«Жұмабаевтың жатақханалары»

Ақын атындағы көшемен өткен сайын сырты жамау-жамау, есік-терезесі аңғал-саңғал, қабырғалары қақырап жатқан 2 қабатты жатақхана еріксіз көзге түседі. Жанынан өткен сайын дәл жолдың жиегінде алаңсыз ойнап жүрген балаларды көремін. Өйткені, жатақхананың маңында ойын алаңы тұрмақ, бос жатқан алақандай алаңқай да жоқ. Ал, Жұмабаев көшесінде көлік ағыны бір сәт толастаған емес…

«Оңтүстік-Шығыс», қарапайым халықтың арасында «Юго-Восток» деген атаумен белгілі бұл ауданда мұндай типтегі жатақханалар жетіп артылады. Бір ғана М. Жұмабаев көшесінің бойында оншақтысы бар. Әу баста кейбірінің 2-3 қабатты ғимарат, қайсыбірінің коттедж үлгісінде салынғанын сыртқы нобайынан-ақ аңғаруға болады. Бірақ, дені ұзын-сонар дәлізінің қос қапталы шағын бөлмелерге толы жатақханалар. Мұндай жатақтардың кіреберіс есігі өмірі жабылмайды, қашан көрсең арсиып ашық жатады. Өлместің күнін кешіп жүрген көп қазақтың баспанасы да осы – «Жұмабаевтың жатақханалары».
Жұмабаев көшесін бір күні жаяу жүріп өттім. Өзім жиі көретін 2-3 жатақханаға арнайы кірдім. «Бір танысым осы ауданнан бөлме іздеп жүр еді» деген сылтаумен бір жатақхананың қожайыны, енді бірінің коменданты, үшіншісінің тұрғындарын сөзге тартып көрдік.

«ОЛ ЖАҚТА ҚАБАҒАН ИТ БАР!»
Бас сұққан алғашқы жатақханам – бір көлік келіп тұмсығын тірей қалса құлайын деп тұрған қос қабатты үй. Ішке кіре бергенім сол еді нәжіс пен сасыған көктің бе, борсыған судың ба қолқаны жарған иісіне шыдай алмай қайта кері бұрылдым. Кіреберіс қабырға мен баспалдақтың ластығы сонша, баттасқан кірін жуып емес, пышақпен қырып алуға болады. Сыртқа беттегенде алқам-салқамы шығып, айқара ашық тұрған сыртқы есіктегі хабарландыруға көзім түсті. «Жатақхана бөлмелері жалға беріледі» деп телефон нөмірлері жазылған бір жапырақ қағаздың жалбыраған жыртынды қағаздарынан дым қалмапты. Соған қарағанда мұндай жерлерге де сұраныс көп болар деп түйдім…
Есіктің алдында үш ер бала жақын маңдағы дүкеннің қоқысында жатқан бос қораппен ойнап жүр. Ең кішісінің қолында – құрт, бұтында – күздің қара суығына арналмаған қысқа етек жұқа шалбар, үшеуі де жалаңбас. Жатақханаға жапсарлас салынған үш есікті тағы бір тәпене үй бар екен. Екі ортаны жалғап тұрғаны – кір жаюға деп керіп қойған айқұш-ұйқыш жіптер ғана. Ары өте бергенімде әлгі балалардың бірі: «Ол жаққа бармаңыз! Қабаған ит бар!», – деп айқай салды. Сол кезде ғана ұзындау шынжырда байлаулы тұрған итті байқадым. Абалап алдымнан шыға келді. «Бұл жерге неге ит байлап қойған?», – дедім сасқанымнан. Ойын балаларының ішіндегі ес тоқтатқаны: «Ана үйде общаганың бастығы тұрады. Балалар үйге кіріп кетпесін деп итін осылай байлап қояды», – деді. Осы сәтте жатақханадан қолында құндақтаулы сәбиі бар жас келіншек шықты…
– Сіз осында тұрасыз ба?
– Тұрам. Тұрғанда… анам осында тұрады. Соған келгем… (неге екені сенімсіздеу жауап берді).
– Жатақханада бос бөлмелер бар ма, сіз білмейсіз бе?
– Бар сияқты. Мұнда телефондар тұр ғой, соған хабарласыңыз (иегімен құлайын деп тұрған есікті меңзеді).
– Бағалары қанша екен, соны білейін деп едім…
– Әртүрлі. Бір бөлмелілер көлемдеріне қарай 25 мыңнан басталады, 40-45 мыңдықтар да бар. Ал екі бөлмелілер 60 мыңнан.
– Жуынатын бөлмелері, дәретханалары бар ма?
– Әр бөлмеде дәретхана бар. Бірақ, душы жоқ. Себебі, мұнда ыстық су жоқ.
– Сонда ыстық сусыз қалай…
– Ана жақта осы общаганың қожайыны тұрады. Солар апта сайын монша жағады. Соған баруға болады.
– Сіздер екі бөлмесінде тұрасыздар ма?
– Жоқ, бір бөлмеде, 30 мыңдықта тұрамыз. Тұрғанда… анам тұрады…
Жас келіншек ары қарай әңгімелесуге құлық таныта қоймады. Мен де қолқаламадым. Қолындағы шақалақты таза ауаға алып шыққаны көрініп тұр. Алайда, ары-бері ағылған көлік пен жақын маңдағы жер үйлердің мұржасынан шыққан көк түтіннен қайда қашып құтыларын білмегендей жол жиегінде ары-бері жүрді де қойды. Бел жазып отыратын орындық та жоқ.
Бірінші қабаты шаштараз, дүкен мен ателье, тіпті, көлік дөңгелектерін жөндейтін орынмен толып қалған келесі жатақхана Жұмабаев пен Обаған көшелерінің қиылысында еді…

