Адам саудасымен бірлескен күрес

Кеше Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовтің төрағалығымен Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 35-отырысы өтті.
Шараға мүдделі мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Комиссия отырысын ашқан Жанат Сүлейменов күн тәртібіне шығарылған мәселелерге тоқталды. Бірінші мәселе – Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ғаламдық қатерлерге қарсы күрес жөніндегі аймақтық хаб шеңберінде адам саудасына қарсы күрес жөніндегі симуляциялық тренинг нәтижелері; екінші – «Интернет желілерінде алдау-арбауға қарсы тұру арқылы адам саудасымен күресу» бірлескен жобасын іске асыру; үшінші – шетелдерде адам саудасының құрбаны болған Қазақстан Республикасының азаматтарына көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан істер; төртінші – адам саудасы құрбандарының құқығын қорғау. Осы тақырыптар төңірегінде комиссия отырысына қатысқан мамандар баяндама жасады.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар адам саудасына қарсы күрес бағытында бірлескен іс-шаралар өткізу туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, кәсібилікті шыңдау курстарын ұйымдастыру, ақпараттық компанияларға таратылатын материал дайындау және Үкіметтің адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және қарсы күресу бойынша 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде жобаларды іске асыру.
Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет Бек ИМЕКЕШЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*