Аға буынның айтары көп

Елбасы Жолдауын көпшілікке түсіндіру жұмыстарына аға буын тәртіп сақшылары да атсалысуда.
Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың жаңаша бағыттарын баса айтты. Бұл полиция жұмысына оң және сапалы өзгерістер әкелері сөзсіз.
Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында уақытпен санаспай, күні-түні дамылсыз еңбек ететін тәртіп сақшыларына әлеуметтік қолдау жасауды одан әрі жақсарту мақсатында көп іс қолға алынбақ. Бұл өте құптарлық жайт. Жолдау ішкі істер органдарының қызметін жаңғыртуға, полицейлердің жұмысын жақсартуға арналған.
«Жолдауда айтылған бағыттардың бәрі халықтың, қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Елбасы өз Жолдауында «Тәуелсіздік жылдарында 770 полицейдің қызмет бабында қаза тапқанын көбіңіз білмейсіздер. Полиция адамның көмекшісіне айналуы тиіс», – деп атап көрсетті. Ақтөбе облысында да тәуелсіздік жылдарында азаматтардың бостандығы мен тыныштығы жолында жанын пида еткендер саны біраз.
Біздің өңірде құқық қорғау саласында оң жетістіктер бар. Өңірдегі криминогендік ахуал жақсарды. Полиция жұмысының жақсаруына жергілікті атқарушы билік те қолдау танытып отыр. Біздің өңірде ардагерлер жастарға қамқорлық жасап, зейнетте болса да тәлімгерлік жұмыстарына атсалысады. Мәселен, қаладағы учаскелік полицейлерге, бөлімшелерге барып, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп, тұрғындардың талап-өтініштеріне құлақ асамыз. Жас та болса өз ісіне адал берілген, мұқият жауапкершілікпен, әсіресе қызметкерлердің кәсіби сапасын көтеру мен әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуы өте маңызды деп ойлаймын», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин.
Ақтөбе облыстық ІІД-нің ардагерлері қала мен облыс көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Олар Елбасы Жолдауын насихаттауға арналған облыстық үгіт-насихат тобының құрамында Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандары тұрғындарымен кездесулерге қатысып, ел игілігі жолындағы жаңа бастамаларды нақты қолдап, оны іске асыруға мейлінше үлес қосуда.
Еліміз үшін ең маңызды құжаттың іске асырылуы бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*