Тыныштықты сақтау – ел сеніміне ақтау

Сайрам ауданы – Түркістан облысының ең ірі аудандардың бірі. Жер көлемі 1760,4 шаршы шақырымды алып жатыр. 56 ұлттың өкілінен құрылған 250 мың адамнан астам тұрғыны бар.
Әкімшіліктің аймақтық құрылымында 11 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Аудан орталығы – Ақсукент. Ақсу өзенінің бойында орналасқан, жүз жылдан астам тарихы бар, барлық автокөлік және темір жолдар осы орталықта түйіседі.
Ауданның шығысында Машат өзені, орталығында Ақсу өзені, ал солтүстігінде Арыс өзені ағып өтеді. Сайрам ауданы облысымыздағы өндірістік-экономикалық әлеуеті жоғары аймақтардың бірінен саналады. Аудан негізінен астық, жеміс, көкөніс, жүзім, майлы дақылдар, ет-сүт өнімдерін өндірумен және сатумен айналысады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін құрылымдар кеңінен дамыған. Ауданда қуаттылығы 150 млн шартты бірлік көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар мен цехтар бар. Облыстың Оңтүстік-шығысында 1928 жылы құрылған биыл Сайрам ауданы 90 жылдығын тойлап жатыр. Осыған орай, Сайрам ауданы ПБ-не арнайы барып, аудандағы қылмыстық ахуалды біліп қайттық.
Полиция қызметінде қызығы мен шыжығы араласып жататын, уақытпен санаспай күн-түн жүріп, ел үшін қызмет етіп жүрген қызметкерлеріміз бар. Алайда, олардың қызметін бірі білсе, бірі білмес. Осы салада 25 жылдан астам тынбай абыройлы еңбек етіп жүрген Түркістан облысы Полиция департаменті Сайрам ауданы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермахан Абдрамановты әңгімеге тартқан едік.
Ермахан Абдраманов ішкі істер органдарында 1992 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Алғашқы еңбек жолын Жетісай ауданы ПБ жедел уәкіл болып бастайды. Жақсы жұмысымен көзге түскен жас маман Шымкент қаласы, Абай ПБ-нің аға жедел уәкілі қызметіне көтеріледі. Жедел ізкесушілердің барлық қыр-сырын меңгерген Ермахан Абдраманов қылмыстық іздестіру саласында біраз жылдар басшылық қызмет атқарады. 2016 жылдан бері Сайрам ауданы ІІБ бастығы болып тағайындалып, ауданның тыныштығын күзетіп келеді.
Күндізді күн демей, түнді түн демей жұмыс істеп жүрген полиция полковнигі Ермахан Абдраманов басқаратын ұжымның қажырлы еңбегі арқасында аудандағы қылмыстық ахуал тұрақтанды. Әртүрлі ұлттан құралған халқы бар Сайрам ауданын басқару оңай шаруа емес. Дей тұрғанмен, халықтың сеніміне кіріп, аудан әкімдігімен бірлесе отырып жұмыс жасап жатқанын ерекше атап өту керек.
«Жыл басынан бері бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жасаймыз. Әр ауылдық округтен қоғамдық кеңес мүшелері мен ауыл белсенділерімен кездесу өткізіп тұрамыз. Мұндай басқосуларда ауылдағы өзекті мәселелердің шешімін тауып жатамыз. Тұрғындар тарапынан арыз-шағымдарды дер кезінде шешіп, даулы мәселелердің алдын алып, ушықтырмауға тырысамыз. Сондықтан да болар, қазіргі таңда аудан аумағында қылмыстық ахуал тұрақты.
Аудан әкімдігі тарапынан толығымен қолдау тауып, екі үлкен учаскелік тірек пунктін ашып берді. Елбасымыздың Жолдауындағы цифрландыру бағыты бойынша кіші жедел басқару орталығымыз жұмыс істейді. Онда 22 бейнебақылау камерасы жұмыс жасап тұр. Солар көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол қозғалысын бақылау, ұсақ құқық бұзушылықты анықтауға өз септігін тигізуде. Сондай-ақ, тергеу саласында да жақсы көрсеткіштерге ие болып жатырмыз. Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. 2018 жылдың 5 қазанындағы Елбасы Жолдауын жеке құрам арасында талқылап, түсіндірілді. Ондағы полиция саласына ерекше тоқталып кеткені біз үшін маңызды. Мемлекет тарапынан бүгінде барлық қолдау жасалып отыр, қызметкерлердің айлығын көтеріп, автокөлік беріліп, бізден тек жұмыс істеу керек болып тұр. Еліміз үшін қызмет ету біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш екенін атап өткім келеді», – дейді полиция полковнигі Ермахан Абдраманов.
Жұмыс десе, ішкен асын жерге қоятын осындай білікті басшы, іскер полицейлеріміз барда біздің қоғамда тәртіп орнайтыны сөзсіз. «Мейлі жедел уәкіл бол немесе бастық бол, ел үшін қызмет еткен соң, сол арқылы қоғамға пайдаң тиіп жатқаныңа қанағаттанып, өз ісіңе деген сүйіспеншілігін арта түседі», – дейді ол.
Қамал бұзар қырық жастағы Ермахан Әуезұлы бүгінде отбасылы, бір үйдің отағасы. Бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады. Қарапайым халықты қылмыскерлерден қорғау үшін әрқашан шымыр да жинақы болу керектігін үнемі алға тартады. Жеке құрамды да үнемі саламатты өмір салтын ұстануға шақырып, спорттық іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Басшылық қызметте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін үлкен марапаттауларға ие болып жүр. Атап айтқанда, Ішкі істер министрі мен облыстық ПД бастығының алғыс хаттары мен грамоталарының иегері. Қылмыстық іздестіру саласына сіңірген еңбегі ескеріліп, Сайрам аудандық әкімдігі алғыс хат табыстады. «Сайрам ауданының 90 жылдығы» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, ішкі істер органдарында «Үздік қызметі үшін» медалінің иесі.
Қызметте білікті басшы, өмірде қарапайым адам, адал дос ретінде танылған Ермахан Әуезұлын қалай мақтасақ та жарап жатыр. Елбасымыз өз сөзінде: «Біз жұмыс істемейміз, біз елге қызмет етеміз» деп қадап айтқан болатын. Расымен де, құқық қорғау органдары қызметкерлері еліне адал қызмет етуі қажет. Сонда ғана халық қызметіңе оң баға береді. Ал Ермахан Әуезұлына ел сенімін ақтап, қоғам тыныштығын сақтап, халыққа қызмет ете беріңіз дегіміз келеді.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*