Түнеу орны жұмысын бастады

Петропавлда тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған түнеу орны өз жұмысын бастады.
Қыстың алғашқы суық күндері келісімен полицейлер тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау, баспанасыз жүрген адамдармен байланысты үсік шалу фактілерінің және басқа да оқиғалардың алдын алу мен болдырмау бойынша жұмысты күшейтті.
Петропавл қаласының ПБ қабылдау-тарату орнының қызметкерлері тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау бойынша рейдтер жүргізеді. Баспанасыз жандар жиі жиналатын жерлер: құдықтар, жылу трассалары, қараусыз қалған ғимараттарды тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде Петропавлда тұрақты мекенжайы жоқ 196 адам бар, оның 71-і әйел адам. Полицейлер оларды қабылдау-тарату орнына жеткізеді, дактилоскопия жасайды, қылмыстарға қатыстылығын тексереді.
«Тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында қала аумағында күн сайын тексерістер жүргізіледі. Негізгі мақсат – баспанасыз жүрген адамдарды анықтау, олардың жеке тұлғасын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастыру, іздеудегі адамдармен, із-түзсіз жоғалғандармен сәйкестендіру, сондай-ақ, жасалған қылмыстарға қатыстылығын тексеру және кейін тиісті органдар мен мекемелерге тапсыру», – деді Петропавл қаласының ПБ қабылдау-тарату орнының бастығы Руслан Әлібаев.
Сонымен қатар, полицейлер қала тұрғындарына үй-күйсіз жүрген жандар мазалаған жағдайда, петропавлдықтар қабылдау-тарату орнына жүгінуге немесе 52-92-99 телефон нөміріне хабарласуға болатындығын естеріне салады. Рейд барысында полицейлер тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды қайыршылықпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылатындары туралы ескертті.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*