Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ: Полицияның беделін көтеру үшін жұмыс істедік

Ол Елбасының арнайы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» дейтін құрметті атаққа ие болды. Иығына погон таққан ішкі істер органдарының қызметкеріне мұндай атақ беру Ішкі істер министрлігінің тарихындағы тұңғыш оқиға. Оқырман қауым үшін Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері әрі құрметті ардагері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Азаматтық қорғау бөлімінің бастығы болған ақын, сазгер, аудармашы әрі отставкадағы полиция полковнигі Сланқожа Қарақыстықтан сұхбат алған едік.
Сланқожа Жұмабайұлы, оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Өзім Алматы облысы, Шелек ауданының тумасымын. Алғаш Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда оқыдым. Одан кейін Шымкенттегі әл-Фараби атындағы мәдениет институтын бітірдім. Жамбыл облысында мәдени-ағарту училищесін тәмамдадым. Ішкі істер министрлігінің аппаратында жүргенде «Тыныштық сазы» деген фольклорлық ансамбль құрдым.
1980-жылдары Алматыда пост милиционері, одан кейін полкта взвод командирі болдым. Содан соң Алматыдағы Орта Азия мен Қазақстанға қызмет көрсететін Жасөспірімдерді тарату, бөлу бөлімшесі бастығының орынбасары болып еңбек еттім.
1991 жылы Ішкі істер министрлігінің Орталық аппаратында Кадрлар мен оқу орындары бас басқармасында жұмыс істедім. Содан кейін хатшылық басқармасында аударма бөлімінің басшылығында, 1998 жылы Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы болдым. 2001 жылы құрметті демалысқа шықтым.
Оның бер жағында Қорғаныс министрлігінде, Премьер-министрдің Кеңсесінде де еңбек еттік. «Ақжауын» камералық оркестрінің әкімгері, одан соң Еуразия ұлттық университетінде Азаматтық қорғау бөлімінің бастығы болдым. Өткен жылдан бері шығармашылық қызметпен айналысамын.
Сіздің ішкі істер саласының маманы болуыңызбен қатар, ақын-сазгер екеніңізді де білеміз. Сол туралы айтып өтсеңіз.
– Бала кезімде түсіме Абай мен Жамбыл кірді. Ештеңенің байыбына бармайтын шағым ғой, соншалықты мән бермедім. Бірақ, тақия киген, қолына кітап ұстаған Абай атам мен сақалы желбіреген Жамбыл атамды өңімде көргендей көргенім рас. Сол уақыттан бастап менің де өлеңге деген құштарлығым арта түсті. Алтыншы сыныпта қазақ әдебиетінен шығарманы өлеңмен жазатын дәрежеге жеттім. Құдай жар болып, өлең менің өмірдегі бағдаршамыма айналды. Өлең мені алдаған жоқ, қайта мен жан-жағымдағы арам ниетті адамдардан шаршағанда өлеңге мұңымды шақтым, жаныма жолдас еттім.
Ішкі істер саласында қызмет етіп қана қоймай, полицияның имиджін көтеру мақсатында бірталай шығармалар да жаздыңыз.
– 1991 жылы «Милиция туралы ән» деген туындым республикалық байқауда бас бәйгені жеңіп алды. 1995 жылы Қазақстан композиторлары арасында өткен жабық бәйгеде «Бір Бауыржан керек-ау» деген әнім бірінші орын алды. Ал 2006 жылы «Біз – Отанның сарбазы» деген әннің де сөзін өзім жаздым.
Ол кезде әскери адамдарға арналған ән жоқтың қасы болатын. «Сақшылар» деген әнім 2007 жылы республикалық конкурста топ жарды. Әнін де, сөзін де өзім жаздым. «Туған жер – алтын бесік», «Соңғы қоңырау», «Ардагерлер, азайып барасыңдар» деген әндерім бар. «Сақшылар» әнім қазір «Халықаралық полицейлер ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің гимніне айналды десем, артық айтқандық емес.
Өзіміздің ішкі істер органдарының абырой-беделін көтеру үшін қолымыздан келгенше жұмыс істедік. «Тәуелсіздік толғауы немесе қолда барда алтынның қадірі жоқ» атты поэмам «Қазақстан-Заман» газетінде, топтама өлеңдерім «Төртінші билік» деген газетте жарияланды. «Жұлдыз», «Егемен Қазақстан» сияқты республикалық журнал-газеттерде өлеңдерім жарық көріп жүр.
Өмір бойы полицияға сөз келмесін деген оймен сазгер де, ақын да, аудармашы да, дирижер де болдым. Біздің полицияның рухын кім көтермек? Әр жерде полицияны жаман жағынан көрсетпеу керек, жақсы жағынан көрсету керек деп айтып жүремін. Олар – халықтың қорғаны. Өткенде Президентіміз де тәуелсіздік алғалы бері 700-ден астам полиция қызметкері көз жұмғанын айтты емес пе? Кім үшін өмірлерін қиды? Кім үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр? Әрине, халық үшін! Соны ұмытпау керек.
Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*