Академиядағы келелі кездесу

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Асылбек Смағұлов пен Василий Олейников және «Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаевтың қатысуымен Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру үшін ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттары және курсанттарымен кездесу өтті.
Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов Қостанай облысына Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының қағидаларын, бағыттарын, маңыздылығын толықтай түсіндіру бағытында келген Мәжіліс депутаттарын, Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарын профессорлық-оқытушылар құрамына, магистранттар мен курсанттарға таныстырды.
Алғашқы сөз кезегі «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаевқа берілді.
– Депутаттар Қостанай облысына құқық қорғау қызметкерлеріне, облыстық соттың сот төрешілеріне, сонымен қатар, Әділет департаменті қызметкерлеріне Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бағытында келіп отыр. Бүгінгі таңда Жолдауды түсіндіру бағытында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп, медиа жоспары бекітілді. Жолдауды одан әрі жүзеге асыру бағытында бұқаралық ақпарат құралдарында, баспа басылымдарында мақалалар жарияланып, теледидардан тікелей сөз сөйлеп, бірталай жиналыстар жүргізіліп, жан-жақты оңтайлы жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір бірінші кезектегі мақсат – облыстағы әр адамға Жолдаудың мағынасын, бағыттары мен қағидаларын түсіндіру, – дей келіп, Мемлекет басшысының Жолдауындағы әр адамның әл-ауқатын жақсарту, өмір сүру деңгейін арттыру, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі жағдайларына тоқталды.
Келесі сөз кезегі Василий Олейниковке берілді.
– Біз, депутаттар, биыл Елбасы Жолдауын Ақордада тыңдадық. Жолдауды жетілдіру мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылды. Жолдауда құқық қорғау органдарына тоқталды, ондағы штаттық санды оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту, полицейлердің жалақысын көбейту, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешу мәселесі көтерілді, – деп, академия арқылы білікті де кәсіби маман кадрларды даярлау маңыздылығын тілге тиек етті.
Одан әрі депутат Асылбек Смағұлов:
– Біздің Елбасымыздың Жолдауында халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірталай мақсат қойылды. Полиция органдарының атқарып отырған қызметі мен рөліне тоқталып өтті. Заман талабына сай, ПО қызметін жетілдіру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік оқу орындарының тиімділігіне, сапасының көтерілуіне, оқу бітірісімен жұмыспен қамтамасыз ету жағдайларына тоқталып өтті. Сіздерге келсек, оқу орнында киім-кешекпен, ал оқу бітірісімен жұмыс орнымен 100 пайыз қамтамасыз етілген жандарсыздар. Бұл да мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек, – деді.
Кездесу барысында оқу ордасының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен курсанттар сұрақтар қойды. Оның ішінде еліміздегі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша құқық қорғау қызметкерлері үшін қандай жеңілдіктер болатындығы туралы да сұрақтар жолданды.
Кездесу соңында полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов:
– Полиция органдарының қызметкері ең алдымен білімді, кәсіби маман, адамгершілігі мол, берген антына адал, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өз елінің патриоты, абыройы болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 16 шілдеде біздің академияға келіп, «Қостанайдағы тұңғыш Жоғары милиция мектебіне, оның шәкірттеріне Отанына адал қызмет етуін тілеймін» деп қалдырған тарихи жазбасы білім ордасының ұранына айналды. Бүгінде академия курсанттары, болашақ тәртіп сақшылары білім ордасында оқып жүріп, өздерінің білімдерімен, халықаралық конференцияларға, жиындарға қатысып, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып келеді, – деді.

О. УАҚПАЕВА, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*