Мергендер мүлт кетпеді

Қытай Халық Республикасының астанасында халықаралық «Өткір жүз-2018» мергендер сайысы аяқталды.
Қазақстан атынан жарысқа түскен Ұлттық ұлан «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері төрт номинация нәтижесінде бейресми есеп бойынша алға қытайлық мергендерді жіберіп, екінші командалық орынға ие болды.
Әлемнің 21 елінен 100 мерген бақ сынаған жарыста Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы дәлдеп атудан күш сынасып, үздік жетістіктерге қол жеткізді. Сонымен бірге, қазақстандық мергендер «Кешенді жауынгерлік снайпинг» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. Жаттығулар таулы аймақта өтті. Онда мергендер 10 метрден 600 метрге дейінгі ара қашықтықта, жеті нүктеден тапанша мен мергендік мылтықтан оқ атты. 37 мергендік жұптан тапсырманы үздік орындаған қытайлық әскери қызметшілер болды.
Топтық снайпингте де қазақстандықтар жақсы көрсеткіштер көрсете білді. Ұлттық ұланның мергендері дыбысты тұмшалап ату, бақылау және бағыт табу, таңдаулы нысаналарды табу және таудағы алыс қашықтықта іздеу атысы жаттығуларда 3 және 5 орындарға тұрақтады.
Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағына тұтқындарды босату тапсырмасы бойынша жаттығуда тең келер қарсылас болмады. Қазақстандық команда барлық төрт жылжымалы «лаңкес-тұтқын» нысанын дәл тигізіп, үздік нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек, арнайы жасақ жауынгерлері екі оқпен екі нысанды тигізіп, «Өткір жүз» арнайы жүлдесін де жеңіп алды.
Айтып өту керек, жарысты Қытайдың Халықтық қаруланған полициясы ұйымдастырды. Оның мақсаты – әр елдің антитеррорлық күштеріне бір-бірінен үйренуге арналған тәжірибе жинақтау және қарым-қатынас платформасын құру, денгейді көтеру және достықты күшейту.
Бұдан бөлек, жарыс лаңкестікпен күрес саласында әлеуетті әрі қарай дамытуға, сондай-ақ, мергендердің жауынгерлік даярлығын және кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған. Антитеррорлық арнайы операцияның ерекшеліктерін ескере отырып, бұл жарыстар 12 пәндік төрт санаттан құралды. Оның үстіне, әртүрлі жарыстар әр жерде бір мезетте өтті.
«Өткір жүз» халықаралық жарысы Қытайдың Халықтық қаруланған полициясының халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыратын, шынайы жағдайдан айырғысыз етіп оқу-жаттығуларды өткізудің өзіндік бренді болып табылады. Екі жылда бір өтетін жарыс алғаш рет 2016 жылы Бейжіңде 15 елдің қатысуымен өткен болатын.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*