Өрт сөндірушілер қызметін бағалады

Өрт сөндірушінің жұмысы қиын әрі қауіпті. Сондықтан олардың адамдарды өрттен құтқару кезіндегі ерлігі мен көмегін көпшілік ұмытпайды. Жыл сайын төтенше жағдайлар ведомствосына Батыс Қазақстан өңірі тұрғындарының атынан алғыс білдіріп, ризашылыққа толы ақ тілектерін жаудырған хаттар толассыз келіп жатады.
Мәселен, 18 қазанда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтың атына Орал қаласының тұрғыны Надежда Соколовадан оның ауласында туындаған өрт кезінде өрт сөндіру қызметкерлерінің көрсеткен батылдығы мен жедел әрекетіне алғыс білдірген хат келіп түсті.
«2018 жылдың 17 қазанында сағат 17:00-де өрт сөндіру байланысының орталық пультінің «101» нөміріне Орал қаласы, Желаево ауылынан ауданы 90 шаршы метр екі қабатты шаруашылық құрылысы өртеніп жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Қожайыны 1957 жылы туған Н. Соколова. Өрттің себебі, шығындары мен кінәлі тұлғалар анықталуда. Өрт орнына 3 техника мен жеке құрамның 11 адамы барды. Өртті оқшаулау уақыты 17.48, жою уақыты – 18.38.
Отпен күресушілердің уақытылы және сауатты әрекет етуінің арқасында өрттен ешкім зардап шекпеді. Шаруашылық құрылысында газ баллондары да болған, олар дер кезінде салқындатылып, оттан алысқа апарылды. Әлдеқалай баллон жарылған жағдайда одан келетін залал да көп болуы мүмкін еді.
– Жігіттер тез, ұйымдаса қимылдап, оттың үйге жайылуына жол бермеді. Өртті тез сөндіріп, сауатты әрекет етті. Мен Орал қаласындағы Өрт сөндіру қызметінің осылай жақсы жұмыс істейтініне алғысымды білдіремін, – дейді өз хатында Н. Соколова.
Өрт сөндіруші мамандығы зардап шеккендерге уақытында көмекке келу үшін батылдықты, шешім қабылдағыштықты, ержүректілікті, дене және моральдық дайындықты талап етеді.
Өрт жағдайы, оның салдары оңай емес, өрт бола қалған жағдайда өрт сөндірушілер басқаларды құтқара отырып, өз өмірлерін қатерге тігеді. Сондықтан да көп болып өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауымыз керек.

Ж. ҚҰСАЙЫНОВ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*