«ӘЙЕЛДЕР КОМЕНДАНТ БОЛЫП ЖАРЫТПАЙДЫ…»
Үш қабатты бұл жатақхана алдыңғысына қарағанда таза, жарық, еңселілеу екен. Өзін осы жатақтың комендатымын деп таныстырған Ержан есімді қарынды жігіт ағасы құдды бір ауылдың әкімі секілді шіреніп тұр. Сөзінен түсінгенім, өзі де осында тұрады екен. «Әдетте коменданттар әйелдер болушы еді…» деген мысқыл астарлас сөзімді жақтырмай қалған ол: «Мұндай жерге әйелдер комендант болып жарытпайды. Өздері-ақ шыдамай қашып кетеді», – деді шалқая түсіп. Орысша-қазақшасын араластырып, асығыс айтқан сөзінен түсінгенім – жатақханада 15 шаршы метрлік шағын бөлмелер 35 мың теңгеден басталып, көлеміне қарай баға 40, 45, 50-ге дейін өседі. Екі бөлмелі «пәтері» – 60 мыңнан жоғары. Жарыққа жаққандарына қарай әр бөлме тұрғындары бөлек төлейді. Дәретхана мен жуынатын бөлмелері әр қабатта орналасқан. Ерлерге бөлек, әйелдердікі бөлек. Ыстық, суық суы бар. Тазалыққа жауап беретін жеке қызметкері де бар болып шықты.
– Сіз өзіңізге іздеп жүрсіз бе?
– Бір танысым өтініш айтып еді…
– Жуынатын бөлмелеріңізді көруге бола ма?
– Оның несін көресіз?! Кәдімгі душевой… кабинкаларға бөлінген. Негізі тұратын адам өзі келіп көргені дұрыс қой. Сізге ұнаған оған ұнамауы мүмкін…
– Бос бөлмелеріңіз бар ғой сонда?
– Бар. Екі бөлмеліктен біреу, бір бөлмеліктен екеу бар.
Әр нәрсені тәптіштеп сұрағанымнан жалығып кетті ме, әлде, бөлмеде тұратын өзім болмағандықтан жақтыра қоймады ма, комендант қалған сұрақтарыма жүре жауап берді де, бөлмесіне кіріп кетті.
Төменгі қабатқа қолында бір дорба қоқысы бар әйелмен бірге түстім. Осы жатақхананың тұрғыны екені желең іле салған киімінен-ақ көрініп тұр. Сыр тартып көріп едім, салдырлап бәрін өзі-ақ жайып салды. «Біздің жатақхана басқаларына қарағанда құдайға шүкір ғой. Ана қуыстағы үйлерге барып көрдің бе?! Тұру мүмкін емес. Түнге қалсаң қорқынышты, қараңғы. Мына жер рахат! Жолдың бойы. Автобустан түсе қалдың да, кіре саласың. Өзім 47-автобуста кондуктор болып жұмыс істеймін. Таңертең жұмысқа осы жақтан шыға салам. Дүкеннің қай түрі керек, бәрі жақын. Екі ұлым осы маңдағы мектепке барады. Өздері барып, өздері келеді. Оларды жетектеп жүруге уақыт та жоқ. Таңнан кешке дейін жұмыстамыз… Бөлме іздеп жүрсің бе? Бос тұрған бөлмелер бар…». Ары қарай комендант айтқан бағаларды тізбелей бастады.
– Сіздердің мұнда тұрғандарыңызға көп болды ма?
– Оны несіне сұрадың?
– Жай, жалпы жатақхана тыныш па дегенім ғой…
– Үш жылдан асып барады. Тыныш қой. Жұрт мұнда қонуға ғана келеді. Бәрі жұмыста. Шуласа сол бала-шаға шығар… Енді ойнайтын жер жоқ, оларға не дейсің?! Осы үш қабаттың ішінде бір-бірін қуып ойнайды да. Жолға шығып кетпесе болды ғой…
Қолында бір дорба қоқысы бар қазақ әйелінің сөзі мен көзінен бір нәрсені анық аңғаруға болар еді. Ол – осындай күйкі тірлікке көнтері көнбістік. Күнкөрісті күйттеген келіншектің жүзі солыңқы көрінді. Бірақ… күйкентайдың күркесіндей тар бөлмеде күнелтіп жатқан адамның еңсесі қайдан көтерілсін?!

