Жастарға арналған ерлік сабағы

Елбасы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынып, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын ауқымды платформа қалыптастыруды тапсырған еді.
Бұл міндет жайлы Жолдаудың «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» деп аталатын алтыншы бөлімінде айтылған. Мұнда Мемлекет басшысы: «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн», – деді. Президенттің осы бастамасы аясында ұландықтар ерлік сабақтарын өткізуді күшейтуде.
Жуырда астаналық құрама аумағында орналасқан 5570 әскери бөлімнің ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті. Шараға елордадағы №59 мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушылары шақырылды. Оқушылар қақпадан кіргеннен-ақ алаңдағы сап түзеген сарбаздарды, әскери қалашық аумағы мен нысандарын көріп, ерекше көңіл күймен қарсы алды. Мәдени орталықтың фойесіне қаз-қатар тізілген «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жауынгерлерінің қарлы қыста, далалық көкжиекте, жасыл алаңқайда киетін маскировкаланған киім үлгілерін көріп таңырқасты. Сонымен қатар, таулы аймақтарда ұйымдастырылатын жаттығу мен арнайы операцияларға арналған киім үлгісі жиынтығына кіретін реквизиттер мен қорғаныс құралдарымен егжей-тегжейлі танысты.
Құраманың акт залына жайғасып, Құрмет қарауыл ротасының бойшаң әрі сымдай тартылған сарбаздарының орындауындағы дефилені де сүйіспеншілікпен тамашалады. Өрендердің назарына әскеріміздің қарамағындағы «Жас бүркіт» бөлімшесінің құрылу тарихы мен бүгінгі қызметі жайлы деректі фильм ұсынылды.
Ұлттық ұлан Орталық музейін тамашалаған олар дүрбі, радио, дулыға сынды көне экспонаттарды қызықтап, мұражайдың әр залын аралап, суретке түсті. Спорт бұрышына келгенде саңлақ спортшымыз, марқұм Денис Теннің жеке заттары: мұз айдынында киген салтанатты костюмі мен конькиіне ұзақ қарады. Олар Мемлекет басшысының да әскери формасын, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қоғамдық-тәртіп күзеті кезінде, күнделікті қызмет барысында, офистік және салтанатты жағдайда, жаппай көтеріліс кезінде киетін киім топтамаларын зор ынтамен қызықтады. Қабырғаға ілінген әскери батырлардың бейнелеріне қарап, олардың нендей ерлік жасағанын сұрап жатты.
Шараның басты ұйымдастырушысы – 5570 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Аманжол Сүлейменовтің айтуынша, ашық есік күнінің басты мақсаты – жасөспірімдердің бойында рухани құндылықтар мен оң қасиеттерді, аға ұрпақтың тарихи сәттерде танытқан батырлық істеріне деген мақтаныш сезімін, тұлғалық әдебін қалыптастыру. Сондай-ақ, аталмыш шара жастарды елге қызмет етудің идеалымен, Ұлттық ұланның тарихымен және жауынгерлік дәстүрімен таныстыруды, олармен тәрбие жұмысын жетілдіруді және патриоттық рухтарын жануды көздеген-ді.
8 «е» сыныбының жетекшісі Гүлжан Еңсегенова: «Оқушылар әскери өмірдің тіршілігін өз көздерімен көрді. Мектеп ішіндегі шаралардан гөрі, осылай шынайы кездесу, шараның Отан қорғаушылардың өзімен өткізілгені өте әсерлі. Біз де сіздердің көмектеріңізбен мектебіміздің белсенділерінен «Жас бүркіт» клубын құрсақ деген ниеттеміз», – деді.
Ата-аналар комитетінің мүшесі, Александр Кирпичовтың анасы Наталья Петровна да: «Бүгінгі экскурсиямыз ерекше. Қазіргідей компьютер заманында балаларды интернеттен алшақтатып, зейіндерін басқа бағытқа бұруға, Отан күзеті сынды қасиетті міндетке қызықтыруға бағытталған бұл сабағымыз алдағы уақытта да жалғасын тапса дейміз. Жауынгерлердің біркелкі қимылы мен нақтылығы әдемі көрінеді екен. Балаларымыздың қуанышы мен тамсанысы жүздерінен көрініп тұр ғой. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет айтамыз», – деп әсерімен бөлісті.
Ел болғысы келген ел бесігін түзейді емес пе?! Ұлт көшбасшысының осы арнаға айрықша ден қоюы – ұлттық мүддемен, жарқын болашақпен ұштасып жатыр деп түсінеміз. Елінің тыныштығы мен тұрақтылығы үлкен жауапкершілік пен адал қызметті талап ететінін түсінген жастары бар мемлекеттің іргесі бүтін болмақ керек.

Мөлдір НӘЛІБАЕВА, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*