Күн тәртібінде – келелі мәселелер

Кеше ІІМ-де Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жемқорлықты ескертуге қатысты шаралар, полиция қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтық жағдайының проблемалық мәселелері, сондай-ақ, адам құқығын қорғау саласында ҮЕҰ мен ІІМ-нің өзара байланысы туралы қоғамдық тыңдау өткізуге әзірлік барысы талқыланды.
Отырысқа Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов, Ішкі істер органдары мен ҰҰ ардагерлерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, «Генералдар Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров төрағалық етті.
Отырысты ашқан Марат Шекішұлы: «Қоғамдық кеңестің қарауына ең негізгі екі мәселе шығарылып отыр. Біріншісі – мемлекеттік қызмет саласындағы жемқорлықты жою. Бұл турасында Елбасы мемлекеттік қызметті автоматтандыру арқылы шенеунік пен халықтың байланысқа түсуін азайтуға баса көңіл бөлуді тапсырған еді. Алдымыздағы жылы мемлекеттік қызметтің 90 пайызын электронды форматқа ауыстыру мақсаты тұр. Министрдің де ішкі істер органдары жүйесінде мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты көптеген жоба, бұйрықтары бар.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе де маңызын жойған емес. Біздің Қоғамдық кеңес полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайлары, жалақыларын өсіру, баспанамен қамту мәселелерін тиісті деңгейде көтеріп жүр. Қоғамдық кеңестің келелі мәселелерді кеңінен қаузап, туындаған сұрақтардың анық-қанығына көз жеткізуде рөлі зор орасан», – деді. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметі мәселелері жөніндегі кеңесте ішкі істер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтердің (барлығы 40 түрлі қызмет) сапасы арта түскені атап өтілді. Қызмет көрсету мерзімдері де айтарлықтай қысқарған.
Көптеген мемлекеттік қызметтер қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетіледі, ал көлікті тіркеуге қатысты қызметтер арнайы ХҚО-да жүзеге асады. Бұл қызметкерлердің тұрғындармен байланысын барынша азайтады, мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі мен сапасын бақылауды арттырады, сондай-ақ жемқорлыққа итермелейтін жағдайларды төмендетеді. ІІМ көші-қон желісі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қазірдің өзінде 8 өңірде Көші-қон қызметін көрсететін арнайы орталықтар құрылды.
Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша бірқатар іс-шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, еліміздің ішінде көлікті тексеру алынып тасталды, ұсынылатын құжаттардың тізімі қысқарды, көлікті тіркеу рәсімі мен шетелдіктерге жүргізуші куәлігін беру жеңілдетілді (бұған дейін ІІМ-нің қосымша рұқсаты талап етілетін). Сонымен қатар, қызмет көрсету мерзімі, мемлекеттік нөмірлік белгілерді дайындау уақыты қысқартылды, қолда бар нөмірлерден таңдау қызметі, жалпы білім беру мектептерінде жүргізушілер дайындау ұсынылды, тіркеу-емтихан алу бөліністерінің жұмыс режимдері ұлғайтылды және осы бағытта т.б. іс-шаралар жүзеге асырылды. Сондай-ақ, дайын нөмірлік белгілер мен көлікті тіркеу құжаттарын алу үшін арнайы ХҚО-ны таңдау немесе «Қазпошта» АҚ жеткізуші арқылы алу қызметтері қарастырылған.
Көші-қон қызметінде қызметті пайдаланушы ұсынатын құжаттарды қысқартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға және оңтайландыруға, қызмет көрсету мерзімін оңтайландыруға, мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін төмендетуге, сондай-ақ, қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасында байланысты жою бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлық себептерін жою үшін ІІМ бірқатар шара қабылдады. Бүгінде полиция Жол қозғалысы ережесінің сақталуын қашықтан бақылауға көшетін болады. Жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар пайдаланылады. Жемқорлыққа жол бермеу үшін полиция жасақтары қызмет атқару кезінде бейнетіркегіштерді пайдаланады. Өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері тексерістер мен рейдтерді үнемі жүргізеді.
Сонымен қатар, ІІМ-де «Бірыңғай сенім телефоны – 1402» жұмыс істейді. Бұл телефонға азаматтар жемқорлық фактілері туралы және ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан орын алған құқық бұзушылықтар жөнінде хабарлай алады. Министрдің блогы жұмыс істеп тұр. Онда азаматтар үйлерінде отырып-ақ өздерінің хабарламаларын жібере алады, бұл халықты толғандырған мәселелерді қарауға және оларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңестің төрағасы, профессор Марат Қоғамов өз сөзінде мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру және автоматтандыру, қажетті құжаттардың тізімі мен дайындау мерзімін қысқарту, қызмет көрсету барысында орын алуы мүмкін жемқорлық жағдайларын төмендету министрлік басшылығының айрықша бақылауында және осы саладағы ІІМ-нің жұмысы нәтижелі екенін атап өтті. Отырыстың қорытындысы бойынша ішкі істер органдарының жүйесінде сыбайлас жемқорлықты ескерту, сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық қамтамасыз етуін жақсарту туралы ұсынымдар жасалды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*