Экономикалық байланыс беки түспек

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға Digital Bridge форумына және Astana Hub АТ-стартаптар халықаралық технопаркінің таныстырылымына қатысу үшін ресми сапармен келген Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юри Ратаспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі елдің ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту және кеңейту, сондай-ақ, экономиканың маңызды секторларын цифрландыру мәселелері талқыланды. Олардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, сауда, көлік және логистика салалары бар. «Жасыл көпір» президенттік бастамасы аясында жүзеге асырылған Жасыл технологиялар орталығының базасында және жалпы қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы, кедендік декларациялауды автоматтандыру, сондай-ақ, цифрлық экономика үшін білікті кадрларды даярлауда тәжірибемен алмасу саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды.
Бақытжан Сағынтаев қазақстандық тараптың цифрландыру саласында, әсіресе, Астанада «Экспо» аумағында халықаралық АT-университетті ашу жоспарларын ескере отырып, АТ мамандарын даярлау бойынша тәжірибе алмасуға үлкен қызығушылық танытатынын жеткізді.
Өз кезегінде Ю. Ратас форумға шақырғаны үшін алғысын білдірді, сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынастардың жоғары әлеуетін және Эстонияның одан әрі ынтымақтасуға деген ықыласын атап өтті.
Айта кетейік, 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы $21,7 млн (экспорт – $4,7 млн, импорт – $17 млн) құрады. 2005 жылдан бастап 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін Эстония Республикасынан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $70,2 млн құрады. ҚР-да эстониялық капиталы бар 70-тен астам бірлескен кәсіпорын тіркелген.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*