Жолдау жан-жақты түсіндірілді

Өткен аптада Ішкі істер министрлігінде «Нұр Отан» партиясы Астана филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ерлан Ахмеди Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын Орталық Аппарат қызметкерлеріне түсіндірді.
Ерлан Ерікұлы Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауындағы басым бағыттар мен өзекті мәселелерге тоқталды. «Негізгі салалардың бірі – мемлекеттік қызмет. Бұл бағыттағы реформалар 2015 жылдан басталған болатын. Осы жылы Астана қаласының әкімдігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, Әділет министрлігінде басқа мекемелерге мысал болатындай реформа жүргізілген еді. Биыл да Елбасы өз Жолдауында қызметкерлердің штатын қысқарту арқылы жалақыларын көбейтуді тапсырды. Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап басқа да әкімдіктерде, министрліктерде осы тәжірибені енгізуді тапсырды.
Елбасы, сондай-ақ, өз Жолдауында полиция қызметінің жұмысына нақты тоқталды. Әрине, халықтың полицияға деген пікірі бірдей емес. Әртүрлі ойлар, әртүрлі пікірлер бар. Ел-жұрттың көбіне осы саланы сынағанды жақсы көретінін байқап жүрміз. Әсіресе, әлеуметтік желілерде түймедей нәрседен, түйедей нәрсе жасайды. Біріншіден, полиция қызметкерлерін тек сынай беру дұрыс емес. Олардың арасында адамдардың өміріне араша болған, қиын жағдайда көмекке келген, өзгенің өмірі үшін өз өмірін қиған бүгінгі күннің батырлары жоқ емес. Соны ұмытпау керек», – деді Ерлан Ахмеди.
Ол өз сөзінде, сондай-ақ, бүгінде сақшыларда бар жағдай жасалмай отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, төмен жалақы, баспана мәселесі шешілмегеніне қарамастан, құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштық сапында жүрген сақшылардың үлгі етерлік ерлік істері көп. Қазір бұл сала ғана емес, барлық салада модернизация жүріп жатыр. Соны ескере отырып Елбасы нақты тапсырма берген болатын. Ерлан Ерікұлы Жолдауды түсіндіру барысында полицияның жаңа моделі қандай болу керектігі жайлы да әңгімеледі.
«2013 жылы АҚШ-та болғанда таңғалғаным, Нью-Йоркте туристердің полиция қызметкерлерімен фотоға түсуі үрдіс алған. Қазақстаннан келген мен үшін бұл тансық еді. Екіншіден, өзім тоқтаған штатты аралаймын деп адасып кеткенде полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Сонда оларға қалтамда 5 доллар барын айтып, тоқтаған қонақ үйіме жеткізіп тастауларын сұрадым. Тілді шамалы білемін. Баратын жерімде бірдеңе қылып түсіндірдім. Апарып тастағандарында 5 долларды ұсынғанымда олар алған жоқ. «Бұл біздің тікелей міндетіміз – халыққа қиын жағдайларда көмектесу», – деп жауап берді. Міне, Елбасының үнемі айтып жүргені де – осы. Полиция қызметкерлері халыққа қорған, дос, қалқан болуы тиіс», – деді ол.
ІІМ Орталық аппарат қызметкерлері Жолдауды жіктеп түсіндірген «Нұр Отан» партиясының өкіліне алғыстарын білдірді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*