облыстық өрт қауіпсіздігі басқармасының басшысы болған Николай Маштаковтың, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермекқали Машановтың, Жарқын ағаны білетін тағы да басқа көптеген жолдастардың жиналыстарда, басқа да басқосуларда азаматтық қорғау полковнигі Жарқын Фазыловтың барлық жақсы қасиеттерін кейінгі жастарға үлгі, өнеге етіп айтулары – Жарқын ағаның қамқор аға, еңбекқор қызметкер болғанының бір дәлелі.
Жарқын Сайлауұлы 15 қазанда 46 жасқа толар еді. Өкінішке орай, ардақты жан өмірден ерте озды. Бірақ, ол кісі туралы жарқын естеліктер тума-туыс, дос-жарандары мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі қалып, ал оның еңбегі өскелең ұрпаққа айқын үлгі болары хақ.

Мэлс ИСКАКОВ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*