Ержүрек сүңгуір-құтқарушы

Көбімізге Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күнделікті қызметі жұмбақ болып қала береді, себебі біз төтенше жағдаймен күн сайын кезікпейміз. Алайда, әрбір құтқарушы – батыр, олар суға батқан адамдарды құтқару үшін өзен түбіне сүңгиді, апат кезінде автокөліктерді кесіп, зардап шеккендерді шығарып алады, тіпті кәріз суына құлап кеткен немесе талдан түсе алмаған жануарларға да көмек көрсетеді.
Осы күнделікті еңбек құтқарушының нағыз бейнесін сомдайды. Физикалық мықтылық пен арнайы дайындық, ержүректік аздық етеді, ең алдымен құтқарушы адамдарды қатты жақсы көруі керек. Өзгенің өмірі үшін өз өмірін құрбан етуге дайын болуы тиіс. Құтқарушыларға адамдардың қайғысын көру қиынға соғады. Ержүректігі үшін ең басты марапат – адамдардың алғысы.
Құтқарушыларда күн мен түн деген ұғым жоқ, олар әрдайым жауынгерлік дайындықта тұрады және шақырту кезінде жедел келеді.
«Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінде 67 ержүрек құтқарушы бар. Олардың бірі – Қайрат Қанатбаев. Ол 1988 жылдың 30 тамызында дүниеге келді. 2007 жылы ТЖМ Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Суда құтқару қызметі мемлекеттік мекемесіне сүңгуір-құтқарушы болып жұмысқа кірді. Сол уақыттан бастап өзінің кәсібіне адал.
Сүңгуір мамандығында адам қаншалықты ұзақ жұмыс жасаса, соншалықты денсаулығына ауыр. Өйткені, сүңгуірлер үнемі су астында жоғары қысыммен жұмыс жасайды. Оларға ауаны жеткізу үшін аз демалуға тура келетін кездер де болады. Бұл өте зиян, бұдан адам ағзасы қатты шаршайды.
Біздің батырымыз 2008 жылы Каспий теңізінде жоғалып кеткен 10 балықшыны іздестіру-құтқару жұмысына қатысты. 2009 жылғы қыркүйекте Атырау қаласында салынып жатқан Мечников-Баймұханов көпірі құлаған кезде апаттық-құтқару жұмыстарының ортасында жүрді. 2012-2015 жылдары Каспий теңізі аумағындағы жоғалып кеткен аңшылар мен балықшыларды құтқару шараларына атсалысты.
2016 жылғы наурызда Каспий теңізі жағалауындағы «Морское» кенішінен ҚР және Қытай азаматтарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары бойынша құтқару операциясына қатысты.
Сүңгуірлер үшін ең қиын уақыт – суға түсу маусымы мен сең жүру кезеңі. Қайрат та басқа құтқарушылар сияқты сәуір айынан бастап халыққа «Судағы қауіпсіздік ережелерін» үйретеді, тұрғындармен әңгімелесулер жүргізіп, үйлерді аралайды. Осы жылы да өткен оқу-жаттығуларға, көптеген құтқару операцияларына қатысып, өзінің жұмысын аса жауапкершілікпен атқарды.
«Шын мәнінде су астында жұмыс істеу өте қиын. Атырау облысында Жайық өзені лай болғандықтан, су асты дұрыс көрінбейді. Мен жұмыс істеген ең максималды тереңдік – 12 метр. 11 жыл бойы адамдарды құтқару мен суға батқандарды іздестірумен айналысып келемін. Ең алғаш рет іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде қатты қорыққаным рас. Ең қиыны – суға батып кеткен балаларды іздестіру.
2018 жылғы 19 маусымда Махамбет ауданында 2010 жылғы кішкентай бала суға батып кетті. 2 ай бойы таңғы 5-тен бастап кешкі 23:00-ге дейін су астында іздестірдік.
2014 жылы қазан айында Жылыой ауданының Қамыскөл көлінде балық аулау кезінде әкесі мен баласы батып кетті. Алдымен мұзды оямыз, содан соң, су астына сүңгиміз.
11 жыл ішінде мен 30 адамды құтқарыппын, соның ішінде 3-4-еуі кішкентай бала. Құтқарып үлгерсең, нағыз бақытты адам боласың. Сондай сәтте ең бастысы – өмір екенін түсінесің. Мысықты талдан түсірген кездеріміз де көп болған», – дейді батырымыз.
Қайрат үйленген, 3 қызы бар. Әйелі мен жұбайы әкесінің құтқарушы екенін мақтан тұтады. Өзінің адал қызметі үшін алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.

ТЖК Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*