Барымташылармен бірігіп күрескен жөн

Мал ұрлығы өршитін кез осы күз мезгілі. Күз келісімен барымташылар төрт түлік малға қырғидай тиеді. Күні малға қарап отырған ауылдықтар үшін бағып-қаққан малдарынан бір-ақ күнде айырылып қалу ауыр соққы болатыны анық. Тұрғындарды зар жылатып төрт түліктеріне қол сұғатын баукеспе барымташыларға бүгінде тыйым болмай тұр. Өзгенің малын әкесінен қалған мұрадай көретін барымташыларға «тұсау» салатын кез келген жоқ па?!
Тоқсаныншы жылдары қиын-қыстау кездерде мал ұрлығы қатты белең алғаны естеріңізде болар. Ауылдықтар ай-күннің аманында қорада тұрған малынан айырылып, заң еңіреп қала беретін. Барымташылардың сол кезде тұрғындарды зар жылатып, соңғы бас сиырын сойып әкеткендерін де көрдік. Малдарын баукеспе ұрылардан қорғай алмай отырған ауылдықтар сол заматтан бері өз қотырларын өздері қасып келеді. Мемлекетіміз әлі күнге дейін мал ұрлығымен күресте әлсіздік танытып отырғаны былай тұрсын, ауылдықтарды ұры-қарыдан арашалай алмауда. Сенатта өткен «Мал ұрлаудың алдын алу, болдырмау жəне шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде сенатор Бектас Бекназаров осылай деді. «Ауылды жерлерде жағдай мәз емес екенін бәріміз білеміз. Екі қолға бір күрек табылмай, жұмыссыздық жайлаған. Бала-шағасын асырау үшін бір сиырын қалай екеу етсем деп жүрген ауыл тұрғындарына малдан айырылудан асқан азап жоқ. Ауылдықтардың малдарын ауыздарынан жырып әкетіп жатқан ұрылар болса бостандықта аяқтарын алшаң басып жүр. Қазақта «мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Қазіргі қолданыстағы заңның әлсіздігінен адамдар заңға сенуден қалып, кінәлілерді өз беттерінше іздеп-тауып, жазалай бастаған», – деді.
Мысалы, Жамбыл облысы, Шу ауданында адамдар бір топ ұрыны ұстап, жертөлеге қамап, ұрып-соғып жазалаған. Әлбетте, бұл заңның әлсіздігін көрсетіп отыр. Тіпті, қазіргі қолданыстағы ҚК-де мал ұрлығы бойынша қылмыстық істер ауырлығы орташа қылмыстарға жатқызылады. Оның үстіне, ҚК-де мал ұрлығына қатысты жеке бап жоқ. Бұл жағдайды одан бетер қиындатып отыр. Зардап шегуші тарап та баукеспе ұрылардың заңмен тиісті жазаланбайтынын біледі. Сондықтан қылмыскермен татуласуға, көндігуге мәжбүр. Сенатор келтірген статистикаға сүйенсек, қылмыстық істердің 25 пайызы тараптардың татуласу жолымен тоқтатылады екен. Тек зардап шегушілердің 14 пайызы сотқа жүгінеді…
«Кінәлі адамның тиісті жазаланбауы – оның қылмыс әлемінің серкесі атануына жол ашады. Себебі, ол адам жазасын алмағасын өз кінәсін сезінбейді. «Маған барлығын істеуге болады» деген сенімділік болады. Өйткені, ертеңгі күні екінші тараппен татуласуға болатынын біледі. Сонықтан мал ұрлығы жиі қайталанып, оның соңы татуластықпен аяқталып жатады. Бұндай жағдай халықтың құқық қорғау органдарына, сот органдарына ғана емес, жалпы мемлекетке сенімін төмендетеді», – деді Бектас Бекназаров. Сенатор дөңгелек үстел басына жиналған бір топ қауымға бұл мәселені жан-жақты талқылап, ел-жұрттың алдында «мемлекет тарапынан ұрлыққа қарсы осындай да осындай шаралап қолданып жатыр» деп ұялмай айтатындай мал ұрлығымен күресудің бір механизмін жасап шығаруды ұсынды. Себебі, мал ұрлығымен күрес мандымай тұр.
ІІМ дерегіне сәйкес, елімізде жыл басынан бері ұрлық қылмысына байланысты 36 мың адам ұсталған. Оның 1705-і мал ұрлығы бойынша құқық қорғау органдары құрығына түскен. Ұрлық жасағандардың шамамен 40 пайызы бұрын да осы қылмысқа барған адамдар. Яғни, 17 мыңға тарта адам бұрын да ұрлық бабымен сотталғандар. Бүгінде мал ұрлығы бойынша полиция есебінде 2,8 мың адам тұр. Жыл басынан бері ұрлық қылмысымен 3,5 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 648-і мал ұрлығына байланысты сотталған.
