Үлгі тұтар тәлімгер

Әуе немесе темір жол көлігі жолаушыларының және осы нысандардың қауіпсіздігі – еліміздің көлік полицейлерінің қадағалауы мен қамқорлығында. Бүгінгі таңда көлік полицейлері қылмысқа қарсы табанды күрес жүргізе отырып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда. Осындай маңызды да жауапты міндеттер әрбір қызметкерден талап етіледі.
Жас қызметкерлерді тәрбиелеуге, полицияның жарқын дәстүрлерін сақтап, дамытуға зор үлес қосып келе жатқан білімді де білікті тәлімгерлеріміз жетерлік.
Солардың бірі – Алматы-1 стансасындағы Полиция желілік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махмет Әбенов ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді.
Осы жылдар ішінде қажымай, талмай еңбек еткен Махмет Бақбергенұлы балалық арманына жеткендей. Себебі, ол жасөспірім кезінен милиция қызметкері болуды армандап өсті. Отбасында Махмет тұңғыш бала болғандықтан, барлық жағдайда жауапкершілікті сезіне білді, бауырларына қамқорлық жасап, отбасының нағыз сақшысы болып жетілді. Көлік полициясы қатарында қызмет еткен жылдары темір жол аумақтарында тәртіп пен заңдылықты сақтау, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу қандай абыройлы да жауапкершілігі зор міндет екеніне көз жеткізді.
1998 жылы Көліктегі Шығыс желілік бөліміне қарасты ЖПІЖБ полицейі қызметінен бастаған Махмет Бақбергенұлы 2004-2007 жылдары заңсыз көші-қонмен күрес бөлімінде қызмет етті. Кейін ЖПІЖ 2-взвод командирінен Көліктегі ІІД ЖПІЖБ кадр жұмысы бойынша рота командирінің орынбасары қызметін атқарды. 2012-2015 жылдар аралығында Қапшағай стансасындағы ЖПб бастығы қызметін атқарып, 2017 жылғы ақпан айынан Алматы-1 стансасындағы ПЖБ бастығының орынбасары лауазымында қызмет етіп келеді.
Қызметтің ыстығы мен суығына төзіп, қиындығын қатар алып жүрген ол бүгінде жас мамандарға үлгі болып, тәлімгерлік жүргізуде. Айта кететін жайт, жауапкершілік ұлғайған сайын, әрбір адам өзіне биік талап тұрғысынан қарауы тиіс. Бұл қағида басшыға да, полиция мамандығын таңдаған жас түлекке де ортақ. Өйткені, генерал болуды армандамаған солдаттың ел сенімін ақтауы екіталай.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, М. Әбенов бірталай жастарға жөн сілтеп, жол көрсетіп келеді. Расында да, парыз бен намысты биік қойған аға буын өкілдерінің ізін жалғастырушылар – бүгінгі ұрпақ.
Өзіміз білетіндей, «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде қоғамдық сананың құрамдас бөлігі ретінде азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғыртуға зор мән берілуде. Осы тұрғыда Махмет Бақбергенұлы қарауына алған әрбір қызметкерге бар біліктілігін, яғни уақытты тиімді пайдалануға, халықпен араласқанда сыпайылық танытып, өз қызметтік уәкілеттігінен аспауға, қызметте кездесетін түрлі қиыншылықтарды жеңе білуге үйретіп, өзінің ізін басушы болашақ білікті маман дайындауда талмай үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Себебі, ол қуатты Қазақстанымыздың тұтастығы жолында аянбай еңбек етіп, қызметтің үздік дәстүрлерін жалғастыру – үлкен құрмет, зор абырой деп есептейді.

Алматы-1 стансасындағы ПЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*