Еңбегі өнімді, ертеңіне сенімді

Құқық қорғау саласындағы қызметтің қаншалықты қиын да қауіпті екенін осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер жақсы біледі. Өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып, әріптестеріне сыйлы да абыройлы полицейдің өзіндік принципі бар.
«Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» демекші, бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы осыған саяды. Қызметте білікті басшы, жарына өмірлік тірек, балаларына қамқоршы бола білу де екінің бірінің қолынан келмес. Көпшілікке үлгі-өнеге болып жүрген осындай азаматтардың бірі – Түркістан облысының ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Қуашбаев.
Ол жиырма жылдан астам ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Қарағандыдағы ІІМ Заң институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші ПБ-де тергеуші болып бастаған Ғалымжан: «Тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болу керек. Себебі, қылмыс әртүрлі салада, әртүрлі бағытта орын алады. Бұған қоса, ой ұшқырлығы, ішкі түйсіктің жоғары болуы, сезімталдық қасиеттер қажет. Мұндай қасиет қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, ақиқатына тез көз жеткізу үшін керек. Кез келген адаммен тез тіл табыса білу де тергеушінің ісін алға бастырады. Себебі, әртүрлі күдікті адамдармен сөйлесуге тура келеді. Оның ішінде әйелдер, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер бар. Біз ең алдымен адамның жанын әбден біліп алуға міндеттіміз. Ал, тергеушінің түпкі тұтқасы – оның әдептілігі мен кәсібилігі.
Осы уақыт аралығында көптеген білікті тергеуші азаматтармен бірге істес болып, тәжірибе арттырдым. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, тәжірибе жинақтадым. Алдымнан түрлі санаттағы талай қылмыскер өтті. Олармен тілдескенде бірінші кезекте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты сезінесің. Өйткені, олардың көпшілігі өз қылмыстарын мойнына алғысы келмейді. Қылмысын мойнына алдыруың үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, қылмыстық істерді жүргізу кодексімен тергеу жүргізуің қажет. Осы күнге дейін өз тәжірибемде көргенім – көбісі ұрлықпен айналысқан қылмыскерлер. Соларды құрықтап, өз қылмысын мойнына алдырдым. Тергеуші тиянақты жұмыс жүргізгенде, әрбір істі терең зерттегенде ғана мақсатына жетіп, істің соңғы нүктесін қояды», – деп атап өтті.
Осылайша облыстық Ішкі істер департаментінде тергеуші, кейін Шымкент қалалық ІІБ Абай ПБ тергеу бөлімінің бастығы болып өседі. Бұл да жылдармен жиналған тәжірибенің арқасында орын алып отыр. Өз еңбегімен көтеріліп келе жатқан білікті маман елордамыз Астана қаласының ІІД Тергеу басқармасының бастығы лауазымына дейін көтеріледі.
«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, қай жерде қызмет атқарса да, артынан тек жақсы сөз ілескен Ғалымжан Қуашбаевты кәсіби қызметкер десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап, сыйлы да абыройлы басшы ретінде танылып келеді. Сол қасиеттерінің арқасында Астана қаласындағы Алматы аудандық ПБ бастығының орынбасары болып қызмет атқарады. Біраз жылдар Астана қаласында ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталықтың бастығы қызметін атқарады. «Кімде-кім жұмыс істегісі келсе, есебін табады, кімде-кім жұмыс істегісі келмесе сылтау іздейді» дегендей, есебін тауып, ел үшін қызмет етуді мақсат еткен Ғалымжан Қуашбаев Батыс Қазақстан облысы ІІД Криминалдық полиция басқарма бастығының орынбасары болып жұмыс жасайды. Өз сөзінде: «Ішкі істер саласындағы әр қызметтің өз қиындығы бар, соның ішінде күн-түн демей, қажымай еңбек ететін саланың бірі – қылмыстық іздестіру қызметі. Ұйымдасқан қылмыспен күрес жүргізуде криминалдық полицияның жұмысы маңызды орын алады. Жедел қызметкерлердің алдында азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету міндеті қойылған. Қазіргі таңда қызметі ауыр да қауіпті криминалдық полиция қызметкерлеріне қойылатын талап та зор. Қазіргі кезде ішкі істер органдарының басты бағыты – қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау, оның ішінде қылмыстарды анықтау», – дейді өзі.
Біраз тәжірибе жинақтап, туған жерге оралған ол Түркістан облысының ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы болып қызмет атқарады. Осы салада көрген-білгені мол полиция подполковнигі шеттен келіп жатқан түрлі ағымдар мен жат діни сенімдерге төтеп берудің бірден-бір жолы – жастарымыз сауатты болса, олар түрлі діни секталарға жоламасы анық дейді. Бұл ретте өзі басшылық еткен уақытта бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтуге болады. Мысалы, 2018 жылдың 10 мамыр күні Түркістан облысының ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыстың бірқатар ауданында экстремистік идеология туралы аудио және бейнежазбаларды таратқаны үшін 8 азамат ұсталды. Аталған жайт негізінде ҚК-нің «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.
Қылмыспен күрес жүргізу және қоғамдық тәртіпті сақтау – ішкі істер органдары қызметкерлерінің ең басты міндеті екені даусыз. Осындай міндетті арқалаған полиция подполковнигі Ғалымжан Саттарұлы Түркістан облысының ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы болып тағайындалды. Айтулы қызметтің ең басты міндеті – ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ, азаматтарымыздың жеке қауіпсіздігі мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл ретте қандықол қылмыскердің дер кезінде ұсталып, кез келген қылмыстың жедел ашылуына мұрындық болып жүрген қылмыстық іздестіру құрылымдары қызметкерлерінің атқаратын рөлі орасан.
Расында, әрқашан қыл¬мыс¬пен күресудің алдыңғы ше¬бінде жүрген қылмыстық із¬дестіру қызметкерлері қандай мақтау мен марапатқа болсын лайық. Осы салада өз мамандығын ерекше сүйетін әрі біліміне бі¬ліктілігі сай басшы ретінде Ғалымжан Саттарұлын қалай мақтасақ та жарасады.

Ақмаржан ЛЕСБЕКҚЫЗЫ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*