«Мал ұрлаудың алдын алу, болдырмау жəне шешу жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов осы мәселені шешу тетіктері туралы айтты. ТМД елдерінің тәжірибелерін алға тартқан ол: «Мәселен, көршілес Өзбекстан елінде қайталанған ұрлық қылмысы ауыр қылмыстардың санатына жатады. Тіпті, ол елде қайта ұрлық жасағандар 8 жылдан 15 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Сол сияқты көрші Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы жеке қылмыс құрамына жатады жəне бұл үшін қатал жаза қарастырылған», – деді. Оның айтуынша, қайталанған ұрлықтарға жазаны күшейту, мал ұрлығына жеке бап тағайындау – бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы.
Ұрлыққа себеп болып отырған екінші мәселе – малдың қараусыз жайылуы. Осы жылы көп жағдайда мал жайылымда жүрген жерінен ұрланған. Мал иелері жаз шықса, төрт түлкті қараусыз өріске қоя береді. «Балапанды күзде санайды» деген, ала жаздай далада жүрген малдарын қораға қамайтын шақта олардың ұрланғандығын бір-ақ біліп жатады. «Қараусыз малын жайғаны үшін мал иелеріне қатысты ешқандай заңнамалық норма қарастырылмаған. Міне, сондықтан аймақ әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы жайылымы мен ол үшін әкімшілік жауапкершілік енгізетіндей құқық беру ұсынысын бастама ретінде көтеріп отырмыз. Бұл ретте, әлбетте, малшылар керек. Мәселен, 100 ірі қараға бір малшының керегі анық», – деді министрдің орынбасары.
Ол, сондай-ақ, жол үстінде көліктердің малмен соқтығысу оқиғаларына да тоқтала кетті. Оның сөзінше, биылдыққа малды басып кету жағдайына қатысты жол-көлік оқиғалары 28 пайызға өскен. Салдарынан зардап шегетіндер 46 пайызға артқан. Әсіресе, мұндай жол-көлік оқиғалары Алматы облысында көптеп орын алады екен.
Жанат Сүлейменов мал ұрлығы қылмысын ашу полиция қызметкерлері үшін оңай соқпайтынын да сөз етті. Себебі, тұрғындар мал ұрлығы қылмысы туралы дер уақытында полицияға хабарламайды. Полицейлердің ұрланған малды іздеуге көп уақыт жоғалтатыны да сондықтан. Биылдыққа осындай 1500 факт тіркелген. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен малды іздеуге 200-ге тарта полиция, 90 техника жұмылдырылған. Бұл операция мемлекетке 9 млн теңге шығын келтіріпті. Осыған ұқсас жағдай Алматы облысының Қаратай ауданында да орын алған. Жоғалған 40 бас жылқыны іздеуге аудандық Полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылғаны өз алдына, таулы аймақ болғасын тікұшақпен іздеуге тура келген. Оның үстіне ауыл тұрғындары малдың жоғалғаны жайлы өздігімен іздеу операциясы сәтсіз аяқталғаннан кейін ғана хабарлауы жағдайды ушықтырып отыр. Айталық, биыл мал ұрлығы орын алғаннан кейін үш күннің ішінде полицияға 2200 адам хабар берген. Ұрлық орын алғаннан кейін 10 күннің ішінде 765, ал 1 ай көлемінде 545 адам хабарлаған.
Министрлік өкілінің сөзінше, мал ұрлығы басқа елдермен шектесіп жатқан облыстарда шиеленісіп тұр. Мәселен, бұл облыстарда малды табынымен айдап кету оқиғалары белең алған. Айталық, осы жылдың қыркүйек айында Қостанай облысы, Денисов ауданының Синегорск ауылында 47 бас жылқы ұрланған. Белгілі болғандай, барымташылар бір үйір жылқыны Ресейге айдап әкеткен. Осындай оқиғаларға жол беріп отыған да – елімізде барымташыларға қолданылатын жазаның осалдығы.
Барымташыларға қолданылатын жазаны күшейту керектігін баса айтқан Бектас Бекназаров: «Біз барымтамен сонау замандардан бастап күресіп келе жатқан халықпыз. Ал енді бұны осы күйінде қалдыру – біздің жұмысымыздың, əсіресе, заң шығаратын, құқық қорғау органдары жұмысының дəйексіздігін көрсетеді. Біз бұл мəселені əрі қарай созбай, нақты шешімге келейік. Егер осы бағыттағы заңнаманы мал ұрлығына кінəлі адамдардың қылмыстық жауапкершілігін күшейту жағына өзгерту керек болса, біз сондай заңнамалық шараларға да баруымыз керек», – деді өз сөзінде.
Ендеше, мал ұрлауды кәсіп еткендерге қолданылатын жаза күшейтіліп, ұрлық сап тыйылатын күн алыс емес деп сенейік.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*