ЖҰРТТЫҢ КҮЙТТЕГЕНІ – КҮНКӨРІС
Елордада 5 қыркүйектен бастап «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы іске қосылған болатын. Астананың әр ауданын қамтитын операция желтоқсанның 5-не дейін жалғасады. Шара шеңберінде елордалық учаскелік полиция инспекторлары 80 мыңнан астам пәтер мен 10 мыңнан астам жеке үйді аралап шыққан. Дәл осы операция барысында заңсыз жалға беріліп келген мыңнан астам пәтер анықталған. Тиісті құжатсыз үйін жалға беріп, нәпақа тауып жүргендердің қатарында «Жұмабаевтың жатақханаларының» қожайындары да бар.
«Оңтүстік-Шығыс» ауданына жауапты учаскелік полиция инспекторы Азамат Кокышевтан «Жұмабаев жатақханаларындағы» қылмыстық ахуал туралы сұрастырғанымызда полиция капитаны мұндағы жатақтарда тіркелетін құқық бұзушылықтардың дені отбасы-тұрмыстық кикілжіңнен туындайтынын айтты. «Жақында осындай бір іс бойынша тергеу-тексеру жұмыстарын аяқтап, құжаттарды сотқа жібердік. М. Жұмабаев көшесі, 33/1 мекенжайындағы жатақханада көрші екі келіншек балалары үшін жанжалдасып, ұрыс-керістің ақыры төбелеспен аяқталған. Көршілердің бір-бірімен келіспей қалуы, мас болып, тұрғындардың мазасын алу, жанжал шығару, тазалық үшін бет жыртысу – міне, бізге келіп түсетін арыз-шағымдардың дені осындай. Есіктері ашық-шашық қалатын бөлмелерге ұры да түсіп жатады. Жатақханалардың көбінде бейнебақылау камералары орнатылмағандықтан ұрлықтарды әшкерелеу қиынға түсіп жатады», – дейді полиция капитаны.
Жол жиегін ойын алаңына айналдырған балалар қауіпсіздігін алға тартқанымызда учаскелік инспектор: «Жатақхана маңын қоршауды, ойын алаңдарын салдыруды талап ету – біздің құзырымызға жатпайды. Рас, жатақтардың ешқайсысында балалар ойнайтын арнайы жер жоқ. Бірақ, өзіңіз де біліп тұрсыз ғой… Жатақханада тұратындардың 100 пайызы бөлме жалдап күнелтіп жүрген ауылдан келген қарапайым халық. Жарымжан жалақысымен отбасын асырап отырған жұмысшы жұрттың күйттегені – жеке қауіпсіздіктен бұрын, күн көру, күнелту. Біздің мақсатымыз – өзімізге тиесілі учаскеде кімдер тұрады, қайдан келді, бұрын сотталған ба, қарулары бар ма, болса тіркелген бе – осындай мәселелерді назарда ұстау, тұрғындармен профилактикалық сұхбаттар жүргізу, қандай да бір құқық бұзушылық, қылмыс тіркелсе, ақ-қарасын анықтау», – деді.
СӨЗ СОҢЫ. Астана қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының мәлімдеуінше, бір ғана «Оңтүстік-Шығыс» ауданында мұндай жатақханалардың жалпы саны 369 екен. Сәні мен салтанаты жарасқан елорданың сол жағалауындай емес, бұл жатақтарда өмір сүрудің өз заңы мен жазылмаған ережесі бар. Жұмабаевтың жатақханаларына кірсеңіз, азуын айға білеген Астананың басқа бір әлеміне енгендей боласыз…

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*